Білім • 29 Қыркүйек, 2017

Оралхан мектебіндегі оралымды істер

1020 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің күншығысына жолыңыз түсіп жатса, Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейіне соқпай кетпеңіз. 

Оралхан мектебіндегі оралымды істер

Әрине бұл жұрт жаппай баратын музей емес, қаладағы көрікті орынға да жатпайды, бұл – бар болғаны білім ордасы ғана. Бірақ осы ордаға табан тигізген жан тәрбиенің тамаша мектебіне куә болары анық. Білім ошағының ауласына енгеннен-ақ ерекше талғам мен талап, тәлім мен тәрбие әсері байқалады. Ең алдымен, сіз қасиетті Алтайға ат басын тірегеніңізді сезінесіз. Сосын, әрине, сол Алтайды айдай әлемге әйгілеген туған жердің жыршысы, әйгілі жазушы Оралхан Бөкей атындағы мектепте тұрғаныңыз есіңізге түседі. Қасиетті Алтай мен қабырғалы қаламгерге ортақ – кеудесін кере кегжиген кербұғы, Тор­тай мінген ақ боз ат, зеңгір көк пен асқа­ралы шыңдармен таласа қалықтаған қыран мен қалың орманның еркесі елік­тердің, басқа да Алтайдың тұмса табиғатына да, тау перзентінің тартымды туындыларына да ортақ мүсіндердің ансамблі ә дегенде абдыратып-ақ тас-тайды. Есесіне осы ансамбльді бір өзіне бағындырып тұрған қақ ортадағы қара сөздің жүйрігі Орағаңның тас мүсінімен үнсіз ғана тілдесіп, сәлемдескендей боласыз. Композицияға көз суарып, алға жылжысаңыз мектептің оң қанатындағы Оралхан Бөкей аллеясы жүздеген раушан гүлдерімен аула көркін де, тынысыңызды да одан әрі аша түседі. Оған Бейбітшілік, Түлек­тер іспетті жайқалған аллеяларды қосы­ңыз. Міне, осы мүлгіген аулада тұрып, бұл мектепте мыңнан аса бала оқиды десе сенбеген болар едіңіз. Бұл білім ордасының балалары басқалар сияқты ойнамай ма, шуламай ма деген ойға қаласыз. Ойнайды, шулайды – бірақ пайдалы, тәрбиелі дүниемен ғана. Оны ғимаратқа енгенде анық аңдайсыз. Үзіліс сәтінде бір сыныптың оқушылары патриоттық әндер орындап жатса, енді бір оқушылар тобы тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырып жатады. Одан тыс дәлізде орнатылған шахмат, дойбы тақталарында ой ойынын ойнап, үзілісті де кәдеге жаратып жатқан балалар. Аппақ еденнің өзі мұнтаздай. Көңілге кіршіксіз тазалық лебін ұялатады. Жоғары көтерілгенде мемлекеттік рәміздер мен лицейлік нышандарды да әдемі әдіптеп қойғанын көресіз. Қабырғадағы көркем пейзаждар бейнеленген картиналар туған жердің тамаша табиғатымен үнсіз ғана эстетиканың ерекше сабағы өтіп жатқандай. 
Міне, осы іспетті сырт көзге көрінетін көрі­ністерімен-ақ педагогикалық тәлім-тәрбиенің шамшырағын жағып отыр­ған оқу ордасының директоры Таңатқан Түменбаевтың ұстаздық һәм ұйымдастырушылық тұлғасына сүйсінбеске әддіңіз қалмайды. 

Қаламгер есімі берілген білімнің қара шаңырағында ол өзін білікті педа­гог, іскер ұйымдастырушы ретінде көр­сетті. Сәт сайын өзгеріп жатқан за­манда білім беру үдерісін ұдайы жетілдіріп, жан-жақты іздене білді. Мемлекет басшысының биылғы рухани жаңғыруға бағытталған бағдарламалық мақаласында айтылғандай, білім мен тәрбиені егіз өрімдей туған жермен бірге өріп, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік сезім мен патриоттық рух беруге барын салды. Бірнеше жыл бұрын Оралхан Бөкейдің туған жері Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылына барып, жазушы шығармаларындағы кейіпкерлермен кездесті, көптеген мағлұмат жинақтады. Қаламгердің әпкесі Шолпанмен, жиені Ғалиямен жүздесіп, жазушы мен анасының тұрмыста қолданған бұйымдарын мектеп мұражайына алып келді. Оқушылары жазушының «Күлпәштің ұршығы» атты әңгімесіндегі Күлпәш апаның ұршығын, қаламгердің досы Нұқсарин Аманжанның өз қолымен жасаған әшекей бұйымдарын, жазушының ұстаған қол сөмкесі мен туған үйін өз көздерімен көріп, қаламгердің табаны тиген үй алдындағы топырақтың бір уысын мектеп мұражайына қойды, жазушының ұстазы Нина апаймен, ауылдас достарымен кездесіп, бұрын білмейтін тың естеліктер тыңдады. Педагогтың діттегені оқушылар тұмса табиғатта таза ауамен тыныстап, рухани байып, бір-бірімен қимас достар болсын деген парасатты пайым-тын. 

Таңатқан Қалибекұлының тынымсыз еңбегінен кейін 2000 жылы мектепке «лицей» мәртебесі берілді. Осы жылы ата-аналармен ақылдасып, бірыңғай мектеп формасын енгізді. Мұзтаудай биіктікке баланып, білім мен ғылым саласына шақыратын мектеп төсбелгісі жасалды. Көк ту түстес галстук пен төсбелгінің әрқайсысын терең толғаныспен, әр деталіне дейін мән бергендіктен болар, уақыт өте жетілдіріле түскен мектеп нышандары балалардың мақтанышына айналды. Мектеп қабырғасында 2000 жылдан бері «Өр Алтай» газеті жарық көріп, «Төрт таған» атты мұражай жұмыс істеп келеді. Тұсаукесерін Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы кескен мұражай «Талантына табындырған қаламгер» (Оралхан Бөкей бағыты), «Отан үшін от кешкендер», «Мектеп – білім ордасы» және этнографиялық бағытқа арналған төрт бөлімнен тұрады. Бөлімдер оқушылардың, ата-аналардың көмегімен үнемі жәдігерлермен толық­тырылып тұрады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әр шәкірттің бойына білім мен тәрбие дәнін еккен Таңатқан Қалибекұлы бастаған лицей ұжымының еңбегі бүгін­де елеулі. Мәселен, 2015-2016 оқу­ жылындағы ҰБТ нәтижесі бойынша білім ордасын бітірген 24 түлектің ішін­де 9 «Алтын белгі», 5 үздік аттестат иегері шығып, барлығы жоғары балл жинады, 23 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Ал қалған бір оқушы таңдаған жоғары оқу орнында грант болмағандықтан, ақылы бөлімге түсті. Жалпы ортақ көрсеткіш 117 пайызды көрсетіп, білім ордасы облыс бойынша 1-орынды иеленді. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жайт, былтыр бұл лицей облыс деңгейінде өткен сайыста «Ең үздік қала мектебі» атағын жеңіп алып, облыс әкімінің 18 миллион теңгелік сертификатын иеленді. Қомақты қаржы оқушыларға білім беруге қажетті жабдықтарға жұмсалды. Алдымен аталған сайыстың қалалық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алғандықтан қалалық білім басқармасының арнайы тағайындаған жүлдесі – заманауи технологиямен жабдықталған мультимедиа кабинетін сыйға алған болатын. Осылайша оқушылар өз қарымымен де Орағаңның атындағы білім шаңырағын бір кісідей жабдықтауға үлес қосып келеді. Мектептер арасында қала, облыс деңгейінде өтетін қандай сайыс­тар болса, бұл білім ордасы сол сайыс­тардың жүлдегерлері қатарынан көрініп отыр. 2016 жылы «Үздік мектеп ауласы», «Үздік мектеп баспасы», «Үздік инновациялық білім ордасы» сияқты сайыстарда бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ «Ең үздік мектеп-2008» «Ең үздік мектеп-2011» сайыстарының да жеңімпазы. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктерінің арқасында қара шаңы­рақ республика деңгейіндегі «Ең үздік 100 мектеп» қатарына еніп, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Осы уақыт аралығында киелі қа­ра­ ша­ңырақтан 27 «Болашақ» бағ­дарламасының түлегі, 85 «Алтын белгі» иегері, 37 үздік аттестат иегері шықты. Бұның бәрі ұстаздар қауымының ерен еңбегі мен талапшыл басшының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Құн­дылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дегенде, осы іспетті кемел білім ордалары барша жүкті арқалап бара жатқандай көрінеді.

Мырзабек ҚАБЫЛОВ,
еңбек ардагері

ӨСКЕМЕН