Әдебиет • 06 Қазан, 2017

Ел есіндегі Ер Тоқпанбет

1005 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өзінің мемлекеттігін мейлінше нығайтып, әлем таныған елге айналған Қазақстан Республикасы даму жолында әлеуметтік-экономикалық саланы, өндірістік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға басымдықтар берумен қатар, рухани салалардың да көкейкесті мәселелерін алға шығарып отыр. Осыған орай  Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласын жариялап, онда ХХІ ғасырдағы ұлттық санаға қатысты прагматизм, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы сияқты бағыттарды көрсетіп берді. Сондай-ақ рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтаудан басталатынын айрықша атап өтті. 

Ел есіндегі Ер Тоқпанбет

Бұл бағдарламада жас ұр­­пақ­ты патриотизмге тәр­биелеуге, қазақтың негізгі рухани құндылықтарын сақтап, қастерлеуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігі атап көрсетілді. Атал­мыш мақала өскелең ұр­пақтың туған жерге деген сү­йіспеншілік сезімін арттыратын іс-шараларға жаңа қарқын берді. Сөйтіп ол қызу қолдау тауып, туған жердегі тарихи орын­дарды зерттеу, насихаттау, олардың тәрбиелік мән-маңызын анықтау арқылы ұлт­тық код пен ұлттық сананы ұрпақтар бойына сіңіру ба­ғытындағы жұмыстардың кең­етек алуына жол ашты. Алға қойылған мақсат­тар­­­ды жүзеге асы­­ру жолын­да 1705-1801 жылдары өмір сүрген батыр Ер Тоқпанбет Тұң­ғат­ұлы­ның 1724-1756 жыл­­­дар­дағы қал­мақ басқын­шы­ларынан елі­мізді азат ету­дегі ерен ерлік­терін зерттеу қарқынды жал­ға­сын тапты.

Зерттеулер барысында батырдың тікелей ұр­пақ­тарының бірі, журналист Жеміс­бек Дулатбекұлы 2012 жылы «Төлегетай Матайдың ше­жіресі» атты танымдық кітап жазып шы­ғарып, Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының та­рихи тұлғасын алғашқылардың бірі бо­лып көрсетіп берді. Осы жылы «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұра­жайы Ғылыми кеңесінің 2012 жылғы 28 ақпанында өткен №2 отырысының ше­шімімен Ер Тоқпанбет батыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалар тізіміне енгізілді. Одан соң Алматы облысы Ақсу ауданының 80 жылдығына орай шыққан «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» кітабында Тоқ­панбет Тұңғатұлының өмірбаяны, ер­лік жолдары ресми жүйеленіп түзілді. 2013 жы­лы тарих ғы­лы­м­­дарының докторы, профессор Б.Берлібаев республикалық «Қа­­рыз бен парыз» газетіне «Абы­­лай ханнан ба­та алып, түмен басқарған батыр» деген та­қы­рыпта мақала жария­лады.

Сондай-ақ профессор Б.Берлібаев Ақжан Маша­ни білім беру институты мен Қазақ ұлт­тық техникалық уни­вер­ситеті 2013 жы­лы бірігіп өткіз­ген республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференцияда «Ба­тыр көбейді деп байбалам салудың қа­жеті жоқ немесе ер Тоқпанбет мысалы­нан» деген баяндама жасады. Ол баян­дама ғылыми конференцияның материалдары жинағына енді. 2011 жылдан кү­ні бүгінге дейін Ер Тоқпанбет туралы ма­териалдар «Жұлдыз» журналында, «Қа­зақ әдебиеті», «Қазақ елі», «Қарыз бен парыз», «Жетісу», «Ақсу өмірі» газет­терінде жарияланып келеді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идея­лары жүзеге асырыла бастауына байланысты Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының тарихтан алар орнын туған өлке тарихында бедерлеу жұмысы жаңа серпін алды. Мұндағы мақсат – Ақсу ауда­­ны­ның орта­лығы Жансүгі­ров кентіндегі Мәде­ниет үйінің алдындағы гүлзар алаңында Ер Тоқпанбет Тұңғатұлына  ескерт­кіш қою­ға қол жеткізу. Осы мақсат­ты жүзеге асыру үшін құрыл­ған «Ер Тоқпанбет» қо­ғамдық қоры біршама іс-шаралар бел­гіледі.  Осынау негізгі іс-шаралар ішін­де бел­­гі­ленген экспедиция бір ғана мүддені көздейді, ол – «Туған жер» бағдарламасы бойынша Ер Тоқпанбет Тұңғат­ұлының қазіргі ұрпақтары тұра­тын Ақсу ауданы­ның орта­лы­ғын­да ескерткіш қою үшін тарихи негіздеме жасауға жаңа де­рек­тер жинау. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуе­­зовтің «Абай жолы» романында (1-кітаптың 57-­бетінде) «Тоқпанбеттің төсі, шыңы, қыс­­­тауы» деп суреттеген жерлер­мен та­ны­сып, олардың шын мәнінде бар еке­нін, атаулардың ел аузын­да сақталып кел­генін тарихи негіздемеге қосуды ға­на мақсат ететін экспедиция өз миссиясында классик қаламгердің осы ро­мандағы «Тоқпанбеттің қыстауы – қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір­ құйқалы қыстау» деген сөздеріне сү­йе­неді. Экспедицияны Тоқ­пан­бет ба­тырдың ұрпағы ре­тінде демеушілік жасап,­ қар­жыландырдым. Ұлы Абай өмір сүр­ген өлкеде Ер Тоқпанбет есімімен байланысты жерлер­дің болғанын анық­­тау қоры­тындысы Ер Тоқпанбет Тұңғат­ұлы­ның тарихи тұлға екенін дәйектеуші дерек ретінде ға­на ақпараттық сипатта пай­дала­нылатын болады.

Сонымен «Ер Тоқпанбет» қоғамдық қоры­ның төрағасы ретінде  өзім басшылық еткен, құрамында ҰҚК құрметті арда­гері, отставкадағы полковник, Абай ауданы­ның тумасы Серікбол Нұрахметов; полковник, Абай ауданы аймағының жер жағ­дайын жетік білетін азамат, жолбасшы Бауыржан Арғынбеков, әдебиетші Сәбит Дүйсебаев бар экспедиция Тоқ­панбет атымен аталатын жерлер бар делінетін қарт Шыңғыстауға жолға шықты. Алдымен Семей қаласын­дағы Абай­дың тарихи-мәдени әде­би-мемориалдық қо­рық-мұ­ра­­жайына соғып, ондағы М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­ма­­нындағы жер­ атауларының картасымен таныстық. Одан әрі Қарауылға жеткен­де аудан әкі­мінің міндетін уа­қыт­ша атқарушы Бауыржан Тә­тібеков пен мә­де­ниет саласын басқаратын Ердар Ора­залин сынды азаматтар қарсы алып, Кең­гірбай би (жергілікті халық Биата деп атайды) ауылдық округі ардагерлер ал­қасының төрағасы Асқар Аманбайұлы Жа­расбаевты жол көрсетуші етіп қосып, біз­ді Шыңғыстауға аттандырды. Шыңғыстау ішін армансыз аралап, жер біткеннің құ­ты, елінің сарқылмас ырысы екеніне көз жеткіздік. 

Жол көрсетушіміздің жер­шіл­дігіне қай­ранбыз: әр биікті, әр кезеңді, әр өзен ар­насын,  әр қыстауды, әр қорымды олар­дың ескі атауын айтып, жазбай таниды, бірінен-бірі аумайтын қисапсыз жота-шо­қыларды емін-еркін айналып өтіп, бір­де қиялай тартып мүлтіксіз бастап, біз із­деген Тоқпанбет жұртына да алып келді. Бұл жерде Тоқпанбет қыстауының басына темір баған орнатып, оған бекітілген едәуір аумақты темір тақтаға үлкен әріп­термен «Бөжей қыстауы. Тоқпанбет» деп­ жазылған белгі бәз-баяғы қалпында тұр. Асқардың айтуынша, бұл белгіні жа­зып, қойған кісі Серікқазы Шабдаров бол­са керек. Ол кісінің өзі «Абай жолы» ро­манындағы Бө­жейдің ұрпағы болып келеді екен. 1990 жылдары Абай мен Мұх­тар мерейтойларына дайындық қар­саңында екі ұлы тұлғаға қатысты жерлер­ге осындай белгілер қойып шығу тапсырмасы болғанға ұксайды. Қайткенде де ел есінде Ер Тоқпанбет есімі құрметпен сақталып келгені анық екенін осы белгі айғақтап тұр. Осы белгі бұл қыстаудың о ­бас­та Ер Тоқпанбеттікі болғанына, ке­йі­ніректе заман ағымымен Бөжей ие­лігіне өткеніне – даусыз дәлел.

Ең кө­ңіл аударарлығы – осы жер атаулары М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы жер­ атауларымен сәйкес ке­ле­тіні, тіпті: «Кең­гірбай тобық­тыларға жер бөлгенде, Бө­жей­ге Тоқпанбеттің қыстауы тиеді» де­ген роман сөзімен де дәлме-дәл келуі. Ро­мандағы қыстау суреттемесі тап бүгін жа­зылғандай: расында да, бұл қыстаудың шал­ғыны қалың, құйқалы екен, топырағы жонданып, семіз көрінеді. Тоқпанбет қонысының тау­дың тақ­татастарынан қаланған іргетабаны ғана сақталған. Тақ­татастардың өзара байланыстырылып жымдасуы оған беріктік берген. Ал құлаған қыш қабырға топыраққа айна­лып, батыс іргесін басып қал­ған. Қоныстың ұзындығы жиыр­­ма қадамнан артық, ені он­ қадамнан кем емес. Қыстау ат­­пен шоқытып шыға беруге де болатын үлкенді-кішілі жатаған шоқылар тіз­бектей сақиналай қоршаған жазықта. Ай­наласы – шұрайлы беткейлерді іргелей ақ­қан өзен арнасы. «Ел мұны Тоқпанбет өзені деп атайды»,­ – деген Асқардың сөзін негіз­ге алып арнаның бойымен жүр­­генімізде, өзеннің тау аралы­ғындағы ке­зеңдердің табандарын қуалай аққаны кө­рініп тұр­ды. Осы қыстаудан аса қашық емес жер­дегі бейітті де ел Тоқ­пан­бет бейіті деп атайтынын ай­тып, бізді сонда алып барды. Дұға оқылып болғаннан соң біраз үнсіздіктен кейін тебірене ой қозғадым: «Әрине, елдің бұл бейітті Тоқпанбет бе­йіті деп есімін әлі күнге дейін еске сақ­тап келуі жанымызды толқытпай қой­майды. Дей- тұрғанмен, Тоқпанбет сүйегі Түркістандағы Ясауи әулие мазарында ғой. Өзі 1801 жыл қыста қайтыс бо­лар алдында: «Менің мәйітімді аманаттап уақытша жерлеңдер.

Немерем Құлтай батыр жорықтан аман оралса, тұрағымды сол шешеді», – деген екен. Батырдың мәйітін елі Шыңғыстаудың етегіне уақытша аманаттап қойған. Немересі Құлтай жорықтан орал­ған соң, Түркістандағы Ахмет Ясауи мазарынан қозы­жаурын алтынға жер сатып алып, мәйітті түйенің терісімен қап­­тап, 19 күн жол жүріп, әулие орынға апарып жерлепті. Қалай болғанда да, елдің ықы­ласы ешқашанда артықтық етпейді. Біз ел ниетіне құрметпен бас имей тұра алмаймыз. Тегінде, бұл қорық – Тоқпанбеттің әулеті ғана емес, Сыр бойынан еліне қайт­қан Тоқаң бастаған матай елінің қо­рығы. 1750 жылдардың орта шенінде қал­мақтан боса­ған Шыңғыстау өңіріне Ер Тоқ­панбет матай жұртын жи­нап қо­ныстандырады. Ш.Құ­дайбердіұлы мұны растап, Еңлік-Кебек поэмасында «Бос тұрған Шыңғысқа матай қонған. Біз әрі-бері деп жүргенде» деп жазған. Ал тобықтыларды 1780 жылдардан кейін Мамай бастап Шыңғыстауға әкелген. Жо­ғарыда айтылғандай, осы қорым ішін­де батыр мәйітінің уақытша аманаттап қойылуы да мүмкін деген ойға келіп тұр­мын», – деп, ықылас қойып, қайыра зия­рат еттім.

Тоқпанбеттің тікелей ұрпа­ғының тол­ға­нысына құлақ түр­ген экспедиция мү­шелерін сан алуан ой баурап алған сәтте ор­наған тыныштық тау тылсымымен тұтасып тұрғанда, сөзімді жалғай түстім: «Шәкәрімнің шежіресі бойынша айтсақ, бұл жерді матай елі ғасырға жуық уақыт мекен еткен. Қорымдағы бейіт санының молдығы соған меңзейді. Жоңғар соғы­сының соңына қарай 1750 жылдары «Ақ­табан шұбырындыда» жаудан ығып барған Сыр өңірі мен Арқа аралығынан үш ата матай (аталық, қаптағай, кенже) елін жинап алып келіп, осы Шыңғыстауға орнық­тырған Тоқпанбет батыр бола­тын. Шәкәрім: «Біздің то­бықты мұн­да­ келген кезден бұрын қалмақты қуған найман-матайлар екен... То­бықтыларды Мамай батыр бас-тап, Шыңғыстауға 1780 жыл­ға тақағанда әкелген», – деп анықтап жазған. Шәкәрім де­регінен тарихи мәлімет табамыз». Үш ата матай қоныс қылған сол ал­қапты Ер Тоқпанбет қо­ны­сы деп атайды. Тоқ­панбет бейіті деп аталатын алқаптан көзкөрім жерде ақ кірпішпен өрілген үл­кен мазар көрінеді. Жолбасшымыз оның Жиренше бейіті, яғни «Абай жолы» ро­манындағы бай Жиреншенікі екенін айт­ты. Бейітті оның ұрпақ­тары жаңалап қай­та көтер­ген екен. Осылайша заманның жақсы­лығына шү­кіршілік еткен ме­рейлі елдің көмегімен өл­ке үшін маңызды құнды-құнды тарихи деректер жинақтап Семейге қайыра орал­дық. Мұнда да бізді жергілікті ел ағалары күтіп отыр екен. Олардан да Тоқ­панбет елінің Шыңғыстауға келіп-кетуіне қатысты ой қозғарлық әңгімелер олжаладық.  Әсіресе Жарма аудандық ақ­са­­қалдар алқа­сының төра­ғасы Нұрлыбек Оспан­бек­ұлы Есболов мәнді мәлі­мет­терге қа­нық­тырды, оның өзі түпкі шежіресінде әйгілі Мо­лық­бай қобызшының (Ілияс Жансүгіровтің «Күй» даста­нының кейіпкері) шөбересі болып келеді.

Ол Тоқпанбет елінің Шыңғыстаудан Қалба тауларына қарай қоныс аударуының қоғамдық сипатының да жоқ емес екенін нанымды айтып­ берді, атап айтқанда, ол ұлы көш Абылай ханның ұйғарымымен басталған сыңайлы. Әңгіме арасында: «Қазақтың құдандалық салты да көп жағдайда ел ішін татулыққа ұйытып отыр­ға­нын, матайдың кенже атасынан тобықты Өскенбайға ұза­тылған Тоқбала қыздың (то­бықтыларға келген соң, кілең зер қондырылған бұйымнан құ­рал­ған жасауына қарап ел Зере атап кеткен) ма­тай-тобықты татулығына септігі көп тиген», – деп құрметпен еске ал­ды.

Сол Зе­реден Құнанбайдай ке­меңгер туады. Кейінде, Өскен­бай ел билеген шақта, үл­кен бәйбішесі Зеренің ықпалында болуы кәміл. Тіпті кемел жаратылысты Құнанбай да ел арасы істерінде анасы Зе­ре ақылынан шыға қоймағаны белгілі. Екі елдің достығының кепілдігі болған сол Тоқбала-Зере әже хакім Абайдың да ұлылық бесігі болды ғой. Сонымен сапарымыз хал-қаде­рінше сәтті болып, көздеген мақсатқа қол жет­кізілді. Тоқпан­бет өзені, Тоқпанбет бейіті, Тоқ­пан­бет құдығы дейтін жерлер шын мәнінде бар. Олар бүгіндері де солай ата­лады.

Ақшамбек БАРЫСБЕКҰЛЫ, 
«Ер Тоқпанбет» қоғамдық қорының төрағасы, 
ҰҚК ардагері,

Сәбит ДҮЙСЕБАЕВ, 
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі