Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Баға тұрақтылығы басты назарда болуы тиіс

900 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде азық-түлік өндірісін ұлғайту және оның қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып тұр. Осы орайда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған агросекторды дамыту жайы да үлкен маңызға ие. 

 

Баға тұрақтылығы басты назарда болуы тиіс

Ал нарық заманында, эко­но­ми­каның қарқын алған дәуірінде асы­раушы саланы дамыту арқылы ха­лықтың әл-ау­қатын көтеру де күн тәр­тібінде. Алай­да халық күнделікті тұтынатын түрлі тағам түр­лері мен көкөністер және өзге де өнімдердің бағасы кейде төмендеп, кейде күрт өсіп кетіп жатады. Сондықтан да ел арасында түрлі пікірлер қа­лып­та­сып, баға тұрақтылығына қа­тыс­ты әртүрлі әңгімелер айты­лады. Де­генмен мамандар баға тұрақ­ты­лығына қатысты өз уәждерімен бөлісуге әрдайым дай­ын. Бүгінгі таңда Әулиеатаның бір­қа­тар сауда нүктелерінде де баға тұрақ­ты­лы­ғының басты назарға алынбауынан бірқатар өнім түрлерінің қым­бат­тауы орын алып отыр.

Биылғы жылы Жамбыл облысы бойынша 28,2 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары орна­лас­тырылған. Сонымен қатар өңір тұр­ғындарын маусымаралық кезең­дер­де көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша жалпы аумағы 26,4 гектар жерде 30 жылыжай өнім беріп келеді. Ағымдағы жылдың жар­тыжылдығында жылыжайлардан 104,4 тонна қызанақ, 1081,4 тонна қи­яр және 120,3 тонна басқа да көкөніс да­қылдары жи­налған. Қазіргі таңда облыс нарығының көтерме саудасына кө­кө­ністердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды жә­не Павлодар облыстарымен қатар, облысымыздың Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарынан алынуда. Мәселен, өзге облыстардан пияз өнімі 30-40, сәбіз 50-70, қырыққабат 25-30 теңгеден алынса, өңіріміздегі Жуалы және Байзақ аудандарынан картоп 65 теңгеден жеткізіледі. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жүргізілген талдау барысында Тараз қаласындағы «Ауыл Береке» базарынан алынған көкөніске шаһардағы ірі «Смарт», «Смолл», «Дәмдес», «Гаухар», «Арзан» сауда нүктелері үстеме ақыны – 60, ал кей жерде 150 пайызға дейін қо­сатыны анықталған. Аталған жерлер­де не себепті баға тұрақтылығы сақ­тал­маған деген сауалға облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов «Үстеме ақыны тө­мендету үшін сауда нүк­те­лерінің бас­шыларына сауда орнын жалға беру құнын төмендету, көкөністі делдалсыз тікелей сатып алу жөнінде кеңес берілді. Алдағы уақытта осы сауда нүктелерінде тұрақтандыру қорындағы сиыр етінің келесін 1190 теңгеден беріп, облыстық орташа бағаны 1250 теңгеге дейін төмендету жөнінде келісімдер жүргізілді. Алдағы уақытта қордағы ет 8 бірдей сауда орнынан сатылатын болады», – деп жауап берді.

Негізінен өңірде сиыр және қой еті молынан өндірілгенімен, аталған ет өнімдерінің де бағасы артып кеткен. Бірақ басқарма аталған тауар ба­ға­ла­ры­ның артуын бірінші кезекте тұ­рақ­тан­­дыру қорының 30 тонна ет алуымен және Иран мен Бахрейнге еттің экспортталуымен түсіндіріп отыр. Дегенмен әуелі жергілікті халықты арзан етпен қамтамасыз етіп, одан кейін ғана тауарды экспортқа шығарсақ, сонда ғана баға тұрақтылығы қалпына келер еді...

Сонымен қатар тамыз айында тек тауық етінің және сары майдың ба­ға­лары 2 пайызға жоғарылаған. Ал тау­ық етіне импорттық өнім бағасы, са­ры­м­айға өндірістік шығын мен шикізат көлемі әсер етуде екен. «Бұдан бөлек, негізгі азық-түлік бағаларына тұрақты талдау жүргізу мақсатында аудандардан апта сайын жинақталатын соңғы жедел баға мәліметтері бойынша жыл басынан бері 33 тауардың ішінен 8 тауардың орташа облыстық бағалары жоғарылады. Атап айтар болсақ, сиыр еті – 8, қой еті – 15, тауық еті – 3,3, тауықтың сан еті – 4, майлылығы 3,2 пайыз болатын айран ба­ғасы – 1,3, пияз 18, сәбіз – 12 және ас тұ­зы 1,8 пайызға өсті», дейді Нұржан Мол­диярұлы.

Мәселен, облыста көкөніс пен же­міс-жидек өсіруге баса назар аудары­лып, жыл өткен сайын олардың көлемі ар­тып келеді. Алайда көрші Қырғыз жә­не Өзбекстан республикалары мен Оң­түстік Қазақстан облысының бағ­бан­дарынікінен бізде өндірілген өнім кө­ле­мі аз болып отыр. Сондай-ақ бұл жер­лер­де көкөніс бағалары тиісінше арзан. Енді биылғы жылы Шу, Сарысу және Қордай аудандарында жаңадан жылыжайлар салынды. Және жыл соңына дейін тағы да 15 отбасылық жылыжай құ­рылысы аяқталып, пайдалануға бе­рі­леді. Бәлкім өңірдегі көкөніс ба­ға­сы­ның тұрақтылығы сол кезде ғана қал­пына келетін шығар.

Сонымен қатар облыстық кәсіп­кер­лік және индустриялық-иннова­ция­лық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова жыл басынан тамыз айына дейін азық-түлікке жатпай­тын тауар ба­ға­сы республикалық көр­сет­кіш­пен салыстырғанда 0,3 пайызға төмен­де­генін айтып отыр. Алайда бү­гін­­­гі күні Байзақ ауданында – 17, Жуа­­лы ау­данында – 13 және Шу ауда­нын­да 7 түрлі тауар бағасы көтерілген. Сон­дай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауар­лар­дың 53 түріне жүргізілген талдау қо­рытындысы бойынша ең жоғары баға Тараз, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында тіркелген екен.

 Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы