Медицина • 06 Қазан, 2017

Алматыда онколог-дәрігерлердің халықаралық конгресі өтті

283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорында маммология және онкогинекологиядағы инновация және ауқымды мәселелерге арналған халықаралық онкологтар мен онкохирургтар конгресі өтті.

Алматыда онколог-дәрігерлердің халықаралық конгресі өтті

ҚР ДСМ Бас онкологы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымының докторы Диляра Қайдарова, АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институты Ғаламдық денсаулық орталығының директоры Эдвард Тримбл, Халықаралық гинекологиялық онкология қауымдастығының Бас директоры Мэри Эйкен, EURAMA және IGCS, яғни Сүт безінің ауруларымен күрес жөніндегі еуразиялық қоғамы және Халықаралық онкогинекологтар қоғамы онкологтарының, кәсіби қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен өткен «Онкогинекология және маммологиядағы озықтық пен қайшылықтар» тақырыбындағы конгресте Қазақстандағы онкогинекология және маммологиядағы уақытылы диагностика, емдеу сапасы және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. 

Әлемдік беделді ұйымдардың қолдауымен елімізде алғаш рет өткізіліп отырған Конгресс жұмысында сөз сөйлеген ҚазОжРҒЗИ директоры Диляра Қайдарова: «Қазақстанда, сондай-ақ, бүкіл әлемде онкологиялық ауруларды емдеу – денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі. Жыл сайын қазақстандық 4 мыңнан астам әйел сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығып жатса, 1,5 мыңнан астам әйел осы дерттен көз жұмады. Кеуде қатерлі ісігі – әйелдердің онкологиялық аурулары ішіндегі ең көп тараған патология болып отыр. Одан кейін жатыр мойнының қатерлі жиі кездеседі. Әйелдер бұл дертке көбінесе отбасын құрып, қоғамға да пайдасын көп  тигізетін 30-40 жас шамасында шалдығып жатады» дей келе, Қазақстанда «жатыр мойнының қатерлі ісігі» диагнозымен диспансерлік есепке тұрған 12 мыңға жуық әйел бар екенін, сондықтан еліміз үшін бұл дерттерден емдеудің өте өзекті мәселе болып отығанына тоқталды. «Қазан айын біз қазақстандық барлық әйелдердің осы аурулар турасында хабардар болуына арнап отырмыз. Он жылдан бері сүт бездері мен жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы тегін скрининг бағдарламасын енгіздік. Еліміздегі әрбір емханада онкоцитология анализдерін алып, әйелдерді тегін қарайтын бөлмелер ашылғанына қарамастан, өкінішке қарай, көптеген әйелдер түрлі себеппен дәрігерге қаралудан қашқақтап, уақытты өткізіп алып жатады. Әйелдің нағыз толысқан шағында қатерлі ісікке шалдығып, көз жұмуы – кез келген отбасы үшін үлкен трагедия. Сондықтан денсаулық мәселесін ешқашан кейінге шегеруге болмайды», – деді Диляра Радикқызы. 

АҚШ, Италия, Испания, Түркия, Ресей, Беларусь, Грузия, Германия, Швейцария, басқа да бірқатар елдердің жетекші мамандары қатысқан үш күндік Конгресс аясында маммологиялық және гинекологиялық диагностиканың мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында хирургиялық операциялардың тікелей көрсетілімі арқылы дәрігерлерге арналған шеберлік сабақтарын жүргізумен қатар, шетелдік білікті мамандар Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтындағы онкологиялық науқастарға бірегей оталар жасап, бірлескен білім беру сессияларын өткізді.

«Сүт безінің қатерлі ісігі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ-та да, бүкіл әлемде де алдыңғы орында тұрған мәселе. Осы басқосу барысында біз жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алуға арналған вакцинаны егу, науқастан анализдер алудың озық тәсілдері сияқты әдістерімізбен бөлісе алдық. Екі ел арасындағы қатерлі ісікке қарсы тұру бағытындағы қарым-қатынасты күшейте түсу арқылы алдағы уақытта үлкен нәтижелерге қол жеткізсек деген ойымыз бар», – деді өз баяндамасында АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институты Ғаламдық денсаулық орталығының директоры Эдвард Тримбл.

Ал қатерлі ісік диагнозын қоюға, дертке шалдыққан науқасты емдеуге қатысты әлемдегі енгізіліп жатқан озық тәжірибелерді үйрену  – онколог дәрігерлердің борышы екенін айтқан ҚР денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңес төрайымы Надежда Петухова: «Өкініштісі, Қазақстанда да болсын, әлемде болсын, қатерлі ісіктен толықтай айықтырар тәсілдердің жеткіліксіз екені қынжылтады. Дегенмен, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, медико-санитарлық көмек қызметтерін жақсартуда ҚазОжРҒЗИ соңғы жылдары көптеген жетістікке қол жеткізіп, осы саланы дамытудың стратегиялық жоспарын нақты жүзеге асырып жатыр. Жыл сайын онкоцитологияға, ісік ауруларын радиологиялық әдістермен емдеуге қатысты халықаралық шаралар өткізілуде. Әрине, емделгеннен гөрі, аурудың алдын алған жеңіл екені анық. Яғни, мерзімінде дәрігерге көрініп, аурудың алу – денсаулық кепілі екенін әрбір адам білуіге тиіс» – дей келе, Конгрестің ең алдымен дәрігерлер біліктілігін арттыруға оң ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

Тағы бір айта кетер жаңалық, ауқымды басқосуға жиналған шетелдік мамандар Алматыдағы ҚазОжРҒЗИ жанында Вакцинация орталығы ашылуының салтанатты рәсімінің куәсі болды. Қазақстанда алғаш рет ашылып отырған Вакцинация кабинетінің мақсаты – 10-12 жас шамасындағы қыз балаларға екпе егу арқылы жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу. 

Алматыда өткен Халықаралық конгресс жұмысына әлемдік жетекші сарапшылардың қатысуы, шетелдік және қазақстандық онколог дәрігерлердің тиімді тәжірибе алмасуы еліміздегі онкологиялық көмек дамуын арттыратын маңызды шешімдер қабылдауға, дәрігерлер алдынан жиі шығатын қиындықтарды айтарлықтай жеңілдете түсуге мүмкіндік беретінін айтқан мамандар әрбір әйелді жылына бір рет міндетті түрде гинеколог, маммолог дәрігерлерге тексеріліп отыруға, скринингтен өтіп, мерзімінде ем алуға шақырады.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ