Әдебиет • 06 Қазан, 2017

Суреткер мен кейіпкер

1002 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өміршең шығарма деп өмірден ешқашан алыстамайтын туындыларды айтатын болсақ керек, сірә. Себебі қаламгер қоңыз туралы жазса да (айталық, Ф.Кафканың «Құбылу» әңгімесі), өз шығармасына адам тіршілігін, әлеуметтік мақсат-мүдделеріміз бен арман-қиялдарымызды арқау ететіні ақиқат. Олай болмаған күнде оқырман жүрегіне жол таба алмайды. Себебі адам кітаптан ең алдымен өзін, содан соң өзіне таныс-бейтаныс кейіпкерлерді көргісі келеді.  

Суреткер мен кейіпкер

«Біз соғысты көрген жоқпыз» (Д.Иса­беков). Әйтсе де, соғыс туралы, тыл туралы жазылған туындылар әлі күнге дейін көңілімізді толқытып, көзі­міз­ге жас үйіреді. Себебі, ол – өмір. Кеше­гі шындық, бүгінгі тарих.

Сол секілді, соғыстан қашып жүр­ген дезертирлерді де көрген жоқпыз. Бірақ, олардың атының өзі жиіркеніш туғыза­ды. Өйткені, елді, жерді қорғау – бәрі­міздің перзенттік парымыз.

Дегенмен пенде болған соң оның да кім екенін, кейінгі өмірі қандай болғанын білгіңіз келеді. Бұл да адам баласына тән табиғи әуестік.

Міне, сондықтан да, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» повесіндегі өз кейіпкері, дезертир Ысмайыл туралы айтқан әңгімесі қалың оқырманның үлкен қызығушылығын туғызғаны рас.

Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат жүрегіне салған жарасын Уақыттың өзі емдеп жазғанының белгісі ме, әлде сол бір қанды қырғынды өз көзі­мен көрмеген ұрпақтың кешірімі ме, кім білсін, әйтеуір, Ысмайылға іштей жаны­ңыз ашығандай болады.

«Қайткен күнде де, ол – хайуан емес, адамның баласы ғой!», деген ой ке­леді басыңызға. Ұлы суреткер өзінің «Балалық шақ» атты кітабында Ысма­йыл туралы мынадай бір қызықты әңгіме шертеді: 
 «Еркіндікті сүйетін, жүйрік ат десе жанын қиюға дайын тұратын бір қызық жан еді. Ішіп-жеп, ырлап-жырлап, кең дүниені шарлап жүргенді жақсы көретін. Жүрегінің түгі бар, ханға да, қараға да бас имей, кез келген жерде айтысып-тартысып, тіпті жұдырықтаса кетуден тайынбайды.
Содан ба екен, біздің айылдағы со­ғыс­тан қашқан алғашқы дезертир сол болды. Оның неге бүйткенін анық біл­мей­мін, бірақ қасындағы бір серігі екеуі майданға бармай, қашып-пысқаны шын­­дық. Оның тау-тасты паналап, жасы­рынып жүргені туралы әңгімелерді бала күнімізде көп естідік. Ел оған ыза боп, еркек кіндіктінің бәрі соғысқа кеткенде, бұл Ысмайыл жанын сақтап қашып жүр деп ренжіп отыратын.

Бірнеше әңгімелерімнен кейінгі алғаш­қы повесім «Бетпе-бет» болды. Оны Мәскеудегі Максим Горький атын­дағы әдебиет институтында оқып жүр­генде жаздым. Жалпы, менің шығар­машылығымды кең дүниеге танытқан «Жәмила» да сол бір студенттік шақта қағазға түскен-ді.

Қырғыз әдебиетшісі К.Асаналиевті мен өте жоғары бағалаймын. «Кассандра таңбасы» атты кейінгі жазылған шығар­мам туралы ол кезінде тәуір сын жазды. Екеуміз жиі-жиі кездесіп, шығар­машылық жайында кеңінен әңгіме-дүкен құрып тұратын жақын достармыз. Кеңесбекпен болған осындай кездесулер маған үлкен шығармашылық қуат, нәр беріп, оның жемісін де көріп жатамын.

Жаңағы «Бетпе-бет» повесі жазылған кезде Кеңесбек Асаналиев Мәскеуде тұратын-ды. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа шығармамды біреуге оқып, пікірін білгім келген. Бірақ ол қырғызша жа­зыл­ғандықтан, мәскеуліктерге қалай оқып бермекпін?

Кеңесбекке телефон шалып, осы бір істің жайын айттым. «Мәскеу» мейманханасының алдында жолығуға келістік. Екеуміз айтылған уақытта ұшы­ра­сып, тынышырақ жер іздеп, ішке кір­дік. Сөйтіп, әлгі мейманханадан бір оңа­ша, у-шудан алыстау орын тауып алып, біріміз орындыққа, ал екіншіміз ди­в­ан­ға құйрық бастық. Көп сөзге уақыт шы­ғын­дамай-ақ, мен бірден шығармама кірістім.

Екі сағаттай үзбей оқыдым. Кеңесбек мені бір рет те тоқтатпай, ондағы оқиға­ны көз алмай бақылап отырғандай ұйып тың­дады. Оқып біткен кезімде бірден повес­тің жақсы жазылғанын айтып, біраз мақтау сөздер жаудырды. Содан соң, күт­пеген жерден: 
– Сол Ысмайыл әлі бар ма? – деп сұрағаны.

– Иә, ол әлі тірі. Дезертир ретінде ұс­та­лып, қамауда болып қайтты. Түрме­де он жылдай жатты. Шамасы, қырық төртінші, не қырық бесін­ші жылы кесілді ғой деймін, әйтеуір, елуінші жыл­дар­дың ортасында босап келді. Ең қызығы, ол кісі сонысына бір намыс­танып, иә болмаса, қайғырып көр­мепті. Керісінше «Менің жаным аман қалды. Не десеңдер, о деңдер. Иә, май­дан­нан қаштым, он жыл түрмеде жатып шықтым. Бірақ сау-саламат, тірі жүр­мін. Басқалардай кеудемді оққа тосқан жоқпын», дейді екен.

 «Бетпе-бетті» жазғанда менің әдеби тәжірибем әлі аз еді, сондықтан да болар, оның өмірдегі Ысмайыл деген шын атын сол қалпында алдым. Мен үшін ол кісі бір жанды, тірі бейне еді. Бәл­кім, сол үшін де есімін өзгертпейін деп шеш­кен болармын. Бұл шығарма таулы аймақта, әсіресе Шекерде бір ерек­ше оқиға ретінде қабылданды. Ол кез­де Ысмайыл әлі Сібірде қамауда жат­қан. Айылда оның балалары және аға­йын-туыстары көп еді. Олар қашқын Ысма­йыл­дың үстінен қозғалған істен қорқып, әр нәрседен шошып, үрейленіп жүретін.

Иә, кейін Фрунзедегі (қазіргі Бішкек – ред.) қырғыз драма театры сол «Бетпе-беттің» бір бөлімін сахналады. Ойын көруге келген жұрт бұны ерекше қызы­ғу­шылықпен тамашалады. Содан соң оны театр әр тарапқа гастрольге алып шықты. Сөйтіп, күндердің бір күнінде Шекерге де жетеді. Айыл тұрғындары «Бетпе-беттің» болатынын алдын-ала біліп, колхоз клубына түгел жиналған екен. Сонда Ысмайылдың рөлін ойнаған актер Арсен Өмірәлиев кейін маған мынадай бір қызық әңгіме айтып берді.

Ойын басталғанда клубтың іші лық толған. Содан спектакль жүріп жатқанда біреулер сахнадағы Ысмайылды таспен атқылап, әлгі жерде отырған туыс-ту­ған­дарын келеке-мазақ етіп: «Ей, мына Ысмайылдарыңа қараңдар! Дезер­тир, қашқын, елін сатқан опасыз!» деп ай­қай­лайды. Сөйтіп ойынның дәл орта­сына жеткенде қып-қызыл шатақ бас­талыпты. Ысмайылдың ролін жанын сала ойнаған Арсен Өмірәлиев үшін бұл бір өте қиын сын сағаты еді. Ол жаңағы жерде асып-сасып, не істерін білмей қалады да, бір кезде қатты бақырып, сахнадан залға секіріп түседі. Сөйтеді де, қым-қуыт боп жанжалдасып жатқан­дардың қақ ортасына кірісе кетеді. «Ол – менмін! – дейді артистік зор даусымен айқайға басып. – Ысмайыл деген мен боламын! Осы айылдан шыққанмын! Тоқтатыңдар жанжалды! Ешкімнің мені айыптауға да, ақтауға қақысы жоқ! Бәріне соғыс кінәлі! Соғыс қана айыпты! Қазір мен сендерге өзім туралы бар шындықты айтып беремін!» Сөйтіп, сахнаға қайтадан атып шығады. 

Өкіріп, бақырып, өзінің Ысмайыл екенін, майданнан қашуға не себеп болғанын елге түсіндіріп, аузын жаппай сөйлей береді, сөйлей береді. Ақыры көрермендерге өзінің енді оңалып, түзеліп, адам болғанын айта келіп: «Мен – Ысмайылмын! Қазір түрмеде жатырмын. Еркіндікке қайта шығып, атамекеніме қайтып келіп, сіздер­ді, жақындарымды, туған-туысқан­дарымды, айылдастарымды бауырыма тартып, қатты қысып құшақтағым келеді.

Сол күнді міне, сағат санап, күн санап күтіп отырмын мұнда. Бостандыққа шығуды аңсаймын. Барлық ісіме өкініп, күнде зарлаймын», дейді.

Колхоз клубына жиналғандар осы­дан кейін көпке шейін басылмай, қол шапалақтап тұрып алады. Кейін Ысмайыл жазасын өтеп, туған айылына қайтып келгенде, осының бәрін бүге-шігесіне шейін қалдырмай, жыр қылып айтып береді.

Ысмайылдың Сібірден қайтып кел­гені туралы хабарды мен де естідім.

Соғыс жылдарында айылда хатшы, салық жинаушы болып істеген, кейін­нен оны өзінің шығармасына басты кейіпӨкер етіп алған, сөйтіп әйгілі жазу­шы болған мен туралы да ел оны құлағ­дар етеді. Ал ол болса, өзінің құр­­дас­тарына: «Жазу­шы­ға ырза­мын. Бұрын мені Шекер­ден басқа ел білмеу­ші еді. Міне, енді, жер­лес інім­нің жазу­шы­лығының арқасын­да бү­кіл дүниеге танылдым», деген көрінеді.

Кейін өзі маған бір хат жолдады. Онда: «Менің қашқын болғаным туралы шығарма жазған екенсің. Екі ұлым қазір әскер қатарында, өз қызметтерін өтеп жүр. Біреуі – әскери-теңіз флотында, ал екіншісі, ол да сол төңіректе болса керек. Екеуі де – сарбаз. Түсіндің бе? Енді бәрі өз жөніне келді», деп екі ұлының суретін конвертке қоса салып жіберіпті.

Міне, ақиқатында мен көріп-білген шын Ысмайыл осындай кісі еді». 

 

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»