Қазақстан • 02 Қазан, 2017

ҮИИД бағ­дар­ламасының көрсеткіштері

1199 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел экономикасын әрта­рап­тандыру мақсатындағы кешен­ді жоспарларды дәйектеу үшін сонау 2010 жылы Мем­ле­кет басшысының бастамасы­мен Қазақстанның 2020 жыл­ға дейінгі үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы (ҮИИДБ) қабыл­данған болатын.

 ҮИИД бағ­дар­ламасының көрсеткіштері

Бұл стра­те­гиялық бағдарлама жаһандық дағдарыс жылдарында Қазақстан экономикасының өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шығуын қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге да­му­дың жаңа баспалдақтарына көтерілуіне мүмкіндік берді. ҮИИД бағдарламасы екі бес­жыл­­дық жоспар бойынша іс жүзіне асырылып келеді. Ин­дус­трияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы 2014 жылы зор жетістіктермен қоры­тындыланды. Әлемдік эконо­мканы тұралатқан жаһан­дық дағдарыстың нағыз күр­делі жылдарына тұспа-тұс кел­ген ҮИИДБ еліміздегі өндіріс­тік тоқырау мен жаппай жұмыссыздықтың алдын алып қана қойған жоқ, 150 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның  өңдеу өнеркәсібін жаңғыртып, елімізде бұрын дамымаған ма­ши­на жасау және мұнай өңдеу өн­дірістік салаларының қалып­та­суының бастамасы болды.

Индустрияландыру бағ­дар­ламасына барынша басымдық беру нәтижесінде Қазақстан транс­форматорлар, аккумулятор батареялары, жүк және жолау­шылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, рентген аппаратуралары, жарық-диодты шамдар, титан құй­малары сияқты бұрын елімізде шыға­рыл­­маған өнімдерді шығаруды өнді­рістік жолға қойды. ҮИИД бағдар­лама­сы жүзеге асырыла бастаған жылдар ішінде экспорт­ты дамыту мақсатында айтар­­лықтай іс тындырылды. Осы бағыт­та жұмыс істей­тін отандық шикізат­тық емес са­ланың 1500-ге тарта кәсіп­орны мем­лекет тарапынан тұрақты қол­дауға ие болды.

Үкімет осы ҮИИД іс жүзіне асы­ру мақ­сатындағы шаралар шең­бе­р­інде Қазақстанның индус­трия­­лан­­дыру картасын бекіткен болатын. Индус­трия­ландыру картасы екі бөлімнен құралды. Біріншісі – өңірлік карталар. Онда облыс­тарды дамытуға бірінші кезекте қажетті нысандар шоғырландырылды. Екінші – республикалық карта. Мұнда орталық атқарушы органдар мен мемлекеттік холдингтер тікелей бақылауға алған индустриялық-инновациялық даму жоспарының негізгі нысандары топтастырылды.

Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген нысандарды пайдалануға беру нәтижесінде еліміздің экономикасы дамудың жаңа биігіне көтерілді. Индустрияландыру картасы шеңберінде алғашқы бесжылдықта құны 3 трлн теңге болатын 770 жоба іске қосылды. Оның ішінде 65 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асты. Алғашқы бесжылдықта іске қосылған өндіріс ошақтары 4 трлн теңгенің өнімін өндірді. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасына енген нысандар шығарған өнімдердің 23 пайызы экспортқа бағытталды.

Дүниежүзілік даму банкінің мә­лім­деуінше, Қазақстандағы ҮИИД бағ­дар­ламасы өте сәтті жүзе­ге асыры­лып жат­қан көрінеді. Осы ретте халықаралық сарапшы Мелисса Рекас «Қазақстандағы индус­трия­лан­дыру және инновациялық тех­нологияларды дамыту тұрғы­сында жүзеге асырылып жатқан мем­ле­кеттік бағдарламаның алғашқы бесжылдығы сәтті өтті. Жалпы алғанда алғашқы бес­жылдықта экономика дамудың жақ­сы үрдісін көр­сетті. Алайда келесі бес­жыл­дықта жетілдіре түсетін кейбір мәсе­лелер де бар. Елді терең индустрия­лан­дыру арқылы Қазақстан экономикасы бұдан да биік көрсеткіштерге қол жеткізетін болады», деп атап көрсетті.

Қазір елімізде ҮИИД бағдар­ла­масының 2015-2019 жылдарға арнал­ған екінші бесжылдығы белең алған. Екін­ші бесжылдықтың өткен үш жы­лындағы жетістіктер де көңілге нық сенім ұялатады. Әсіресе еліміздің эко­номикасын әртараптандырудың не­гізгі тұғыры болып табылатын өңдеу өнер­кәсібі саласында айтарлықтай та­быс­тарға қол жеткізіліп, болашақта Қазақстан экономикасының шикі­зат­қа тәуелділіктен шығатынына бет­бұ­рыстың басталғанын байқатты. Жа­қында Инвестициялар және даму вице-министрі Алик Айдарбаев жур­налистерге берген сұхбатында «ҮИИД бағдарламасының екінші бес­жыл­ды­ғын­да қайта өңдеу өнер­кә­сібі елі­мізд­ің эко­номикасын да­мы­тудың драйверіне айналды», деп атап көрсетті. Мәселен, 2015 және 2016 жылдары индустриялан­дыру бағ­дарламасы аясында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 258 ірі жоба іс жүзіне асырылып, 21 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Үстіміздегі жылдың өткен жеті айы­ның ішінде жалпы құны 490 милли­ард теңгені құрайтын 32 ірі жоба пай­дал­а­нуға берілген. Жыл аяғына дейін тағы да жүзге жуық жоба іске қосылмақ.

Ұлттық экономика министрлігінің дерек­тері бойынша, Қазақстанда 2017 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында өнер­кәсіп өндірісі шығарған өнім кө­лемі 10,62 трлн теңгені құрады. Бұл 2016 жылдың сәйкес мер­зімімен са­лыстырғанда 7,8 пайызға жоғары. Бұл рет­­те Атырау, Қарағанды және Маң­ғыс­тау облыс­та­ры­ның өнеркәсіп орындары көш бастады. 

Еліміздің индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасын жүзеге асы­ру жылдарында қол жеткізген тағы бір үлкен жетістік – қайта өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігінің есе­лей арттырылуы болып табылады. Мәселен, үстіміздегі жылдың үш айы­ның қорытындысы бойынша бұл са­ла­дағы еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Еңбек өнімділігін арттыру бәсекесінде машина жасау саласы зор табыстарға жетіп отыр. Атап айтар болсақ, мұнай-газ машинасын жасау саласындағы еңбек өнімділігінің өсімі 255,2 пайызға жетіпті. Ал кен ма­шина жасау саласындағы өсім – 108,7, электр техникалық машина жасау саласындағы өсім 107,5 пайызды құрап отыр.

Индустриялық-инновациялық даму жоспарларын жүзеге асыру үш­ін үлкен көлемде инвестиция қа­жет еке­ндігі бе­лгілі. Алдағы уа­қыт­та тікелей шетелдік ин­вестиция тас­қы­нын толастатпау мақ­сатында ин­вес­­­тиция тарту шаралар­ына мемлекет та­рапы­нан нақты қолдау көр­сетілуде. Мем­­лекет тарапынан ин­вес­­­тиция тар­туға фискальдық, қаржылық және ин­фрақ­ұрылымдық көмек шаралары ой­ластырылған. Бағ­дарламаны жү­зеге асыру барысында «Инвестиция ту­ралы» заң оң нәтижелер беруде. Қазақстанда шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көр­се­ті­леді.
Индустрияландыру бағдар­ла­ма­­сы­ның қарқынды жүр­гізілуіне не­гізгі ка­пи­­талға салынған инвести­ция басты қоз­ғау­­шы күш болып отырғандығы бел­гілі.

Жал­­пы алғанда, тиімді инвестиция кез келген эко­но­миканың инновациялық даму көкжиегін айқын­дай­­тын тұғыр болып табылады. Осы орайда ҮИИДБ жылдарында еліміздің экономикасына, оның ішін­де қайта өңдеу өнеркәсібі саласына салынған инвестиция өз жемісін беруде. Қазақстан өндірісінің даму институтының деректері бойын­ша, үстіміздегі жылдың бірінші жар­ты­жылдығында ғана еліміздің қайта өң­деу өнеркәсібінің негізгі капи­талына са­лынған инвестиция көлемі 411,1 миллиард теңгені құраған екен. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 1,4 есе өс­кен. Ен­деше еліміздің экономикасын дағ­да­рыстың күрделі кезеңінен үл­кен та­быстармен алып шығып, қазіргі қар­­қынды даму дәрежесіне жеткізген ҮИИД бағдарламасының екінші бес­жылдығы да табысты болатындығы анық.
 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»