Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2017

Ақтөбеде республикалық «Туған жер» форумы өтті

753 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, оның барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да өткен «Туған жер» респуб­ликалық жерлестер форумына қатысты. 

Ақтөбеде республикалық «Туған жер» форумы өтті

Форумға Парламент депутат­тары, мемлекеттік орган­дар­дың жетекшілері, қоғам қай­раткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, әйгілі спортшылар, әлемнің 20 елінде тұрып жатқан ақтөбелік жерлестер қатысты.

Г.Әбдіқалықова форумға қаты­су­шыларға арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тық­тау сөзін оқып берді. Онда «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылып жатқан айрық­ша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер» жобасы екені ай­тылған. Жалпыұлттық пат­риотизм қағидаттарына негіз­делген «Туған жер» бағдар­лама­­сы осындай шараларды жүйе­лен­діріп, ортақ игілікке айнал­дыруды көздейді.

«Қазақстан қастерлі Тәуелсіз­дігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады. Менің бағдарламалық мақалам­ның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды. «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер». Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де жүрегінің төрінде. 

Біздің әрқайсымыз туған өлке­мізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасай­мыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұла­са­ды. Туған жерге қамқор­лық Туған елге жанашырлықпен аста­сады. Жалпыұлттық патрио­тизм­нің өзегі іспетті «Туған жер» бағ­дар­ламасы осын­дай ізгі ниеттер мен шара­лар­ды жүйе­леп, ортақ игілікке айнал­дыруды көздейді.

Форумға еліміздің бар­лық өңірлерімен қатар, 20 мем­ле­кет­те­ тұрып жатқан ақтөбелік­тер­дің­ арнайы келуі – біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы пат­риоттық сезімдері­мізді ай­шық­­тай түседі. Бүгін Ақтөбе­ден бастау алған игі шара еліміз­дің басқа өңірлерінде жалға­сын табарына сенімдімін.  Сіз­дер шынайы патриотизм – «Мәңгілік Елдің» мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізу­леріңізді тілеймін! 

Сүйікті Қазақстанымыз гүл­дене берсін! Мерейіміз асып, бірлі­гіміз таси берсін! Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!» – делінген Президенттің құттықтауында.

Ал Мемлекеттік хатшы өзінің сөзін­де саясат пен экономика­дағы ауқым­ды өзгерістердің өзегі – қоғам­дық сананы жедел жетіл­­діретін «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жоба­сы екеніне тоқталып өтті. Бүгін­де елімізде осы мақсатқа жету үшін 6 бірегей жоба жүзе­г­е асы­ры­луда. Соның бірі – жалпы­ұлт­тық патрио­тизмнің маңызды тірегі­­не айналған «Туған жер» бағдарламасы.

Жалпы, Физика ғылымының заңды­лық­тарына сүйенсек, дөңге­лен­ген дүниеде орын алатын әр­түр­лі тартылыс күштерінің қа­лай пайда болатындығы жөнін­дегі сан алуан мысалдарға кезі­геміз. Бүгінгі орта және аға буын ұрпақ­тың санасында әсі­ресе жердің тар­ты­лыс күші жө­нінде айтылған де­рек­тер ұмы­тыл­мастай сақталып қал­ғанына да күмән келтіру қиын. Жер жер ғой. Әйтсе де осы жұмыр жер­дің бетінде туған өлке мен ту­ған топыраққа деген тартылыс кү­шіне тең келетін бірде-бір құді­рет-күш жоқ екеніне бәс тіге аламыз. 

Өз елінде, туған топырағында жүр­генде адам оның қадір-қасиетін терең түсініп, қажетті деңгейде бағалай біл­меуі де мүмкін. Әрине бұл үшін ешкімді айыптауға да, ғайбаттауға да бол­майды, туған жерге деген іңкәр­лік сезім мен перзенттік парыз, аңсау мен сағыныш одан жыраққа кет­кен кезде көбірек көрініс беретіні дәлел­деуді қажет етпейді. Осынау заманда өмірдің болжаусыз бұралаңы мен қал­тарыстарында кім қайда кетпей жатыр, кімнің қай елге жолы түспей жатыр? Оларды ең алдымен сағыныш сезімі туған топыраққа қарай жетелеп, тарта түсетіні жаратылыстың жазылмаған заңы емей, немене?

Осы орайда еліміздегі іргелі өңір­лер­дің бірі Ақтөбеден жан-жаққа ша­шырап, тарап кеткен жерлес­теріміз жүздеп, мыңдап саналады. Рес­публикамыздың аймақтарын айтпа­ғанда, олардың берісі кешегі кеңестік кеңістіктің аумағынан келсе, әрісі әлемнің әр шалғайынан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ұлыбританиядан, Түркия мен Моңғолиядан, АҚШ пен Германиядан, Малайзия мен Оңтүстік Ко­реядан, Египет пен Қытайдан сағы­ныш жетегінде келіп, туған жердің топырағына табандары тигенде көз жастарына ерік бергеніне куә болдық.

Әрине мұның үлкен мәні бар. Сөз­бен айтып жеткізе алмас сыры бар. Гәп мынада. Биыл Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл өңірдің өсіп-өркендеуі мен дамуын­дағы айшықты асу, бедерлі белес. Әрі мұның өзі Ақтөбе сонау 1932 жылы республикамызда құрылған ең алғашқы облыстардың бірі екенін көр­сетеді. Биылғы жылдың басында осы дара датаны «Ақтөбе – құтты ме­кен» деген атаумен атап өтіп, оған бір кезде осы өңірде туып-өсіп, кейін әртүрлі жағдайлармен өзге өңірлерге қоныс аударып кеткен елдің елеулі ұл-қыздарын шақыру шаралары белгіленген болатын. Сөйтіп жүргенде 2017 жылдың 12 сәуірінде баспасөз беттерінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі кең тынысты, кемел ойлы мақаласы жария­ланды. Осы ойлы дүниені мемле­кеті­мізді ру­хани тұрғыдан жаңғырту­дың кең ау­қымды бағдарламасы десе де артық­тық етпейді. Бір сөзбен айтқанда, бола­шаққа бағдар жөніндегі Мемлекет басшысының мақаласы тұтас бір аса ауқымды жоба рөлін атқара білген. 

Осы рухани жаңғыру аясында Елбасы өңірлердегі атқарушы орган­дарға «Туған жер» бағдарламасын қол­ға алуды тапсырды. Міне, осы бағдар­лама Ақтөбе облысында биылғы жыл­дың басында «Ақтөбе – құтты мекен» атты атаумен белгіленген облыстың 85 жылдығы шеңберіндегі ақтөбелік жер­лестер форумының мәні мен маңызын одан әрі тереңдете түсті. Яғни 2017 жылдың 12 сәуірінен бас­тап, «Ақтөбе – құтты мекен» іс-шара­сы мүлдем жаңаша сипат алды. Оның Мемлекет басшысы белгілеп берген «Туған жер» бағдарламасымен үн­дестігі әрі тұтастығы ескеріліп, о бас­тағы «Ақтөбе – құтты мекен» бағ­дар­­ламасы іргесін кеңейтіп, елімізде тұңғыш рет өткізілетін «Туған жер» республикалық форумына айналды. 

Бір сөзбен айтқанда, рухани жаң­ғыру жөніндегі Президент тұжырым­дары туған жерін қастерлей білетін ақтөбе­лік­терге жаңа серпін берді. Бұдан олар ойына ой, жігеріне жігер қосып, «Туған жер» бағдарламасында қойыл­ған мін­деттер бойынша жаңа ізденістер мен талпыныстарға құлаш ұра бас­тады. Сөйтіп арада тағы да 4-5 ай өткен кезде мұнда «Туған жер» бағ­дар­ламасын іске асырудың барлық тетіктері іске қосылды деп сеніммен айта аламыз. Туған жерге көшелі көз­қарас тұрғысынан келіп, оның көркеюі мен гүлденуіне қол соза білу, бір күн­нің немесе бір айдың ісі емес, осы орай­да өңірде бүгінгі күні туған жерді тұ­ғырландыра түсу жөнінде сөз тыйылып, нақты істер мен қадамдар қолға алынған. Сонымен бірге Елбасы бел­гілеп берген «Туған жер» бағдар­ламасы бойынша базалық бағ­дар­лама байыпталған. Қазір Ақтөбе­де әзір­ленген осы жарқын жобалар өзге өңір­лер өнеге аларлықтай дең­гейге жет­кені де таласы жоқ мәселе. 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің сөзінде соңғы жылдары атқарылған өңірдегі өрелі өзгерістерге тоқтала келіп, эконо­микалық өсім жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті. «Бұл жағдай өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне де жол ашты. Мемлекет бас­шысы келешек ұрпаққа жан-жақты дамыған қарышты Қазақстан қалдыру керектігін ұдайы ұғындырып келеді. Осы ұлы міндетті іске асыруға үлес қосу бәріміздің ортақ парызымыз. Бұған жетудің басты қағидатының бірі туған жерге деген сүйіспеншілік, оның өсіп-өркендеуіне қызмет жасау. Бүгінгі форумды өткізудегі басты мақсатымыз да осы» деп түйіндеді өз сөзін өңір басшысы. 

Егер нақты деректер келтіре кетсек, биыл өңірде артық-кемі жоқ 555 жоба іске асырылып, оған миллиардтаған теңге қаражат жұмсалған болса, осы қомақты соманың негізгі салмағын көтергендер – өңірге жанашыр азаматтар, мұндағы орта және ірі бизнес өкілдері. Айталық, Ақтөбе қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгеріп, мұнда еліміздің бірде-бір өңірінде кездеспейтін айрықша архитектуралық ансамбльдер бой түзеген болса, бұған қомақты қаржы қосқандар да осы елдің төл перзенттері. Агломерациялық аймақ орталығында тек биылғы жылдың өзінде шығармашылық академия мен өнер, офтальмология және «Мейірім» әлеуметтік-бейімдеу орталықтары, жекпе-жек және мұз сарайлары, хоккей модулі, денсаулық саяжайы және Жұбановтар әлемі музей үйі, қалалық жедел жәрдем стансасы секілді тамаша нысандар тұрғызылды. Облыстың тарихи-өлкетану мұражайының ғажайып ғимараты салынды. Форум кезінде Ақтөбенің ажарын одан әрі аша түскен осы қайталанбас сәулет туындыларының ел игілігіне пайдаланылуы үшін қомақты қаражат аударған Исламбек Салжанов, Всеволод Щегельский, Кеңес Рақышев, Қайрат Майтеков секілді өңірдегі меценат азаматтардың есімдері ілтипатпен аталды. Олардың алды өңірдің одан әрі дамуына миллиард теңгеден астам қаражат ұсынса, соңы 260 миллион теңгені туған жердің түлеуі үшін төлеген. Мұндай жомарттықтың арғы астарында туған жерге деген терең жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімі, ел мен жерге адал қызмет жасау ұстанымы тұрғаны талассыз. 

Түйіп айтқанда, Ақтөбеде өткі­зілген «Туған жер» форумынан алар тағылымның бірі – өңірде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсіне білген оның сайдың тасындай өкілдерінің көбейіп келе жатқаны. Бір кезде жас мемлекетіміз шағын және орташа бизнестің өркендеуіне барлық қолайлы жағдайларды туғыза білген болса, енді оның өкілдері сол қамқорлыққа сәйкес, тиісті қайтарым бере бастағаны да Ақтөбе форумының басты олжасының бірі болмақ. 

Өскен өңірде халықаралық дең­гейдегі «Туған жер» форумын өткі­зу­дегі басты мақсаттың бірі инвестиция тарту болғаны да жасырын емес. Бұл тұрғыда әлемнің 20-дан астам елінен бас қосқан Ақтөбе аймағында кіндік қаны тамғандар туып-өскен жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуға әзір екендіктерін айтқаны алқалы жиынның тағы бір олжасы деуге болады. Егер форумға қатысушылардың шамамен 60-70 пайызы ірі бизнес өкілдері, холдинг, инвестициялық құрылымдар мен құрылыс компаниялары жетекшілері екенін ескерсек, құтты мекен аталған Ақтөбеге келетін инвестиция мөлшері көбейе түсетініне шек келтіруге болмайды. Форум шеңберінде олардың тарапынан балалар бақшасы, мектеп, тұрғын үй кешені, өзге де инфра­құрылымдық нысандар мен сервистік орта­лықтар салуға ниет пен тілек білді­рілуі – алдыңғы пікіріміздің айғағы. Сонымен бірге форум шеңберінде құны 76 миллиард теңге құрайтын 20 меморандумға қол қойылуы да айта қаларлықтай жоғары нәтиже. 

Форум кезінде елге, туып-өскен жерге тигізер шапағатын алға қарай ысыра сөйлемей, осынау жүрек пен жан толқытарлық күнге дейін тигізіп үлгерген отандастарымыз да аз болған жоқ. Солардың бірі АҚШ-тағы ортопедия және травма­то­логия қауымдастығының мүшесі – Сент Луис университеті ортопе­дия­лық госпиталінің директоры Жол­дас Құлжанов 15 миллион доллар­дың медициналық құрал-жабдық­тарын бұған дейін сыйға бергенін, бұл игіліктер қазіргі күні өңір медици­на­сы­ның алға басуына септігін тигізіп үлгергенін мәлімдеді. 

Туған жерге деген тағзым, оған деген құрмет тек бірыңғай қаржы­лай қолдау көрсету деңгейімен өлшен­бейді. Елге деген жанашырлық пен аялы алақан жылуын сездірудің сан алуан жолдары бар. Осы орайда бүгінде дүниенің төрт бұрышында тұрып жатқан ақтөбелік тұғырлы тұлғалар денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, индустриялы-инновациялық даму және туризм салалары бойынша шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізді. Тегін лекциялар оқыды. Ақысыз оталар жасады. Бұдан өзге де көл-көсір пайдалы кеңестер берді. Сондай-ақ олар кездесулер мен экскурсиялардың бел ортасынан көрініп, туған жерге деген сыр-сандықтарын ақтарды. Бұл сан алуан іс-шаралар үш күнге созылған форум қызметін мазмұн жағынан да, түр жағынан да байыта алғандығын айтудың өзі бір мерей. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Туған жер» тұңғыш республикалық форумы жөнінде тағы да қандай ой түюге болады? Бұл тұрғыда халықаралық деңгейдегі басқосу тұтастай еліміздің әлеуметтік мекемелерінде бұған дейін шешімін таба алмай жүрген кейбір әлеуметтік түйткілдердің түйі­нін тарқатып, оның кілтін қолға ұста­та алуымен құнды болды деп айтуға толық негіз бар. Бұл қадам жетім ба­ла­лардың мектептен кейінгі тағдырына қатысты оңтайлы шешім қабылдаудан бастау алады. Жасыратыны жоқ, дүниеге келгеннен кейін тағдыр тәлкегіне ұшыраған тастандылар елі­міз­дің әлеуметтік орындарында тәр­бие­леніп, ер жетіп, бой жетіп, мектепті аяқтағаннан кейін қайда барарын біл­мей бастарын тауға да, тасқа да соғады. Өйткені оларға бұған дейінгі балалар үйінің есігі енді қайтып ашылмайды. 

Сонда олар не істеуі керек? Ақтөбе фо­румы кезінде осы басы ашық сауалға «Мейірім» атты жастарды әлеу­меттік тұрғыдан бейімдеу орта­лығы мысалында айқын жауап қайта­рылды. Әңгімені қысқа қайырып айт­қанда, орталықта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған­дар 29 жасқа дейін тұрып, еңбек етіп, еркелікті көтермейтін өмірдің қатаң да қатал сынына бейімделе алады. 

«Сәби» қайырымдылық қорының қар­жылай қолдауы арқылы іске асқан әлем елдері арасында ешқан­­­дай баламасы жоқ жарқын жоба рес­пуб­ликамыздағы өзге де әлеуметтік ме­кемелерге сіңісті болса игі. Қазақ­станнан өзге бірде-бір елде, бірде-бір жерде жетімектерге дәл осындай шексіз қамқорлық жасалмаған сыңайлы. Мұндай сөзбен айтып жеткізе алмас ізгілік көрінісіне форумға қаты­сушылардың көпшілігі таң-тамаша қалып, бастарын шайқасты. 

Халықаралық деңгейдегі басқо­судың шоқтығын биіктетіп, өрісін өсірген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең» атты тақырыпта кеңінен ой-пікір қозғалған конференция болды. Ра­сында Ақтөбе кеше қандай еді? Бүгін қандай?

йырмашылығы жер мен көктей. Кешегі Ақтөбе бірінен бірі айнымайтын, бірөңкей сұрғылт үйлер, ыбырсып айқұш-ұйқыш, бір-бірімен тіркесіп жатқан көріксіз көшелер болса, бүгінгі Ақтөбе әлемдік деңгейдегі қала құрылысына сай жыл сайын емес, ай сайын өсіп-өркендеп, құлашын кеңге жайып келе жатқан республикамыздағы сәні мен сәулеті келіскен қала. Елімізде баламасы жоқ көлік-логистика орталығы.

Ал оның ертеңі ше? Сөз жоқ, А­қ­төбенің ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да биік, ертегідегідей өзгеріске пара-пар. Ақтөбе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсет­кендей, ел экономикасын өрге тартуға әлеуеті жете алатын қуатты локомотив. Елбасымыздың Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін елу пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма бергені үлкен сенім, мол жауапкершілік. Қазіргі күні мұндай биік белесті бағындыру өзге өңірлер үшін алынбайтын тас қамал іспеттес. Биылғы жылы ақтөбеліктер Елбасы тапсырмасының 50 пайыздық мөлшерін игергені де елеулі іс. Сонымен бірге Ақтөбе агломерациялық даму жолына түскен еліміздегі үш өңірдің бірі. Соған сәйкес өндірісі өркен жайған өңірде таяудағы жылдарда тұрғындар санын бір миллион үш жүз мыңға дейін жеткізу белгіленген. Жоғарыда аталған конференцияда Ақтөбенің ертеңі жөнінде ой-пікір алмасқан ғалымдар мен әлеуметтанушылардың түйіні осыған тоқайласты. 
Ақтөбедегі рухани жаңғыру аясындағы халықаралық деңгейдегі басқосу кеше Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткізілген «Туған жер» атты республикалық форуммен аяқталды. Мұнда қойылған театрландырылған көріністерді 13 мыңнан астам адам тамашалады. Стадиондағы көпшілік көріністер мен қойылымды әзірлеп, әлемнің 20-дан астам елінің өкілдері назарына ұсынуға бес мыңға тарта жастар және шығармашылық пен өнер өкілдері қатынасты. Ақтөбенің арғы-бергі тарихында дәл осындай деңгейдегі патриоттық рухпен суарылған үлкен шара болған емес деп тұжырымдайды байырғы тұрғындар.

Осы форум кезінде белгілі ре­сей­лік жазушы, Ресейдің еңбек сіңір­ген өнер қайраткері, Ақтөбе өңірін­де туып-өскен тұлға Мир-Хайда­ров Рауль Мирсайдовичпен аз-кем ой-пікір алмасып қалудың сәті түс­кен еді. Туған топырақтан Мәскеу­ге қоныс аударғаннан кейін талай елге жолым түсті. Талай жердің дәмін тат­тым. Талай елді араладым. Алайда туған жерін, өз бауырларым қазақтар­дай сүйетін, оның сынық сүйем тілі­гін қорғауға дәл қазақтардай әзір тұра­тын бірде-бір елді, бірде-бір жерді кез­дестіріп көрмеппін. Сондай-ақ еріксіз түрде болмаса, өз елінен қоныс аударуға құлқы соға қоймайтын да – қонақжай, құшағы кім-кімге де айқара ашық дархан көңіл қазақ халқы өз отанын ешқашан өзгертпейтін, оны өзгеге айырбастамайтын мәрт халық. Олардың бойындағы осындай қасиеттер мен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдері менің кіші отаным Ақтөбеде өткізілген форум кезінде де айқын көрінді деп ағынан жарылды ол. 

Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған «Жек­пе-жек спорт сарайының» ашылу рәсіміне қатысты. Рәсім­нен кейін дзюдодан Қазақ­стан Респуб­ликасы Прези­дентінің кубо­гы үшін халықаралық турнир басталды.

– Биыл елімізде үшінші жаң­ғыру басталды. Оның бір ба­ғы­ты рухани жаңғыру болып сана­лады. Біздің «Рухани жаңғы­ру» бағдарламамыз бен «жай­лы жол» деп аударылатын дзюдо ұғымы ортақ мәнге ие. Ол – сананың кемелденуі, – деді Г.Әбдіқалықова.

Сапары барысында Мемле­кеттік хатшы Г.Әбдіқалықова, сондай-ақ «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзе­ге асыру аясында салынған әлеумет­тік-мәдени нысандарды аралап көрді.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ