Театр • 05 Қазан, 2017

«Астана Опера» төртінші маусымын қорытындылады

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының төртінші маусымын қорытындылаған брифингке театр басшысы Ғалым Ахмедьяров, директордың бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев, театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова мен жетекші балет бишілері қатысты. 

 

«Астана Опера» төртінші маусымын қорытындылады

«Астана Операның» төртінші маусымы А.Жұбанов пен Л.Ха­мидидің «Абай» операсымен ашылғаны есте. Опера «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында ұсынылған еді. Сондай-ақ елордада Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық опера байқауының өтуі, маэстроның өзі «Травиата» спектаклінен Джор Жермонның партиясын орындауы, елімізге әйгілі Ла Скала театрының гастрольдік сапармен келуі, Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен 1200 музыканттың Г.Малердің №8 симфониясын орындауы «Астана Опера» сахнасында айтулы оқиғалардың өткенінен хабар береді. 

Театр үшін төртінші маусым­ның тағы бір айтулы жаңалығы – балет труппасының Маскат (Оман) қаласына гастрольдік сапары. Әрине қазақстандық ұжымның шығармашылық сапарлар шекарасы сан-алуан. «Астана Операның» ұжымы Италия, АҚШ, Канада, Франция, Ресей, Қытай елдерінің сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ал Оман сұлтандығының жөні бөлек болатыны, бұл жолы гастрольдік сапармен барған 120 адамның барлық жол шығынын шақырушы тарап көтерген. Бұл туралы «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев мәлімдеді. «Біздің Оманға сапарымыз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған маңызды шара. Бұрын бізді шақырған мемлекеттер келісімшарт бойынша шы­ғынның жартысын ғана мойындарына алатын. Бұл жолы Оман сұлтандығы бүкіл шығынды өздері көтерді. Мұндағы Король­дік опера театрының салынғанына он жылдың ғана жүзі болды. Әйтсе де әлемнің ең мықты театр ұжымдарымен байланыс жасап үлгерген», деді ол. 

 Оманға гастрольдік сапарының әсерін балет труппасының көр­кемдік жетекшісі Алтынай Асыл­­мұратова былайша бөлісті: «Оман­дық көрермендер бізді өте жылы қабылдады. Біздің әр­тістеріміз де өздерін лайықты көрсете білді. Алдында бізге түрлі жағдайлар болуы мүмкін еке­нін ескерткен еді. Бірақ еш­қан­дай оғаш әрекеттер болған жоқ. Тіпті біз қойған «Аққу кө­лін» ұйып отырып тамашалады, соңында орындарынан тұрып қол ша­палақтады».

Көркемдік жетекшінің айтуынша, әлемдік классиканың жауһарларының қатарындағы «Аққу көлі» балетіне жаңа хорео­графиялық редакция жасалған. Яғни, Корольдік опера театрында Алтынай Асылмұратованың жаңаша қойылымымен П.И.Чай­ковскийдің «Аққу көлінің» премьерасы өткен.
 Ал енді жаңа маусымға келер болсақ, театрдың кезекті бесінші маусымы қазанның 20-да ашылады. «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ах­медьяров көрермендер бесінші маусымда Адольф Аданның «Корсар» балетін, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы мен П.И.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» операсын, сондай-ақ Ж.Бизенің «Кармен» операсының премьерасын тамашалай алатынын айтты. 

 Жалпы брифинг барысында Алматы мен Астанадағы опера театрларының сахналарынан 60-70 жылдан бері түспей келе жат­қан ұлттық опералардың соңғы 3-4 жыл бедерінде жаңа за­манға лайықталып жаңғырып жатқаны әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ ұлттық балеттің мәселесі де көтерілді. Бізде 5-6 ұлттық опера бар болғанымен, ұлттық балет жоқ екен. Кезінде қойылған, бірақ сахнадан түсіп қалған, сондай-ақ қоюшысын күтіп жатқан балеттерді есептемегенде «Астана Операда» нақты бір ғана ұлттық балет биі (Ғазиза Жұбанова, «Қарагөз») қойылған. Бірақ, бір ғана бимен ұлттық балеттің көсегесі көгермейтіні тағы белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, «Астана Опера» театрының басшылары келешекте ұлттық балетті дамыту туралы да өз ойларын жеткізді.

 

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»