Әдебиет • 05 Қазан, 2017

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Кадзуо Исигуроға берілді

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2017 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын Кадзуо Исигуроға беру ұйғарылды.

 

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Кадзуо Исигуроға берілді

«Оның эмоционалды бояуы қанық романдарында әлем мен адам арасындағы нәзік байланыстарды көрсете білгені үшін марапатталды», делінген.

Кадзуо Исигуро 1954 жылы 8 қарашада Жапонияның Нагасаки қаласында туған. Ол бес жасқа толған кезде отбасымен Біріккен Корольдігіне қоныс аударды. Исигуро 1970 жылдардың соңында Кент университетінің ағылшын тілі және философия факультетін бітіріп, оқуды Шығыс Англия университетінде жалғастырды.

Исигуроның шығармашылығында өткен естеліктер мен уақыт, өзін алдау сынды сипаттар басым болып келеді. Суреткердің мұндай дүниетанымы Энтони Хопкинс  фильм түсірген «The Remains of the Day» (1989) атты танымал романында байқалады. Бұдан бөлек «Never Let Me Go» (2005) еңбегі ғылыми фантастикалық ерекшелігімен дараланады. Өзге де әңгімелер жинағынан музыка тарихы мен маңызы басты орында көрінеді. Ал 2015 жылы жазылған «The Buried Giant» атты кейінгі романы оқырмандар арасында жоғары бағаға ие болды. Жазушының көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, швед, испан тілдерінде жарық көрген.

Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы 1901 жылдан бастап беріліп келеді. Былтыр америкалық ақын, музыкант Боб Дилан лауреат атанды. Ал 2015 жылы белоруссиялық жазушы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын алған он төртінші әйел атанды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»