Күрес • 05 Қазан, 2017

Астанада қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада 27-29 қазан аралығында қазақ күресінен 40 мемлекеттің қатысуымен әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды «Қазақ күресі халықаралық федерациясы».

Астанада қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен 40 мемлекеттің спортшылары қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Австралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун бастаған елдердің ең таңдаулы балуандары бар. Қазақ күресі ежелгі спорт түрлеріне жатады. Бүгінгі таңда оның күн өткен сайын танымалдығы артып келеді. Тіпті, қазақ күресі түрлі той мен салтанатты іс-шараларда өткізіліп жүр. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Чемпионат 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.  

27 қазанда «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшылардың салмақ өлшеу және жеребе тастау рәсімі өтсе, 28-29 қазан күндері «Барыс-Арена» мұзайдыны сарайында жарыс өтеді. Біріншіліктің алғашқы күні спортшылар 55, 90, 100 және +100 келіде белдессе, екінші күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталмақ.

Айта кетейік, «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» ЗТБ 2017 жылдың 24 наурызында Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелген. 2017 жылғы ақпанда 35 мемлекет өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ күресі халықаралық федерациясының Конгресінде федерация жұмысы нықталып, президенті ретінде Қанат Бозымбаев тағайындалған болатын.