Қазақстан • 02 Қазан, 2017

Жауқазын жыр. Қызғалдақ ғұмыр

706 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жарқ етті де жоқ болды! Осы бір теңеуді жауқа­зын жырларымен енді ғана бүршік жарып келе жат­қанда көктей солған Назгүл Өтеноваға да арнауға болады. 

Жауқазын жыр. Қызғалдақ ғұмыр

Біз көбіне таланттарды ірі мегаполистерден, зиялы қауым шоғырланған орталардан іздейміз де, олар­дың шалғайда, ауылда да тұра­тынын ескере бермейміз. Бәл­кім, бәзбір оқырмандар көкейінде беймезгіл ағып түс­кен жұлдыз құсап қып-қыс­қа ғана ғұмыр кешкен оның рухына соншалық тағзым ететіндей не еңбек сіңірді, артына қандай мұра қалдырды деген күмәнді ойлар қонақтауы мүмкін. Иә, туған жерінде, облыс орталығында өткен әдебиет кештерде, тағылымды бас қосу­ларда балауса жырлары мен қоғамдық құбылыстарға қатарласа үн қосқан өткір мақалалары және естеліктер топтастырылған жинақтың тұсауы кесілді. Жергілікті жас ақындар арасында оның атында байқау жариялау, оқулар ұйымдастыру, тағы басқа ұсыныстар қолдау тапты. Назгүл еңбек еткен М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж басшылығы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өмірі мен шығармашылық жолдарын сыныптан тыс оқу сабағына енгізіп, оқушыларға ғылыми жобалар ұсынды. 

Назгүл ауыл-аймаққа алдымен арқалы айтыскер ақын ретінде танылды. Суы­рып­салма сөз сайысында­ пайда болған жаңа есім жан-­жағына нұр шуағын шаша келді. Қызылжар өңірінде тоқырап қалған көне дәстүріміздің қайта оралуына, дамуына, жандануына үлкен үлес қосты. Тумысынан турашыл, өршіл, намысшыл, өткір мінезі ұлтжандылық қасиеттермен біте қайнасып жатты. Оның өлең-жырларынан өзіндік үн, леп аңғарылып тұратын. Ой-қиялы бірде аспандап, ақша бұлттарды кезсе, енді бірде жер бауырлап, томаға-тұйық сергелдеңге түсі­ретін. Былайғы жұрт түсіне бер­мейтін алай-дүлей, тылсым сезім құшағында жүретін. Жас құрақ­тай бүршік жарып, көктеп келе жатқан сыршыл жүрек Мағ­жанға, Мұқағалиға еліктеп өсті. 

Көгілдір оттар төрінде 
көлдің ойнаған,
Толқынға мініп, қызыққа 
самал тоймаған.
Дүниеде тылсым, осынау 
түннен не сезіп,
Не іздеп отыр жағада жал­ғыз ойлы адам, – секілді келісті шумақтар аз емес. 

 Жиырмаға енді ғана толған Назгүл «Сенесің бе, сенбейсің бе адамға, Түсі өзгеріп шыға келер табанда. Қу түлкідей су төгілер үстінен, Абыр-сабыр түсініксіз заманда» деп кіршіксіз таза көңілін айқара жайып салады. Қияндағы ауылда аудандық газетте журна­листік еңбек жолын енді ғана бас­таған, «ана сүті аузынан кебе қоймаған» өрім­дей қыз­дың ана тілі туралы жанай­қайы адамды тебірентпей қой­май­ды. «Тілім жатыр тамырынан қырқылып, Жанарымда жасым содан тұр тұнып. Ту­ған жұртым қалмасын деп іркіліп, Жан жүрегім жүр ғой менің жыртылып», деген кесек ойлар бүгінгі күннің де шетін мәселелерімен астасып жатқандай. 

Суырыпсалма ақын­ды­ғы­мен, жауқазын жырларымен, журналистік қарым-қа­бы­летімен елді елең еткізген Наз­гүл 25 жасында жол апаты­на ұшырап, мезгілсіз көз жұм­ды. Ақ армандардың ақ парақ бе­тіне түспегеніне де ширек ғасырға жуық уақыт болып­ты. Бірақ алтын асықтай асы­лымыздың сағыныш сазын қоз­ғайтын, жүрек қылын тер­бей­тін сыршыл өлең-жырлары қыз­ғалдақ ғұмырдың мәңгілік бей­несіндей көрінеді. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Суретті түсірген 

Амангелді БЕКМҰРАТОВ

Соңғы жаңалықтар