Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2017

Етікші граф немесе Толстойдың ХІІІ томы

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өмірінің соңғы кездері Лев Толстой жазушылықтан гөрі қарапайым тұрмыстық жұмыс­тарды ерекше бағалай бастапты.

Етікші граф немесе Толстойдың ХІІІ томы

Ғұмы­рының жартысынан көбін жазуға арнаған граф одан гөрі етік тігу мағыналырақ деп есептеп, 1884 жылы Ясная Полянадан Мәс­кеудегі қыстауына келген кез­ден бастап сондағы шеберден етік тігуді үйрене бастайды. Дүниеде ештеңеге кіріптар болмаған жазушының мұндай әрекеті айналасындағылардың бәрін таңғалдырған. Жазушының ұлы Ильяның естелігінде «шәкірт» әкесінің шеберден сабақ алған кезінде әр жаңа нәрсені үйренген сайын балаша қуанғанын жазады. Софья Андреевна әпкесіне жазған хатында күйеуінің кебіс тігіп әкелгенін, оның онша сәтті шықпағанын айтқан. 

Әрине жазушы, әрі граф, ойшыл Толстой етік тігу өнерін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырып, кәсіп ететін ойы болмаған. Өзі үшін тігіп, содан жан рахатын тапқан. Дегенмен графтың қолынан шыққан етікті кию бақыты жақындарына да бұйырыпты. Күйеу баласы М.Су­хотинге етік, ақын А.Фетке бә­теңке тігіп берген. Сухотин етік­ті екі күн киіп, ыңғайсыз бол­ған­дықтан жазушының он екі том­дық шығармалар жинағының қа­сына: «Граф Л.Н.Толстойдың соңғы туындысы» немесе «13 том» деген жазумен қойған екен. Оны көрген Толстой: «Ендеше бұл менің ең жақ­сы туындым» деген. Ал Фет болса, бәтеңкенің сапасы мен шебер тігілгенін мақтап, ұзақ уақыт киіп жүрген екен. Тіпті 1885 жылдың 15 қаңтарында айғақ хат та жазыпты. 

Онда: «Бұл қағаз менің тапсырысыммен «Соғыс және бейбітшілік» романының авторы граф Л.Н.Тол­стой тігіп берген бәтеңкені киіп жүргенімді растайды. Етікті мен 8 қаңтар күні алдым, граф еңбегі үшін 6 рубль алды. Бұл айтқанымды қолым­мен және мөріммен растаймын» деп жазылған екен. Етік тігу Толстойдың мезеттік қана қы­зығушылығы болмаған. 1891 жылы Софья Андреевна күнделігінде граф­тың өзіне аяқ киім тігіп алға­нын жазғаны бар.

Кемеңгер жазушының бұл әрекеті қалың оқырманын әлі күнге таңғалдырып, түпсіз ойға жетелеп келеді.

Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»