Кино • 29 Қыркүйек, 2017

Қайдасың, қазақтың Тұмары?

1090 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Киноны көру оңай, түсіру қиын. 

Қайдасың, қазақтың  Тұмары?

Көптен бері айтылып ке­­ле жатқан әйгілі Тұмар пат­­­­шайым туралы көркем фильм түсіру жұмысының да­­­йын­дығы аяқталуға таяу. Бұл күні «Қазақфильм» кино­студия­сының аумағында «Тұ­мар» тарихи туындысының бас­ты рөліне үміткерлер ара­сындағы кастингінің ең соң­ғы кезеңі – бейнесынақ өт­кізілді. Тұмардың рөліне таң­далатындардың бірі, шашын жайып, үстіне шартты түрде шекпен-шалбар киіп, тас-түйін ұрысқа кірген Аль­мира Тұрсынбаева камера алдында қылышын кезеніп тұрып өр дауыспен екпіндетіп түрік тіліндегі мәтінді айтты да, шамасы, Кир болуы керек, шетте тұрған дулығалы жауынгермен аз-кем семсерлескеннен кейін, өзіне қарай жұлқи тартып, тізерлеткен күйі қыл мойнына қылышын көлденең салды... 

Сценарий мәтінінен алын­ған «қиық­ты» ҚазҰУ-дің өткен жылғы сұлуы асқан қабілет танытып ойнамаса да, өжеттігі, өткірлігі сыртына тепкен ару бойында актрисалық өнердің бұғып жатқанын, осы шағын үзіндісі арқылы басқа қыздарға салмақты бәсекелес бола алатынын байқатып үлгерді. «То­мирис үшін туылған» деп таң­дай қақтыратын бей­нені таңдау түсіру тобына оңай соқпай тұрғанына осы жо­лы шын көзіміз жетті. Енді ше,­ басты үміткерлердің қата­рында еліміздің ең танымал­ ак­трисалары Қарлығаш Мұ­ха­мет­жанова, Әсел Сағатова, Ару­жан Жазыл­бекова, Би­бі­­гүл Сүйінішалина, Кәм­шат Жолдыбаевалар бақ сына­ған. Түсіру алаңындағы Тұр­сынбае­ваның кірпік қақ­­қанынан бастап әр қозғалысына дейін қалт жі­бер­мей қадағалап тұрған тіл­шілер бейнесынақ аяқтала са­ла, фильмнің режис­сері Ақан Сат­аевты жан-жақтан қор­шап, қаумалап алды. Сұрақ көп. Қалай болғанда да, бұл сайда саны, құмда ізі жоқ болып ұмытыла салатын қатардағы көп фильмнің бірі емес, ұлы даланың аты аңызға айналған Тұмар патшайымы туралы туынды. Фильмде тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сат­қындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі ас­тын­да біріктірген арудың тағ­дыры ел тарихымен бірге өрі­летін болғандықтан, болымсыз деталь, елеусіз штрихына де­йін бейжай қарай алмасымыз анық. Махаббат пен өз хал­қының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирға тойтарыс берген Томиристің ұлылығы фильмде қалай көрініс табады? Идея авторы әрі фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева осы ұсынысын Ақан Сатаевқа айтқанда, тарихи туынды түсі­руден тәжірибе жинақтап қалған режиссер көп ойланбастан қабыл алған көрінеді. 

Кино ұжымдық жұмыс бо­лып саналатындықтан, БАҚ өкілдерімен болған бри­фингте А.Сатаев жаны­на бү­кіл түсіру тобын шақы­рып­ ал­ды. Сценарий авторы­ Ти­мур Жақсылықов, костюм жө­ніндегі суретші Әсел Ша­лабаева, кастинг-директор­ Жайна Әбдиева, трюктарды қоюшы Жайдарбек Күн­ғожинов және фильмнің ғы­лыми кеңес­шілері өз міндетіне орай түрлі сауал­дарға жауап берді.

«Фильм тарихи шындықпен қанша­лық­ты үйлесім табады?» «Көркем туын­дының сце­нарийін жазатын адамнан ешқашан абсолютті шын­дықты талап етуге болмайды. Се­бебі, бұл көркем туынды. Әзірге біздің Томирис туралы білетініміз ежелгі грек жазбаларымен ғана байланыс­ты. Онда да Геродоттың айт­қанына сүйенеміз. 2600 жыл бұ­рын мынау жердің бетінде сақ­тың ері ғана емес, әйелі де батыр болған этникалық топ болғанын ұрпаққа айтып, аманаттау. Міне, фильм осы ту­ралы болмақ. Ал оқиғалар мен детальдар әр автордың су­реттеуінде әртүрлі жазыла береді. Тіпті керек десеңіз, бәз­бір авторлар «Томирис деген әйел болмаған, ол Геро­доттың ой­дан құрастырған оқиғасы» дейді. Кім білсін? Бастысы, тарихи жазбаларда батыр әйел­дің бейнесі бар, ол келе-келе әдемі аңыздарға ұласқан. Ал ­мұны ешкім де жоққа шы­ға­­ра алмайды». «Фильм қай тілде түсіріледі?» «Түсіру то­бы ақылдаса келе, фильмді қа­зақ тілінде де емес, орысша да емес, көне түркі тілінде түсіруді жоспарлап отырмыз. Тіл тұрғысынан Мэл Гибсонның «Апокалипсисіне» ұқсас болады. Міндетті түр­де екі тілге де аударылады». «Басты рөлдерге таңдау қашан аяқталады?» «Кастинг әлі де жүргізіледі. Кейіпкерлердің тек түр-тұрпаты мен бой-сымбатының ғана келісті болуы аз, қылыштасу, садақ ату,­ белдесу, төбелесу, атпен шабу секілді толып жат­қан жүктемелерді Ж.Күн­ғо­жиновтың тобы қараша айы­ның соңына дейін сынап байқайды». «Томиристің рө­ліне әзірге қанша қыз бақ сынады?» «Биылғы жылдың мамыр айынан бері кастинг үздіксіз жүргізіліп келеді. Қа­зақ­станның бүкіл қалаларын аралап шықтық. Жалпы, фильм­дегі барлық рөлдер үшін кастингке 10 000-нан астам қазақ­стандық қатысты. Оның ішінде 3940 адамнан ан­кета келіп түсті. Тұмардың рөліне 16 жастан асқан 200-ден артық қыз үміткер болды. Екі кезеңнің іріктеуінен кейін 80 қыз қалды. Ал бүгінгі бейнесынаққа 20 қыз жетті. Осы жиырманың ішінде жал­ғыз арудың ғана бағы жанады. Әзірге кім екені белгісіз». «Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген жауынгерлердің киімі кинода қалай көрініс табады?» «Фильм компьютерлік графиканың көмегіне көбі­рек жүгінетінін осы бастан айт­қымыз келеді. Бұрын киносту­дияда сол заманға қатысты (б.д.д.VІ ғасыр) фильм­дер тү­сі­­рілмеген, сондықтан бар­лық костюмдер мен реквизиттер жаңадан дайындалады. Костюмдерді фабрика емес, қолөнер шеберлері да­йын­­­дайды.  «Фильм қайда тү­сі­ріледі? Ар­­найы декорация құ­рыла ма?»­ «Тұмар патша­йым тура­лы фильм, негізінен, осы «Қазақфильм» ішіндегі павильондарда түсіріледі. Вави­лон­ның декорациялары дәл осы алаң­қайларда жасалады. Кей­бір түсірілімдер Алматы облысы, Заречный ауылында,­ Бу­рабайда, Баянауылда, Шон­жы­дағы сор мен тақыр жерлерде, сондай-ақ әктасты таулары бар Ақтауда да жүр­гізіледі». 

Биылғы жылдың желтоқсан айында басталатын түсіру жұ­мы­сы келер жылы аяқ­талып, тұ­саукесері 2018 жыл­дың желтоқ­сан айына жоспарланған. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,    
«Егемен Қазақстан»