Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2017

Өскеменде жалпықалалық кітапханалық акция ұйымдастырылды

551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңғар тұлға, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні биыл Өскеменде өзгеше мерекеленді. 28 қыркүйек күні шаһардағы қаламгер атындағы көшеде облыс орталығындағы барлық кітапханаларының қатысуымен жалпықалалық кітапханалық акция ұйымдастырылды.

Өскеменде жалпықалалық кітапханалық акция ұйымдастырылды

Бұл күні М.Әуезов даңғылы бойында бейне және аудио-жарнама жұмыс істеп, автобус аялдамаларында мерекелік кітап көрмелері мен шолулары, әдеби «орындықтар», мәнерлеп оқу, жазушы шығармашылығы бойынша талқылаулар мен викториналар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары «Әуезов жолымен» кітап GPS-не қатысып, жазушы өмірбаяны, шығармалары, даңғылға оның есімінің берілуі жайындағы, өзге де қызықты ғимараттарға қанықты.

А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана QR-кітапхана мен Uni Library мобилді оқу залы қызметін ұсынды. Кітапхана сайтында орналасқан онлайн нұсқасы бар интерактивті викторина (http://kray.pushkinlibrary.kz) жерлесіміздің шығармашылығы туралы тұрғындардың білімін тексеруге тамаша мүмкіндік берді. Облыстық мамандандырылған кітапхана зағип және нашар көретін адамдарға арнап өз бағдарламасын ұйымдастырды. М.Әуезов даңғылы бойымен жүретін маршруттық автобус жолаушылары да назардан тыс қалмады. Ең белсенді жолаушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

«Біз Мұхтар Әуезов шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде де оқимыз. Мен бүгін өзіммен бірге 9-сыныптың оқушыларын ертіп келдім. Бұл мектепке екі жылдан бергі жұмыс істеген уақытымда балалардың кітапты аз оқитынын аңғардым. Бұл – біздің қалаға, облысқа ғана емес, елімізге, бүкіл әлемге ортақ проблема деп ойлаймын. Қазіргі оқушылар кітапты интернет арқылы оқиды. Мен оқушыларыма Мұхтар Әуезовтің кітабын оқу қажеттігін айтқанымда бірден ғаламторға еніп, оқи жөнелді. Бұл жағдай бір жағынан көңілге кірбің түсіргенімен, заман талабына қарсы тұра алмаймыз. Ең бастысы, кітап оқуға деген құлшыныстары төмендемесе дейміз», - дейді қаладағы № 18 мектептің кітапханасының меңгерушісі Валентина Иванова.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар