Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Жер қорларын ұтымды пайдалану маңызды

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханада Парламент Мәжілісі Аграрлық комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда жер заңнамасына қатысты өзекті жайттар қаралып, талқыланды.

Жер қорларын ұтымды пайдалану маңызды

Мәжіліс депутаттарының, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыс­тары агроқұрылым басшыларының, мемлекеттік органдар жетекшілерінің, қоғам­дық ұйымдар өкілдерінің қаты­суымен ұйымдастырылған алқалы бас­қосуды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ашып, күн тәртібіне ұсынылған мәселенің өзектілігін, ауылшаруашылық жерлері мен қорларын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. 

Агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүргендер озық технологиялардың артықшылықтарын жақсы сезінуі керек. Бұл салаға Үкімет жүйелі қолдаулар мен жеңілдіктер көрсетіп келеді. Жер – басты байлығымыз, асыраушымыз, сондықтан жүктелген міндетті абыроймен атқару бәріміз үшін басты парыз саналуы тиіс, деді Құмар Іргебайұлы. Биылғы егін орағы ұйымшылдықпен атқарылып, гектар берекелігі 17 центнерден айналуда. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 44 млрд теңге субсидия берілген. Келесі жылы майлы дақылдар көлемін 1 миллион гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. 

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев Жер реформалары жөніндегі комиссияның атқарған жұмыстары мен Парламент қарауына ұсынылған заңнамалық ак­ті­лерге енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар жайлы баяндап берді. 

Бұдан былай ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді қорғауға алу мен жалға алушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, жер беру, конкурс өткізу шарттары қатаңдатылады. Ұтымды пайдаланылмайтын жер телімдерін түгендеу, жердің тозуына қарсы ықпалды жандандыру, тұрғындарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болады, деді ол. 

Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Оспанов, Сергей Звольский жобаға 250-дей түзетулер енгізілгенін, ұсыныс-тілектердің 90 пайыздайы ескерілгенін жеткізді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қазіргі қолданылып жүрген жер заңнамалары аясында атқа­рылып жатқан іс-шараларды ортаға салды. Ауылшаруашылық мақ­сатындағы жерлердің 16 пайызы шаруа және фермерлік қожалықтарға, 55 пайызы серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарға тиесілі. Алайда олардың арасында жер күтіміне салғырт қарайтындар да жоқ емес. Соңғы үш жылда 1 миллион 30 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 383 мың гектары – жыртылған жерлер. Биыл 116 мың гектар жердің қорғаусыз қалғаны анықталған. 117 агроқұрылым егіншілік мәдениетін жетілдіру, ауыспалы егіс жүйесін қалыптастыру ісімен мүлдем айналыспайды. 

Мәселен, «Агрофирма Виноградовка» ЖШС гектар басы 5 центнерден өнім жинауды көп жыл бойы қанағат етіп келген. А.Сапаров бір заңды тұлғаға берілетін жер көлемін 50 мың гектардан асырмау, құрылтайшының сол өңірде тұру тиістілігін алға тартып, екі жыл бойы мақсатты негізде пайдаланылмаған жерлерді кері қайтару қажеттігін, ол үшін Жер кодексінің 92-бабына өзгеріс енгізуді ұсынды.

Қостанайлықтар мен ақмола­лық­тардың жерді жалға беру шартын бір­жақты үзу туралы ұсынысы қолдау тапты. Өйткені бұл бағытта орын алған олқы­лық­тарды жою тым ұзаққа созылып кетіп жүр. Көшпелі отырыста елді мекендер маңайында жайылымдық жерлердің тарлығына, басқа шаруашылыққа ауысқан адамдардың тиесілі пайларын алудың машақатына байланысты нақты шешімдер қабылданатыны айтылды.

Депутаттар «Базис Қызылжар», «Пе­тер­фельд Агро», «Алекри» серіктес­тіктерінде болып, озық технологиялармен, жергілікті тәжірибелермен таныс­ты. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы