Үкімет • 03 Қазан, 2017

Үкімет Қазақстанда бизнес ортаны одан әрі жақсарту бойынша шаралар пакетін әзірледі

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Үкімет Қазақстанда бизнес ортаны одан әрі жақсарту бойынша шаралар пакетін әзірледі

ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов бизнес шығындарын төмендету мен қайта реттеу, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясатты есепке алғанда Заң жобасы келесі бағыттар бойынша әзірленгенін баяндады:

  • мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілері мен монополистер беретін рұқсаттарды реформалау;
  • өзін-өзі реттеу институтын дамыту;
  • бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтап, оларды жою;
  • бизнес шығындарын жан-жақты төмендету;
  • бағалық және тарифтік келісімдерді анықтау әрі бұлтартпау тетіктерін жетілдіру;
  • бизнеске қолдау көрсету шараларын дамыту;
  • Қазақстанның «Doing Business» рейтингісіндегі орнын жақсарту.
  • Заң жобасы барлығы 13 кодекс пен 103 заңға 1 000-ға жуық түзетулер енгізеді.

Заң жобасының негізгі жаңашылдығының бірі — алдын ала бақылау жүйесін енгізу. Бұндай реформа тексеруші органдардың құқық бұзушылықтардың қазір қолданыстағы «анықтау және жазалау» саясатының орнына «алдын алу және ескерту» саясатына ауысып, ұстанымдары мен іс-қимылдарын түбегейлі өзгертуі тиіс.

Жұмыстың қорытындысы бойынша заңнамалық негізде қайталану мен тиімділіктің жоқтығынан бақылау мен қадағалаудың бірқатар салаларын жою, мемлекет пен тұтынушының қауіпсіздігіне қауіп тудырмайтын әрі қайталанатын салаларды, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша талаптарды қысқарту ұсынылуда.   

Шараларды іске асыру нәтижесінде 2018 жылға қарай жалпы тексерулер саны 30%-ға қысқартылып, шамамен 70 мыңды құрайды, ал 2020 жылға қарай тағы 10%-ға қысқартылады.

Бизнестің маңызды жүктемелерінің бірі — ақпараттық құралдардың тым көп болуы. Түгендеу нәтижесі бойынша бизнеске 1 600-ден астам ақпараттық талаптар анықталды, олардың көпшілігі бақылау функцияларымен немесе мемлекеттік статистикалық есептілік формаларымен қайталанады. Ақпараттық құралдарды реформалау мақсатында олардың санын 30%-ға төмендетіп, соңғы тізімді бекіту көзделіп отыр.

Сондай-ақ, бизнестің рұқсат жүйесін жеңілдету мен одан әрі оңтайландыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2016 жылы рұқсат құжаттарын 50%-ға қысқарту бойынша реформа жүргізілді, соның нәтижесінде рұқсат құжаттарының саны 708-ден 316-ға дейін жеткізілді. Осы жұмысты жалғастыру үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.

2016 жылы енгізілген өзін-өзі реттеу институтын одан әрі дамыту мақсатында ынталандырудың қосымша шаралары бойынша түзетулер ұсынылады. Бүгінгі таңда букмекерлік қызмет, экологиялық аудит, салықтық консультация, өрт қауіпсіздігі салаларында еркін өзін-өзі реттеу жүйесі қолданысқа ие. Бағалау қызметі мен экологиялық аудит салаларында міндетті өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу бүгінде пысықталған және түзетулер осы жылдың заң жобаларына қосылған. Аталған мәселе 6 әлеуетті салада қосымша пысықталып жатыр (бағалау, нотариалдық, адвокаттық, аудиторлық қызметтерде, экологиялық аудит және құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешендік сараптау қызметтерінде).

Бұдан өзге, заң жобасы бизнес шығындарын жан-жақты төмендетуге бағытталған түзетулер блогынан тұрады. Олардың ең көкейкестісі табиғи монополия субъектілерін инженерлік желілерге қосу бойынша техникалық шарттарды алуға, жекелеген салықтар мен алымдардың мөлшерлемесін төмендетуге, экологиялық заңнама талаптарын сақтауға байланысты. Бұдан өзге, шығындарды төмендету техникалық реттеу, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар салаларын да қозғайды. Жалпы алғанда, бизнес шығындарын төмендетуге бағытталған жұмыс жүйелік негізде жалғастырылатыны аталып өтті.

Сонымен қатар заң жобасы қолайлы бәсекелі ортаны құру үшін заңнаманы тексеру кезінде анықталған, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды жоюға бағытталған бірқатар түзетулерді ұсынады.

Бұдан өзге, еліміздегі іскерлік ахуал мен Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing business» рейтингісіндегі орнын жақсарту бойынша жүйелік жұмыстарды жалғастыру аясында, Заң жобасы «Doing business» рейтингісінің он индикаторы арасынан жетеуі бойынша бірқатар реформаларды қарастырады. Олардың ішінде: «Кәсіпорындар ашу», «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету», «Құрылыс салуға рұқсат алу», «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Өтеу қабілетсіздігіне рұқсат», «Несиелер алу», «Меншікті тіркеу» бар.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп, Президент Әкімшілігімен заң жобасын бекітіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін оны Парламент Мәжілісіне өткізуді тапсырды. 

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Осыған орай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке, Ұлттық экономика министрлігіне және ҰКП-ға «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қараша айының соңына дейін «бір терезе» режимінде шағын және орта бизнеске арналған цифрлық платформа жұмысын бастауды тапсырды.