Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Тарихымыздың ұрпақ ұмытпайтын тағылымы

976 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымыз тарихында жерді, елді сыртқы жаудан қорғаған, Тәуелсіздікті аңсап, бодандыққа қарсы бас көтерген батырлар да, қайраткерлер де жетер­лік. 

Тарихымыздың ұрпақ ұмытпайтын тағылымы

Бірақ Тәуелсіздік болмаса қазақ халқы­ның болашағы күмәнді екенін айтып, бодандық құрсауынан шығу­ды, еркіндік үшін күресті білімділікпен ұйымдастыра білген үркердей топ – Алаш ардақтылары өткен ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан еді. Биыл Алаш автономиясының және «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толды. Осыған орай Қостанайда зиялы қауым, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен мәдениет, білім беру салсы қызметкерлерінің басын қосқан «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алаш қайраткерлері өткен ғасырдың 30-шы жылдары өздері саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін халқы мен елінің білім, әдебиет, мәдениет, экономика, ғылым салаларындағы жауап­кершіліктің барлығын арқалады, бодан­дықтан шығып, жеке мемлекет болуын армандады, сол үшін саяси талап қоя білді. Алаш қозғалысынсыз Тәуел­сіздіктің тарихы болмас та еді. Конфе­ренцияны ашқан Қостанай педаго­гикалық институтының ректоры, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Еркін Әбіл өткенін білмеген елдің бола­шағы да бұлыңғыр болатынын айтты.

 – Алаш қайраткерлерінің әрекет-қызметі, идеясы, бағдарламасы ұлттық мемлекеттілігіміздің негізгі іргетасын қалады. Сондықтан Алаш ардақтыларын ұмытуға хақымыз жоқ,– деді Еркін Аманжолұлы.

Осы конференцияның өтуіне мұрындық болған облыстық ішкі сая­сат басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Бәйменова өткен ғасыр­дың бас кезіндегі қазақ зиялылары­ның ұлт үшін, халқымыз бостанды­ғы үшін бәйгеге бас тігуі өткеніміздің ең жар­қын беттерінің бірі екенін айтты. Конфе­ренцияда ғалымдар Алаш қозғалысы­ның, «Алаш» партиясының, оның қай­рат­керлерінің Тәуелсіздік үшін күресі мен халқымыздың рухания­тын биік­тетудегі еңбегіне жан-жақты тоқтады.

– Алаш қозғалысы қайраткерлері­нің төгілген қаны мен еңбегі текке кеткен жоқ. Олардың арманы орындал­ды. Біз қазір Тәуелсіз, гүлденген, бейбіт Қазақстанда өмір сүріп отырмыз. Сондықтан жас ұрпақ оларды және Алаштың дана қайраткерлерінің ұлы көмбесін ұмытпау керек, – деді Қарағанды мемлекеттік университеті этно-мәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор Зәуреш Сақтағанова. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Алаш қайраткерлерінің ұлт, тіл, дін, тарих туралы айтқандарының, ойларының барлығы да халқымыз болашағымен байланысты болғанын тілге тиек етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, Қазақстан халқына одан бұрынғы Жолдауларында, сұхбаттарында тарихтан сабақ алатынымызды, сондықтан жас ұрпақ халқымыздың, Тәуелсіздіктің тарихын білуі керектігін еске салып отырады. Ой-арманы да, күресі де, қайғысы да халқының бостандығы туралы болған Алаш қайраткерлерінің де тарих туралы көзқарасы осыған саяды. «Тарих елдің айнасы, тарихтан ел өткен уақыттағы мінін көреді. Айна жоқ болса адам бет, аузын көре алмайды. Тарих жоқ болса, ел өткен күнін һәм мінін көре алмайды. Мінін көре алмаған соң өмірін оңдай алмайды. Оңдай алмаған соң мәжнүн болып құдыққа кұлайды» деп жазады Әлихан Бөкейханов. Демек, ұлттық кодты сақтау өткенімізді, тарихымызды білуге тәуелді,–дейді Аманжол Күзембайұлы. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадық «Алаш» сөзінің этимологиясына, Алаш қозғалысының зерттелуіне тоқталды. Басқа да сөз ал­ған­дар Тәуелсіздік жолындағы күрес тари­хы­ның тағылымы мен оны жас ұрпаққа насихаттау үшін жасалатын жұмыстар жөнінде әңгіме өрбітті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар