Үкімет • 03 Қазан, 2017

Т. Сүлейменов: Қазақстанда инфляциялық үдерістердің баяулағаны байқалады

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары туралы мәліметтер қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Т. Сүлейменов: Қазақстанда инфляциялық үдерістердің баяулағаны байқалады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістердің баяулағаны байқалғанын баяндады. Биыл қыркүйек айында инфляция 0,3%, ал жалпы жылдың басынан бері — 4,2% құрады. Баяулаудың негізгі факторлары валюталық нарықтағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжалдары, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуі болды. Осылайша, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеуде. Оған қоса, бағалар мен ақылы қызмет көрсетулерге тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде.  

Азық-түлік тауарлары бағаларының маусымдық төмендеуіне қарамастан биылғы жылдың басынан бастап пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті бағаларының қос таңбалы өсімі байқалған. Сонымен қатар, жұмыртқа, қарақұмық, қырыққабат, қант және күнбағыс майы бағасының екі таңбалы арзандауы тіркелген. Азық-түліктік емес тауарлар бойынша бағалардың ең көп өсімі дизель отынына, бензинге, сұйылтылған газға, маталарға, кеңсе тауарларына, аяқ киім мен қатты отынға қатысты болып отыр.  

Аталған тәуекелдердің орнын толтыру үшін Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және қызмет көрсетулерге бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қолданды.

Осыған байланысты өңірлердің әкімдеріне АШМ-мен бірге Өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауаларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, күн сайын бағаларға мониторинг жасау және нарықта қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен молығуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайдалану керек.

Энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірге жылу беру маусымында жанар-жағармай материалдарына бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сәйкес жұмыс жүргізу қажет.

Жоғарыда аталған алдын алу шараларын ескергенде 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,9-7,5% ауқымында болады деп күтілуде, бұл жоспарланған деңгейге сәйкес келеді.