Қазақстан • 02 Қазан, 2017

Бүгін – Тұңғыш қазақ ғарышқа ұшқан күн

38507 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1991 жыл. 2 қазан. Алматы уақыты 11 сағат 59 минут 24 секундты ұрғанда қазақ жігіті Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Халықаралық экипаждың құрамында сегіз тәуліктік ғарыш сапарына аттанды. Қазақ тарихы мен халқы үшін айтулы оқиғадан соң арада бір жарым ай өткенде Қазақстан бес ғасыр аңсаған Тәуелсіздігін алды.

Бүгін – Тұңғыш қазақ ғарышқа ұшқан күн

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет аспанда жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасымалдаушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29К» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Тоқтар Әубәкіров ғарышта  халықаралық экипаж мүшелерімен бірге қоян-қолтық аралап, биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.

1992-1993 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1996-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылым депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 13 шақырым депутаты, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің 3-ші шақырылым депутаты болып сайланған.

Тоқтар Әубәкіров «Құрмет белгісі», Ленин, «Қазан революциясы», Австрияның «Алтын крест» ордендерімен марапатталған. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, тау шаңғысынан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Техника ғылымының докторы (Ресей, 1998 жыл), профессор (1997 жыл),  ұшқыш-инженер, инженер- аэрогидродинамик , сынықшы-ұшқыш-ғарышкер. Ғылыми техникалық мазмұндағы екі кітаптың авторы.

Қазақ батырына 2001 жылы Стамбул қаласында «Түріктің тұңғыш ғарышкері»  атағы (Түркия), сол жылы  2001 жылы «Ғасыр саңлағы» (Қазақстан) атағы берілді .  

Тоқтар Әубәкіров  туралы жазылған «Тұңғыш» (2004 жыл) атты ғұмырнамалық-эссе кітабы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасының Астанадағы Кітапханасында сақтаулы тұр.

Талғат Сүйінбай,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген автор.

АЛМАТЫ