Бизнес • 05 Қазан, 2017

«Бизнестің жол картасы» қалай жүзеге асуда?

406 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлініп жатқан қаражат қайда жұмсалып жатыр? Бір ақпарат Алматыда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қаражаты 100 пайыз игерілуде» дегенді алға тартады. Еліміздегі белді БАҚ өкілдері аталмыш бағдарлама бойынша бөлінген қаржының қайда жұмсалып жатқанына куә болу үшін жолға шықты. Орта және шағын бизнестің ауылына бастаған бұл сапарға Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы мұрындық болды.

 

«Бизнестің жол картасы» қалай жүзеге асуда?

Саяхат барысында журна­лис­тердің жолай білгені, Өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы жылдың басынан бері Алматыда 154 бизнес-жоспарды мақұлдаған. Жыл аяғына дейін кәсіпкерлерге барлығы 4,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат грант, субсидиялау және қарызды кепілдендіру түрінде беріледі.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйе­мел­деу бөлімінің басшысы Ал­ма Тұрлыбаева жолай «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндіріп өтті.

«Екінші деңгейлі банктер ком­мерциялық несиені 19-24% жоғары мөлшерлемемен бере­ді. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қарыздың сыйақы мөл­шер­лемесі – 7-10%. Қалған сома­ның барлығы да мемлекет есе­бінен төленеді. Өңірлік үйлес­тіру кеңесінің 60%-ы биз­нес-қоғамдастық өкілдерінен тұ­рады, сонымен қатар жергілікті атқарушы органның өкілдері де бар. Бизнес-жобалар апта сайын қаралады. Мұндай жобалар талқыланған кезде қанша адамға жұмыс тауып берілетіндігі мен қала бюджетін қаншалықты то­лықтыра алады деген өлшем­дерге баса назар аударылады. Ал Алматы қаласында бұл бағ­дарлама бойынша қаражат 100% игеріліп келеді», дейді Алма Тұрлыбаева.

Өңірлік палата өкілінің айтуынша, Алматы қаласында биз­несті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама қатар қолданылады. Олардың ішінде республикалық және өңірлік бағдарламалар да бар. Мысалы, «Алматы-туризм» бағ­дарламасымен биылғы жылы 5 жобаға 398 млн теңге қара­жат бөлінді. Ал «Алматы-инно­­вация» бағдарламасымен жал­­пы 90 млн теңгені 2 жоба алды. Сондай-ақ «Жібек жолы» бағдар­­ламасы да сәтті жүзеге асыры­лып келеді. Сауданы дамыту үшін 66 жобаға жалпы 4 млрд теңге қаражат берілді. «Ал­маты өнім» арқылы 8 жоба жалпы 429 млн теңге алды.
Мемлекеттік қолдау көр­се­тілген компаниялардың бірі – Алматы қаласында орналасқан «Цин-Каз» ЖШС. Елімізде 19 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания томат жасау пен көкөніс консервілеуден үздік кәсіпорын ретінде танылып үлгерді. Ендігі жерде бұл кәсіпорын өндірістік желілерін жаңартуды қолға алған.

Ал«Цин-Каз» ЖШС-нің сапа жөніндегі менеджері Жа­нар Рахымбекованың айтуынша, өндірісті автоматтандыру, жаңғырту және кеңейтуге арнал­ған бизнес-жоспар аясында 618,5 млн теңге инвестиция тартылған. Бүгінде бұл соманың 418 млн теңгесі игерілген. Оның ішінде 71 млн теңге субсидия ретінде мем­лекеттен берілген. Осы қол­дау­дың арқасында жаңадан екі цех ашылды.

Компания өкілдерінің мәлім­деуінше, өндірісті автоматтандыру мен жетілдіруге арналған жоба аясында көкөніс салаты мен соя тұздығын дайындайтын жаңа 2 цех ашылған. Қазақстанда соя тұздығы шығарылмайды. Ел нарығында импорттық тұздық бар. Қазір отандық компания айына шамамен 30 мың соя тұздығын өндіруде және 3 түрлі тұздық шығарады. 

Олар соя тұздығын дайындау үшін шикізатты Қытайдан алып отырғанын айтады. Ал са­лат жабу үшін жергілікті шаруа­лардың өнімдері пайдаланылады. Былтырғы жылы 500-600 тон­на салат жабу жоспарланса, биыл бұл жоспар екі есеге ұлғай­ған.

Расында бүгінгі таңда компания өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне тарайды. Базар, дү­кендерде тұрған өз тауарларымыз тұтынушыларға таңсық емес. Негізгі экспортқа шығатын ел Ресей, сондай-ақ Қырғызстан, Ауғанстан елдерімен серіктестік қатынаста. Жалпы, шығарылған өнімнің 20%-ы Алматы қаласы мен облысына тарайды.

Компания жыл соңына дейін Ресей мен Қырғызстанға жет­кі­зілетін өнім көлемін 500 тон­наға дейін жеткізуді көздеп отыр.

«Өз өнімдерімізді ЕАЭО аума­ғында өтетін көптеген көрмеге шығаруға тырысамыз. Және бұл көрмелердің барлы­ғына дерлік қатысуға мүмкін­дік алдық. Ресейде өнімнің бел­гіленген бағасын төмендетуге тырысамыз. Себебі бәсекелестік жоғары. Бірақ біздің өніміміздің дәмін татқаннан кейін ұна­та­тындары қаншама. Жалпы, көр­шілес елде қазақстандық өнім­ді сапасы жоғары деп қабыл­дайды. Бүгінде Ресейдің бірқа­тар қалаларына, оның ішінде Мәс­кеуге де жеткіземіз. Сондай-ақ біз тұздықтар мен салаттарды Мәс­кеудегі «Foodcity» базары­на шы­ғаруға келісім жасап отыр­мыз. Алдағы уақытта Тәжік­стан­­ға да экспорттауға ниетті­міз», дейді «Цин-Каз» ЖШС өткі­зу бөлімінің басшысы Таир Ту­тадзе.

Компания жетекшілері электр қуаты мен суға белгіленген тариф өте жоғары екенін айтады. Электр қуаты мен суды үздіксіз пайдаланатын өндіріс орны үшін тарифтің реттелгені маңызды. Бұл қызметтердегі бағаны реттеу бизнес үшін айтарлықтай көмек боларын жасырмады. 

 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ