Бизнес • 05 Қазан, 2017

Мия тамырынан пайда мол

1036 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде бірқатар жобаларды қолға алып, өндірісін өркендетіп отырған Жамбыл облысында адамзат үшін аса пайдалы мия өсімдігі молынан өседі. 

Мия тамырынан пайда мол

Қазіргі таңда ғалымдар мия өсімдігінің тамырында емдік дәрумендердің мол екендігін анықтап, тәжірибеге енгізуді қолдап отыр. Сонымен қатар аталған өсімдіктің тамырынан да мол табыс түседі. Бұл еліміздегі жаңа индустрияландыру саясатына да оң әсерін тигізіп, халықты жұмыспен қамтуда да ерекше рөл атқармақ. Бүгінде Шу ауданындағы «ҚазМия» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі мия өсімдігін қажетіне жаратып, одан өнім өндіру жұмысын бас­тады.

Аталған өндіріс орнының құрылыс жұмыстары 2014 жылы мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­масы аясында басталған еді. Жо­балық құны 900 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны жылына 2500 тонна мия тамырын өңдеуге қауқарлы. Аталған жоба жапон инвесторларының қолдауымен жүзеге асып, бүгінде кәсіпорын дәрі-дәрмектік шикізат – глицирризин қышқылының 22,4 тоннасын өндірген. Бүгінде жұмысы жоспарға сай жүргі­зіліп жатқан кәсіпорын алдағы уақыттарда әлеуетін арттырып, бұдан да жоғары табысқа қол жеткізуді көздейді. «ҚазМия» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Олжас Әбдешов негізінен мұнда жаңа қондырғылар орнатылып, бір­қатар шикізат өңделгенін айтып отыр. «Бір айта кетерлігі, қа­жет­ті шикізатты жергілікті жерде дайындауға мүмкіндік мол. Алайда, бұл іспен айналысып жүрген кәсі­п­керлер­дің ешқайсысында рұқ­сат қағаз жоқ. Сондықтан әзірге ши­кізатты Оң­түстік Қазақ­стан облысынан сатып алу­ға мәжбүрміз. Ал келе­сі жыл­дан бастап оны өз жұ­мыс­шылары­мыздың күшімен жинау жоспар­лануда. Осыған бай­ланыс­ты қосымша 30-40 мау­сымдық жұмыс орындарын ашу ойымызда бар», дейді серіктестік басшысы.

 Сонымен қатар кәсіпорынның иелігінде кептірілген мия тамырын сақтауға арналған сыйым­дылығы 400 тонналық арнайы қойма да бар. Мұнда өндірілген өнімнен бөлек, 200 тоннаға жуық шикізат сақтаулы тұр екен. Аталған өндіріс орны алғашқы өнімін Жапония мемлекетіне ағымдағы жылы қазан айында жөнелтетін болады. Ал өнімнің келесі тобы жыл соңына қарай дайын болады деген жоспар бар. Сондай-ақ кәсіпорын биылғы жылғы 45-50 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, өндіріс орны өз мүмкіндігін көр­сетіп қана қоймай, ел экономикасымен қатар, денсаулық сақтау са­ласына да өз үлесін қосатын бо­лады. 

Өнім мия тамырының ұнтағы түрінде шығарылады. Одан бөлек мия тамыры экстрактісінің қоюланған түрі еліміздің дәріха­наларында жөтелге қарсы дәрі ретінде сатылуда. Енді мұндай өнім өзімізден шығу үшін 2015 жылы жапондар өнімді өңдейтін зауыттарын Жамбыл жеріне көшіру туралы облыс әкімдігімен мәмілеге келген болатын. Алайда серіктестік басшылығы екінші зауытты мұнда әкелу үшін әуелі біріншісін аяғына тұрғызып алу керектігін айтып отыр. «Егер жоспарымыз толықтай жүзеге асып, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сияқты дерт түрлеріне қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім шығаруға мүмкіндік туатын еді. Ал әзірге келісілген меморандумға сәйкес, жапондар шикізатымызды дәріге айналдырып, тұрғындарға қолжетімді бағамен сатуға уәде беріп отыр. Одан кейін мұндай дәрі түрлері өзімізде шығарылатын болады», дейді Олжас Әбдешов.

 Бүгінгі таңда қолға алынып отырған жоба алдағы уақыттарда өңір экономикасын дамытуға серпін береді деген сенім бар. Дегенмен, мұнда жұмысты заңды түрде атқару бірінші мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев өзінің ойын айтып берді. «Ең бірінші мия тамырын өңдеуде адамға, қоршаған ортаға зиян келмеуі керек. Сонда ғана мұндай жобалар елге, жерге керек болады. Бүгінде «ҚазМия» өндіріс ор­ны 15 тоннаға жуық өнім өн­дірді. Енді бұл көрсеткішті жыл соңына дейін арттыру жос­пар­да бар. Сондай-ақ қазір 30 шақ­ты жергілікті тұрғын мұнда жұмыс­пен қамтылып, отбасын асырап отыр. Егер зауыттың қуаттылығы толықтай іске қосылатын болса, жұмыс орны да көптеп ашылады», дейді әкім.
Айта кетейік, биылғы жы­лы зауытта 24 жаңа жұмыс ор­ны ашы­лып, оның 21-не «Жұмыс­пен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында жергі­лікті жердің мамандары тар­тыл­ған. Алдағы уақытта шикі­затты Жамбыл өңірінен жинау мә­селесі оң шешімін тапса, жергі­лікті тұрғындардың біразы жұмыс­пен қамтылып, Шу ауданында жұмыссыздық мәселесі де бір­шама ретке келер еді. 

 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы