Әдебиет • 29 Қыркүйек, 2017

Алматыда Мұхтар Әуезов туралы халықаралық симпозиум өтті

945 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркемсөз мұрасының дәстүрін жете меңгеріп, әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін көркем шығармаларында шебер кестелеген қазақ халқының ұлы жазушысы, ақыл-ой алыбы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай  Алматыдағы «Ғылым ордасында» «Мұхтар Әуезов және ұлтымыздың рухани жаңғыруы» атты халықаралық симпозиум болып өтті. 

Алматыда Мұхтар Әуезов туралы халықаралық симпозиум өтті

Симпозиум жұмысы ұлт зиялылары бастаған Ресей, Татарстан, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген мей­мандардың алдымен М.Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының көрмелерін тамашалауымен жалғасын тапты. 

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА ака­демигі Уәлихан Қалижанов «М.О.Әуезов әлемі және рухани жаңғыру» атты баян­дамасында замана сынынан сүрінбей өтіп, қазақтың классикалық әдебиетінің үздік үлгісіне айналған әдебиет алыбының өміршең мұралары туралы жан-жақты талдау жасады.

Халықаралық деңгейдегі іргелі жиын жұмы­сына сәттілік тілеп, сөз алған Алма­ты қаласының әкімі Бауыржан Бай­бек симпозиум тақырыбына сәйкес ұлт­тық руханияттың ұшар басындағы алып­тар қатарында тұрған М.Әуезов пен бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінің ұлы мұра­тын әдемі ұштастырды. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың ұлт классигі Мұхтар Омарханұлы туралы айтқан «Мұхтар Әуезов тума дарындылығымен қатар өзі өмір сүрген дәуірдің трагедиялық жағын да танытып кетті. Ол – жарқын публицист, танымал очеркист, талантты драматург. Қазақтың ойшыл-гуманисі Абайдың өмірі мен қызметі жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті. Өзі де шексіз даңққа бөленді. Ол көшпенділер тарихын шебер суреттеу нәтижесінде өзін де Абай кешкен дәуірдің заңды жалғасы етіп көрсете білді» деген сөзін негізге ала тұрып, ХХ ғасырдың басындағы ұлы өзгерістер тұсында ғұмыр кешкен ғұламаның тағдырлы мақсатының бүгінгі күннің ұлы арман-аңсарымен астасып жатқанын орайлы меңзеді.

Жазушының өз қаражатына салдырған Төлебаев көшесіндегі 185-үй бүгінде қазақ мәдениетінің қара шаңырағына айналды. Өзі он жыл өмір сүрген мемориалдық музей-үйде қаламгердің ең асыл, ең қымбат мұралары мен қолжазбалары сақталған. Қаламгер «Абай жолы» эпопеясын дәл осы үйде жазып бітірді. Ол жай ғана мемориалдық музей  емес, ол – Алматы қаласының қасиетті бойтұмары. Ұлы қай­раткердің туғанына 120 жыл толуына орай мемориалдық музей-үйі Алматы қала­сы әкім­дігінің тікелей қолдауымен толық жөн­­деу­ден өткізілді. Мұның барлығы да Ел­ба­сы жариялаған «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламалары аясында жүзе­ге асып жатқан игілікті істер. Мұнан бы­лай да музей қала қонақтарының ғана емес, шет­тен келе­тін туристердің арнайы ат басын бұ­­рып, айрықша қызығушылық танытатын бі­ре­гей мәдени орталыққа айнала түсетіні сөзсіз.
«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 қайраткерінің үстінен 1921-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі», «Тез» бөлімдерінің заңды жалғасы әрі қорытынды әфсанасы іспетті арнайы М.Әуезовке арналған «Талқы» атты кітап жазған белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай алаш идеясымен тамырлас тағдыр кешкен М.Әуезовтің күрескерлік қасиеті туралы көп мысалды алға тартты. Сондай-ақ ол М.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағын жобаға енгізіп, оның алғашқы 13 томын шығаруға атсалысқанын, 50 томдықтың толықтай басылып шыққанын, оның энциклопедиялық басылым екенін, көптомдықтың жалпы қазақ тарихынан алатын орнының үлкен екенін айта келе, «50 том­дықтың рухани салмағын екшеп көр­сетуге арналған арнайы ғылыми конференция ұйымдастырылса» деген ұсынысын жеткізді.
Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым ака­демиясының вице-президенті, про­фес­сор Абдылдажан Ақматалиев «М.Ауезов және кыргыз адабиаты» деген тақырыптағы баяндамасында М.Әуезовтің қырғыз әдебиетін насихаттап, танытудағы еңбегін айтпағанда, бір ғана «Манас» жырының талайлы тағдыры қыл үстінде қалып, үлкен мінберлерден «мұндай жыр қырғызға керек пе, керек емес пе?» деген қиямпұрыс сауал тасталғанда, дария білімімен бұлтартпас дәйек келтіріп, керауыз кертартпалардың аузына құм құйып, қорғап шыққан қазақ ғұламасының жанкешті ерлігі мен еңбегін қырғыз халқының ешқашан ұмытпайтынын толқып тұрып жеткізді. Ш.Айтматовты әлемдік деңгейде танытудағы еңбегі өз ал­дына бөлек әңгіме. Ол сондай-ақ М.Әуезов­­тің 120 жылдық мерейтойы қырғыз жерінде де кеңінен аталып өтіп жатқа­нын айтып, қазақ бауырларын қуантып тастады.
Ұлы жазушының бай мұрасын жаңа кезеңде қайта зерделеуге, шығармалары­ның аудармасына байланысты, тарихи-мәдени интерпретацияның өзектілігі мен көркем шығарманың кейбір мәселелеріне орай Нидерландтан келген немересі, филология ғылымдарының кандидаты Зифа-Алуа Әуезова бірқатар толымды ой айтты. Үш тілді еркін меңгерген З.Әуезова жуыр­да ғана ағылшын тіліне сапалы тәржіма­ланған «Қилы заман» мен «Қараш-қараш оқиғасының» қазақша, орысша, ағыл­шынша аудармаларын салыстыра оты­рып, тәржімашылардан кеткен кемшілік­терді қайта қарауға байланысты тілегін жеткізді. 

Симпозиумға қатысушылар ұлы ғұла­ма­ның табанының ізі қалған, оның өмір жолын еске түсіретін орындар мен мұраларға құрметпен қарауға шақырды.  М.Әуезовтің шығармашылығы, қазақ ұлтына қызмет етуге бағыт­тал­ған саяси ұстанымы, өмірі мен қайраткерлік қызметі келер ұрпақ үшін үлгі-өнеге болуға әбден лайық. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,    
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ