Әдебиет • 03 Қазан, 2017

Ісіне қарап кісіні таны

678 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астананың Горький атындағы академиялық орыс драма театры бүгінгі күні еліміздегі белді өнер ошақтарының біріне айналған. Оны қазақ мектебін бітіріп, қазақ театрларында әртіс болып істеген Еркін Қасеновтің басқарып отырғанына да он жыл болды. Осы жылдарда қатардағы театр әлемдік ареналарға шығып, бірнеше шетелде гастрольдық сапармен болды. «Академиялық театр» атағын алып, мәртебесі де біршама көтерілді. Жуырда Ресей Федерациясының президенті В.Путиннің өзі қол қойған Алғыс хатты да алып отыр. Бірнеше өнерпаздар қазақстандық атақтар мен марапаттарға ие болды, соның ішінде Е.Қасенов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды. Осы табыстардың бәрі театр басшылығына оңай келген жоқ, әрине.   

 

Ісіне қарап кісіні таны

Жасыратыны жоқ, егер орыс театрын немесе орыс тілдес ұжымды (оның ішінде газет, журналдар да бар) украин, армян, неміс, корей немесе т.б. ұлт өкілдері басқарса ешкім таңғалмайды, ал ана тілінде ойлап, ана тілінде сөйлейтін қазақ басқарса таңданыс, тіпті үрке қарау орын алады. Амал не, біздің еліміздегі жағдай солай қалыптасқан және әлі де сол әдеттен, өкінішке қарай, арыла алмай келеміз... Өзге тілде өнерін көрсететін шығармашылық ортаны қазақша сөйлейтін адам басқарса – өресі жетпейтін сияқты көрінеді де тұрады.

Осыдан он жыл бұрын аталмыш театрға директор болып Еркін Қасенов тағайындалғанда да жұрттың бәрі солай ойлап, оны уақытша келген адам ретінде қабылдады. Оның үстіне осыған дейін театр ұжымында бей-берекетсіздік көп болып, бірнеше директор ауысқан еді. Мәдениет саласының басшылары Еркін Тілеуғазыұлын соңғы жылдары шенеуніктер қатарында жүрген жерінен алып, айғай-шуы толастамай тұрған ұжымға уақытша жібергендей көрінген. Бірақ кез келген адаммен ортақ тіл табыса білетін, ашық мінезді, жомарт жүректі, кең өлшеп, кесек турайтын Ерекең ұзамай ұжымда тұрақтылық орнатып, оның күш-жігерін шығармашылық ортақ табыстар жолындағы бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік жасай білді. Бүгінгі тілмен айтқанда, ол табысты менеджер, тереңді болжайтын психолог және театр өнерінің сыралғы маманы екенін танытты. Шығармашылық тоқырауда жүрген ұжым қазақша ойлайтын директордың тегеурінімен аяқ астынан түлеп, күш-жігерін қалай шыңдады деген сұрақты бірде Ерекеңе қойғанымызда ол: «Жол таппай ұйлығып, тұрып қалған ортаға тың тыныс беру үшін гастрольге шығару, фестивальдарға қатыстыру керек деп ойладым. Өйткені өнер сапарлары актердің, шығармашылық ұжымның өсуі мен ойлануының құлпын ашатын кілттің бірі», деп жауап берді.

Сөйтіп өзінің директор болып кел­геніне бірнеше ай ғана өткен Еркін Қа­се­нов ол кезде «астаналық» деген аты дардай болғанымен болмысы «провинциялық» театрды «жығылсаң нардан жығыл» дегендей Қазақстан өнері мен мәдениетінің ордасы  Алматыға гастрольдік сапармен шығарады. Бойындағы барлық ұйымдастырушылық қабілетін, алыс-жақын таныс-білістерін іске қоса отырып жас директор алматылық асқақ көрермендердің кең залды толтыруына, баспасөздің Астана театрының Алматыға алғаш келуіне арнап бірнеше хабарлар мен сын-тілектер жазуына қол жеткізеді. Театр саласының талай тісқаққан мамандары, актерлер мен режиссерлер астаналық театрдың туындылары туралы өздерінің лебіздерін білдіреді.

Айтуға ғана оңай болғанмен осынау шаруаны абыроймен атқара білген директордың беделі ұжым алдында біршама өсіп, оның іскерлігіне сеніммен қарайтындар алғаш сол жолы көрінгенді. Өз қабілеттерінің қыры да сол жолы танылып, провинцияда көптен бері кеудесіне нан пісіп жүрген бірқатар актерлер алматылық білікті сыншылардың шынның жүзіне салған мақалаларын көргенде, жүндері жығылып, шебер­ліктерін шыңдау қажеттігіне назар аудара­ бастаған.

Осы кезден бастап тек тың шығар­машылық тыныс қана өз-өзінен күпсініп, жетілдім, жетерлік болдым деп ойлайтын ұжымды серпілте алатынын Еркін Қасенов те жақсы түсінеді. Сондықтан да сырттан білікті режиссерлер шақырып, шығармашылық ортаның шеберлігін шыңдайтын жаңа әдіс тапты. Бұл бұрыннан белгілі әдіс болғанымен Қасе­нов оны жаңа арнаға көтерді. Соның қатарында ол литвалық белгілі режиссер Йонас Вайкусты шақырып, бұрын өңір қолға алып көрмеген жаңа мате­риал болып табылатын Анна Яблонский пьесасының негізінде «Язычники» («Пұтқа табынушылар») спектаклін дайын­датты. Бұл бүгінгі драматургияның тақырыптан да, палитра мен тереңдіктен де ақсап тұрған кезінде классика мен осы заманның тепе-теңдігін сақтап ұсынылған материал еді. Орыс театрларының Бал­тық бойындағы мэтрі болып танылған режис­сер күрделі материалды табыспен игеріп, қазақстандықтар бұрын көрмеген жаңа туындыны ұсына білді. Бұл Астана тұрғындары үшін айрықша жаңалық болып, талай адам ризашылығын білдіріп жатты. Ұжым да өз күшіне сеніп, енді күрделі материалдарға батылдықпен қол соза бастады.

Театрдың өрісін арттырып, құлашын кеңге сілтеу жолында шын шеберлердің қойылымын сахнаға шығару керек екеніне көзі жеткен Еркін Қасенов осыдан әрі де талай театр майталмандарын шақырып, олардың туындыларын көрермендерге ұсынды. Айта кететін жайт, директордың кісіге жақын, адамдармен тіл тапқыштығының арқасында астаналық зиялы қауым арасынан орыс театрының тұрақты көрермендері қалып­тасты. Арасында шетелдік дип­ломатиялық миссиялар басшылары мен олардың отбасыларынан тұратын эли­талық топ та бар.

Сырттан шақырылып, спектакль қойған мамандар қатарында Австриядан Егише Гаворкян, Ресейден Александр Каневский, Леонид Чигин, Владимир Тыкке, Дмитрий Горник және т.б. болды. Соңғы кезде тәжікстандық шебер Барзу Әбдіразақовпен шығармашылық әріптестік орнаған.

Осы жылдарда орыс театрының ір­ге­сін нығайтуға арнайы шақыруымен келген бас режиссер Бекболат Парма­нов, бас суретші Қанат Мақсұтов сияқ­ты жігіттер де атсалысып жүр. Өз ара­ларындағы ұсақ, пендешіл кикіл­жіңдерге мойын бұрмайтын, шын мәніндегі шығармашылықты ғана пір тұтқан ұжым да қалыптасып қалды. Өйткені актерлер өз табыстары тек бірлескен жұмыс пен біріккен өнерде екенін ұққан. «Сырт көз –  сыншы» дегендей, Горький театрының өнерін түрлі мамандар да жоғары бағалап жүр. Соның ішінде Халықаралық театр­ сыншылары ассоциациясының мү­ше­сі,­ ЮНЕСКО-ның халықаралық театр­ институтының вице-президенті Нинэль Мазур (ГФР) былай деп жазыпты: «М.Горький атындағы Астананың (Қазақстан) академиялық орыс драма театры көптеген халықаралық фес­ти­вальдарға қатысып жүр. Мен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ер­кін Қасенов басқаратын осынау шы­ғар­машылық ұжымның қадамдарын көп­тен бері бақылап, фестивальдан фес­тивальға өсіп, көркемдік шеберлігін арттырып келе жатқандығының куәсі болып жүрмін. Бүгінгі күні оның репертуарында отандық, орыс және шетелдік классиканың туындылары ғана емес, осы заманғы драматургия да орын ал­ған. Спектакльдерді театрдың бас режиссері Бекболат Парманов қана емес, шетелдердің түрлі жастағы шақырылған режиссерлері де қояды. Осыдан шы­ғар­машылық қолтаңбалардың, көп­полярлықтың сан түрлі қырлары көрініп тұр».

Жоғарыда біз басшының адамдармен ортақ тіл тапқыштығы, кісілік қа­сие­тінің арқасында Қазақстандағы дип­­ломатиялық миссиялар басшылары, Төтенше және өкілетті елшілермен ете­не араласатындығын айтқан едік. Со­лардың арасында Венгрия елшісі Имре Ласлоцкий, Қытай елшілігінің кон­сулы Ли Чжи және т.б. бар. Ал Ре­сей, Украина, Белоруссия, Грузия, өз­ге­ де бұрынғы КСРО құрамында бол­ған республикалардың елшілері орыс театрының тұрақты көрермендері. Елші­ліктермен тығыз байланыс орнатқанының арқасында горькийліктер Венгриядағы, Қытайдағы, Испаниядағы театр фес­тивальдарына арнайы шақыру алып, қатысып қайтты. Бәрінде де қазақстандық театр жоғары деңгейден көрініп, дип­ломант аталды. Ал Қытайда болған «Мәңгілік Шекспир» халықаралық фес­тиваліне Астаналық театр Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД елдері театрларының арасы­нан жалғыз қатысып, дипломант атануы­мен қатар басқаларға тартылмаған (бұл ел­де өнерпаздарға гүл сыйлау салты жоқ екен) бір себет гүлге қол жеткізіп, жұрт­тың бәрін таңғалдырды.

Орыста «қара бақыр құны жоқ» («грошь ему цена») деген бір қанатты сөз бар, бұл көбінесе халқына қайыры жоқ, қара басының ғана қамымен кет­кен адамға қарата айтылады. Сол айт­пақшы, Еркін Қасенов орыс театрында өзінің ұлтының мүддесін ойламай, қара басының тыныштығын ойлап, тек өзге әлемнің ығымен жүре бер­ген болса, жоғарыдағы тіркесті оған да айтып қалуға болар еді. Бірақ Ере­кең ондай емес, ұлтының ұстынын ұмыт­пай, орыс театрына қазақтың рухын ен­гізіп, оның қазақстандық қалпын қалыптастыруға да шын бейілімен еңбек етіп жүрген жан. Қазақ авторларының шығармаларын, қазақ тарихына байланысты оқиғаларды сахналап жүргені соның айқын айғағы. Мәселен, осы театрда тек Еркін Қасенов­тің күш салуының арқасында ғана Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бей­барысы», Қа­зақ хандығының 550 жылдығына арнап Болат Жандарбековтің романының негізінде «Сақ патшайымы Томирис», «Алпамыс» (жыр негізінде) т.б. сахналанды. Соның ішінде «Сұлтан Бей­барысты» гастрольдік сапармен Вен­­грияға да апарып қойып, ежелгі мажар­лардың ризашылығын алғаны бар. Бұл туралы «Егеменде» кезінде кеңінен жазылған болатын. Сондай-ақ О.Бөкейдің «Атаукересі», Ә.Оразбектің «Бір түп алма ағашы» театрда сәтті қойылған туын­дылар қатарында. «Наурыз мейрамынан» бастап Қазақстанның барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелерінің де орыс театрында кеңінен аталып, шетелдік дипмиссиялардың қатысуымен ұлықталуының өзі де көп нәрседен хабар береді.

Еркін Қасеновтің Ресей Федера­циясының Қазақстандағы елшісі Ми­хаил Бочарниковпен жақсы қарым-қатынасының арқасында театр сол елдегі көптеген фес­­тивальдарға қаты­сып, ондаған қа­ла­сына гастрольдік сапармен барып қайтты. Горькийліктер ТМД мен Бал­тық бойы елдері орыс театр­ларының Санкт-Петербургте бо­лып тұратын халықаралық фес­ти­валінің жыл сайынғы қонағы және жүл­­дегері. Сонымен бірге Ресей Фе­де­рациясы Театр қайраткерлері ода­ғы ұйымдастырған Шетелдердегі орыс театрларын қолдау орталығы құр­ған ассоциацияға да белді мүше болып келеді. Ресей Федерациясының пре­зиденті В.Путиннің жоғарыда атал­ған Алғыс хаты осы ассоциацияның ұсы­нысымен тапсырылған.

Міне, сөйтіп, Еркін Қасенов орыс тіл­дес шығармашылық ортаға қазақша оқы­ған адам басшылық жасай алмайды деген қасаң түсінікті теріске шығарып, іскерлігінің арқасында биіктерге же­тіп жүрген осындай жан. Әрине, би­лік басындағы түйсікті азаматтар тарапынан қол­даулар болып тұрғанын да айта кету ке­рек. Соның ішінде, әсіресе, Астана қала­сының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің есімін Ерекең әмсе құрметпен ауызға алып отырады.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»