Хоккей • 04 Қазан, 2017

Бұрынғы бапкерінің командасынан басым түсті

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Нижнекамск қаласына барып, жергілікті «Нефтехимик» командасымен имек таяқ түйістірді. Бұл ойынның елордалық хоккейшілер үшін белгілі бір деңгейде маңызды болғаны рас еді. Неге десеңіз, қазіргі уақытта ресейлік клубты «Барыстың» бұрынғы бас бапкері Андрей Назаров жаттықтырып жүр. 

 

Бұрынғы бапкерінің командасынан басым түсті

Екі команда арасындағы текетірестің тағдырын «Барыс­тың» капитаны Найджел Доус­тың мергендігі шешті. Ол әуелі матчтың 9-минутында, одан кейін үшінші кезеңнің соңына таман (58-минут) қатарынан екі гол соғып, елорда клубының же­ңісін қамтамасыз етті. Ал ойынның бітуіне санаулы секунд­тар қал­ғанда астаналық тағы бір легио­нер Линден Вей үшінші және соңғы шайбаны соқты.

Бұл кездесудегі есте қалған бір оқиға – «Барыс» қақпашысы Хенрик Карлссонның айдыннан аластатылуы болды. Екінші кезең­нің басында ол өзін ереже бұзғандығы үшін жазалаған төре­шілермен дауласамын деп  ойыннан мүлде қуылды. Карлссонды алмастырған жас қақпашы Сер­гей Кудрявцев сенімді ойынымен көзге түсіп, команданың жеңісіне өз үлесін қоса білді.

Осы жеңістен кейін «Барыс» ұпай санын 28-ге жеткізіп, Шығыс конференциясы бойынша бесінші орынға көтерілді. Елорда клубы ҚХЛ-дағы кезек­ті ойынын бүгін Минскіде жергілікті «Динамо» командасымен өткізеді.

 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар