Әдебиет • 05 Қазан, 2017

Абай: «Мәшһүр – адамзаттың әулиесі ғой»

987 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өзінің нелер хикметке толы ғажап өмірімен, терең пәлсафалық білімділігімен, толқымалы терең ойлылығымен, дарақтай дара бітімді парасаттылығымен, туған жұртының жыртығына жамау, тесігіне қамсау болсақ деумен жетпіс үш жасында өмірден баз кешкен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының текті тұлғасы қатты қызықтырып, құмарлығымызды арттыра түсіп келіп еді. Иншалла, сол аңсардың бір парасының орындалуы осы таяуда ғана жүзеге асқандай болды.  

Абай: «Мәшһүр – адамзаттың әулиесі ғой»

Сапарымыз оң болып Мәшекеңнің мәңгілікке тыныс тапқан тұсына жетіп еңселендіре тұрғызған кесенесіне зиярат еттік. Шырақшы моллаға аят оқытып, тәу етіп, бас иістік. Қызыл граниттен жонып жа­сал­ған қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай құлпытастың астында алып жү­ректі, ақыл ойдың кемеңгері, туған жұр­тына өлшеусіз қызмет еткен аяулы Мәше­кеңнің – Мәшһүр Жүсіптің мәңгілікке уақыт құдіреті жүрмес, сүйегіне сызат салуға да күші жетпес асыл денесі тыныстап жатыр. 

Сонау төменнен кесенені бетке ала шаншыла көтерілген мәрмәр сатының өз қапталында Мәшекеңнің ақындық ойының төгіліп түскен інжу маржанындай жыр шумақтары тасқа бәдізделіп ойылып, түсірілген екен.

Әр шумақ өлең жолдарында ғұлама ойдың сары алтынның буындай буырқана қотарылған сұңғатты ойпаттары сені де терең тебіреніске жетелеп, жетеңе жетер­лік небір асыл пікірлерімен баурай түседі.

Мәшекең өзін таныстыру өлеңінде жанды портретін жасайды, әкесі мен бабасының діни жолда имани жол кеш­кенін жеткізеді. 
Тірлік пен денсаулықта – баста бағым,
Онан соңғы дәулетім – тіл мен жағым.
Құдай берген он екі мүшелерім,
Өз өнерім өзіме – алтын тағым. 

Алты алашқа жайылып кеткен атым, 
Жүрген жерім – ду базар, 
қылып хатым.
Ұстаз пірдің һумматы болып жәрдем,
Бір ұшсам, кете берем, бар қанатым. 

Баянауыл, Қызылтау – өскен жерім,
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім.
Қалам, сия, қағазды қолыма алсам,
Келер қоршап бойыма ғайып пірім.

Айдабол мен Күліктен – таққан затым,
Мәшһүр деген – бір лақап, 
Жүсіп – атым.
Орта бойлы, қой көзді, пітір мұртты,
Аққұба, бидай өңді қияпатым. 

Жылым қой, тоғыз беске келіп жасым,
Жарастықты, көрнекті сақал, шашым.
Жел қайықтай жел сөзге есуші едім.
Тұрған күнде: «домалап өрге тасым!»

Әкем Көпей – жетпіс үш жасында өткен,
Дін жолына жас күнде бізді үйреткен.
Өзі жастай тариқат жолын іздеп,
Әбілқасым ишанға қызмет еткен.

Бабамыздың аты екен – Шермұхаммед,
Құдайға құл, Нәбиге болған үмбет. 
Балаларын оқуға сүйрейді екен,
Екі қолдан жетелеп, қылып һүммер. 

Өзінің өнер жолындағы сәтті самғау­ларын елестете сөйлеп, әкесі мен баба сал­ған сара жол – дін жолын таңдап алып, имани асыл қасиеттерге бой алдыр­ғандығын зор құрметпен мәлімдейді.

Мәшекең өзінің тағы бір өлеңінде туған жұртының қараңғылық халін барынша ашына сөз етеді.

Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ,
Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ.
Кешегі өткен дәуірде тұншығумен
Өлуге, өлмесек те, қалдық аз-ақ!

Аяқты бір баса алмай емін- еркін,
Өтті ғой ит қорлықпен өмір шіркін!
Жүргенбіз, өліп қалмай не ғып шыдап,
Қарашы күдерідей жанның берігін!

Өшпейді өсіп зорайған өтірік, ұрлық!
Қалған жоқ әлімжеттік, әлі озбырлық!
Өткіздің өмір жасты жылауменен,
Жалғаннан таяқ жеумен көріп қорлық.

Ат шауып айнала алмас біздің мінген,
Тышқанша жан сақтадық шықпай іннен.
Замана баса көктеп билеп кетіп,
Кетіппіз болып кәпір, шығып діннен!

Жүрдік-ау тіріміз деп біз де ұялмай,
Өздігіңнен өлуге жан қия алмай.
Өнер, білім, талапқа жол жоқтықтан,
Хайуанша қаңғып қалдық оқи алмай. 

Осынау ащы шындықтың басты нысанасы, сөз етер тақырыбы қазақ. Осы жұрт­тың міскін халін кезінде осын­дай сорлау­сыз, мінсіз суреттеу дәрежесі­не екі ақынның бірі жете алған жоқ. Зор жана­шырлық күйзелісінен туған бұл өлең өз өткірлігін бүгін де жоймаса керек.
Әсіресе:

Кедейдің шықпайды өнер саяғынан,
Байлардың ғапыс болған таяғынан.
Бірі шаба жөнелсе ілгері озып,
Шап етіп бірі алады аяғынан, – 
деген ішмерез мейірімсіздікті бүгінгі қазақ бастан өткермей отыр демесек керек.

Мәшекеңнің «Алаш» баспасынан жарық көрген жиырма томдығы ұлы адамның артында қалған бізбен бірге жасай берер мұрасы екендігі даусыз.
Тек оқыр көз, қотарып алар сана болсын дейміз.
Сатымен көтерілер тұстың қос қап­та­­лын­да көрнекті шайыр Нартай Беке­жанов пен ірі ақын Ғафу Қайыр­беков­тің бір-бір ауыз өлеңдері тәбәрік етіп берілген екен.

Ғафу ақын:
Мен келдім мүзейіңе жолым түсіп,
Егілдім рухыңызды сүйіп-құшып.
Өмірдің жолдарында жар бола гөр,
Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп, – деп тебіренеді. Ақ жал тұлпар айтулы ақын асқақ сөйлейді, Мәшекеңді пай­ғамбарлық парасат биігіне бір-ақ көтереді. 1931 жылы ғана өмірден өткен Мәше­кеңнің қырық томдық еңбегін зерделей білген кез келген пенде (көрсоқыр болмаса!) оның ой-толғаныстарының ұшы-қиырына жетіп, сарқып ішуі мүмкін емес. Әйтпесе хакім Абай: «Мен де ақын­мын, Мәшһүр де ақын, дегенмен ол ақын бол­ғанымен құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр Адамзаттың әулиесі ғой», – демес еді.
Сөз басында ұлы тұлғаларды танып білетін өз ортасы, көзі ашық, дана­лық даңғылында жүргендердің мол болған­дығы жөн деп едік. Мәшекеңді де жаңа қоғам түсінбеді, діни мистикалық тұрғы­дан ғана қабылдады. Бұл, әрине жаңа­лық емес. Қазіргі төрт көзі түгел ашық қоға­мымыздың да басыр тұстары аз емес.

Осы орайда ұлы қаламгер Жүсіпбек Аймауытов «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіз құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өмірде.

Жаңа заманның бұйынтық сөзі, жы­быр­­лақ мінезі сізді жаратпайды, тосаң­­сытады, күні өткен жат адам қыла­ды. Жаңа заман өйте берсін. Сіз онда жал­ғыз­­­дығыңыз­ды, сәнді-салтанатты ескі күні­ңізді жырлап өтіңіз» – деп ақыл­ды, есті кеңес бере­ді. Жаңа қоғам қабыл­дама­са қабыл­дама­сын, бірақ сіз қазақтың қазақ­тығын сөз ете беріңіз дейді. Жобасы, Жү­секең Мәше­кең­нің арнасы кең де терең ой ағысын сергек сезініп, тап басып таныған соң осын­дай ойға өріс аш­қан­дығы даусыз. Біз бұл арада жаңа қоғам ағысына қарсы жүр­ген қаһарман ой­шыл­дың сыршыл сезім тал­шық­тары келер ұрпақ кәдесіне жарап кете­тіндігін бүгін көріп,біліп отырмыз ғой. Өйт­кені Мәшекең өз сөзін қазақ жұртына арна­ды, соның жоғын жоқтады, мұңына ортақтас күй кешті.

Мәшекең жалаң өлеңмен өріс ашқан талант емес. Ол ең алдымен өз жұртының тарихын, өмір жолын, салт-дәстүрін, жол-жоралғысын түптей зерттеген этнограф ғалым. Бүгінгі ауыздан ауызға ауы­сып, кітаптан кітапқа көшіп жүрген мұра­лардың дені Мәшекең жиыстырған жауһар­лар екені даусыз. Ол өз халқының тұтас бір энциклопедиялық үлгідегі ұлы мұрасын жиыстырушы. Тарыдай шашылып кеткен иесіз мүліктің басын құрап, кәдеге жаратты, бүгінгі ұрпақ игілігіне айналдырды. Осы орайда ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Мәшһүр ақындықтан басқа ғалым адам. Күн­шығыс, араб, парсы халықтарының тари­хын, пәлсафасын жақсы білген. Химия, физика, география, астрономия ғылым­дарынан жақсы хабардар болған Мәшһүр бұл сияқты терең ғылымдармен танысуына көз болған көбінесе атақты Әбдулғали Сина, Әл-Фараби сияқты орта ғасырдағы Бұхара ғалым­дарының шығармаларын, жаңа араб, фарсы, түрік кітаптарын көп оқиды» деп Мәшекеңнің білім алудың бастау бұлағын дөп басып айтады. 
Біздің бұған қосарымыз, Мәшекең әлем қалаларын, олардың тұрмыс тіршілігімен, ең алдымен білім орындарымен танысуды мақсат етіп қойған. Орта Азияны аралайды, Тәшкент, Түркістан, Самарқан, Бұхара, т.б. шаһарларды көреді. Тілдерді жете меңгеруі арқасында Шығыстың клас­си­калық әдебиетін зерделейді. Ол орыс түркологы В.В.Радловпен танысып, әдеби үлгідегі дүниелерді жиыстырып, жарыққа шығарумен айналысады. Солар­дың ішінде «Хал-ахуал», «Сарыарқа кінді­гі», «Тірлікте көп жасағандықтан көр­ген бір тамашамыз» атты өз еңбектерін жа­рық­қа шығарды. «Дала уалаяты» газеті­не де көптеген еңбектерін жаздыртып тұрды.

«Керұғылы», «Сайын батыр», «Ер Көкше» тәрізді тарихи дастандарды жинады. Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже мұраларын жиыстырып хатқа түсіруші де осы Мәшекең еді. «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Баяннама», т.б. дастан-қиссалар жазды.

Мәшекең Ақан сері өмірін көп зертте­ді. Осы еңбегінің бір тұсында: «Ақан сері­нің Құлагері өлген соң бұрынғы серілік міне­зін де қалдырып, көп бас қосқан жиын-тойға бармайтын болып, дүние махаббаты­нан мүлде көңіл суытты. Ақан сері адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі еді. Жігіттіктің құлпы, жібегі еді», деп баға береді, ұлы әншінің басына түс­кен трагедиялық халінен хабардар ете­ді. Кезінде Сәбит Мұқанов Мәше­кең­нің «Мес» атты жинағын оқып отырып: «Мес» жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады», деп өз бағасын береді. Бұл шынында да солай еді. 

Мәшекең бір сөзінде: «Адамзат ақыл-ойының шамшырақтары Сократ, Арис­тотельдер «өз бойындағыға» ие болып, ешкімнен үйренбей, өз білімімен тапты», дейді. Осы пікірді Мәшекеңнің өзіне қарата айтсақ еш артықтық етпейді.

Мәшекеңнен Шәрәпи, Мұхамәди – Пазыл атты үш ұл тараған. Бүгін солардың бірсыпыра ұрпағы тарихи кесенені, мейманхана қызметін өз қолдарына алып, тәу етушілерге үлгілі қызмет етуде екен. Біз соған разы болдық.

Бұл күнде бір кездегі Ескелді ауылының жұрты да қалмаған. Мәшекеңнің үйі­нің орнында бұлақ басында жаңа үй тұрғы­зылған. Үй ешкімге қызмет етпейді, бос тұр. Сол үйден екі-үш шақырым тұста Мәше­кеңнің кесенесі төбеден асқақ қарай­ды. «Тап осы төбеге бос жіберген түйе келіп шөккенде мені сол араға жерлең­дер. Тәнімді ашық қалдырыңдар. 41 жыл тәнім бүлінбейді. Тек жыл сайын бетімді жапқан орамал мен кебінімді ауыстырып отырыңдар» деп өсиет еткен. Тағы бір көк тасқа жазып қалдырған сөзінде: «73-ке келгенше балталасаң да өлмеймін, 73-тен ары қарай сүйресең де аспаймын» деген екен. Әулиенің сөзі тура келгендігіне қалай таңдаңбасқа. 1932 жылғы ақсүйек аш­тықты болжай «қазақ жұрты алапат аштықтан қырылады екен, бірақ мен оны көрмеймін» депті.

Жолай Екібастұз қаласындағы Мәше­кең­нің жуырда тұрғызылған ескерткішін тамашаладық. Бұрынғы Ленин көшесі енді М.Ж.Көпеев болып аталыпты. Бір әпербақан коммунист Ленинді алмастыратын бұл не қылған қазақ деп қарсылық білдіріпті. Сол күні түнде екі аяғын баса алмай домалап қалыпты деп қала халқы дуылдасып отыр.

Бұл да ұлы әулиенің аруағы жағалаған шара болған болар дестік.
Зор әсер, терең тебіреніспен жолға шықтық. Бағытымыз Көкшетау.

 

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
жазушы

Көкшетау – Баянауыл – Екібастұз – Көкшетау