Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Өлкетану – өрелі істердің өзегі

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз өлкеңді, туған жеріңді құрметтеудің ерекше маңызы бар, осындай инабатты іс терең тамыр жайғанда ғана адамдарда берік отаншылдық рух қалыптасары анық. Бұған үлес қосу да – аза­маттық абзал іс саналмақ.

Бұл ту­ра­сында Елба­сымыз Нұр­сұл­тан Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тағылымды тұжырымдар жасады: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады... Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. 

Бұл кез келген халықты ән­шейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.

...Туған жерге деген сүйіс­пеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді,...жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

...Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақталған бір­туар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Атыраудағы ұстаздық инс­титуттың 1974 жылғы тарихшы түлегі ретінде аталғандай ар­дақты жұмысқа мен де қал-қаде­рімше үлес қосудамын. Оған әсіресе, Елбасының аталмыш мақа­ласы елеулі әсер, күш-жігер беріп отыр. Осыған дейін туған өлкем – Жылыой ауданының және Атырау облысының тарихына байланысты «Жем жыры (ХІХ ғасырдың ақындары)», «Құтты мекен – Қосшағыл» және «Атыраудың ардақты адамдары» (ғұмырнамалық анықтамалық) тақырыпты кітаптарды шығарғам. Ендігісін бұларды топтастыра және жүйелі жалғастыру мақ­сатында «Атыраунама», «Жыл­ойнама» және «Ұлағатты ұстаздық ұстаным»(Атырау өлкесіндегі халық ағарту ісі тарихының кейбір парақтары) тақырыптарымен шағын шежірелік-тарихи-мұра­ғаттық туындыларды шығаруды қолға алып отырмын.

Бүгінге дейін соңғы топта­маның «Атыраудың алғашқы ағартушылары», «Ұрпақтарға ұл­ағат ұқтырған ұстаздар» деген кітаптары жарық көрді. Олар Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі ағарту ісі, кеңес заманының ал­ғашқы онжылдығындағы және қа­зіргі заманғы халыққа білім беру жұмыстары, кейбір ұлағатты ұстаздар жайында қысқаша баяндайды. 

Ал, «Атыраунама» сериясы бойынша «Атыраудың 1917 жылға дейінгі қазақы жұрты (1895-1915 жылдар)», «Атыраудың әскери халықтық училищелері(1895-1915 жылдар)» еңбектері баспадан шықты. Бұлар да нақты тарихи-ғылыми мәліметтер негізінде өлкеміздің шежіресін көрсетеді.
Атамекенімдегі елеулі өзге­рістерді, даму мен жаңғыруды «Жем жағасындағы жауһар (Балық­шылардың Жылой кенті (ХІХ ғ.аяғы-ХХ ғ.басы)», «Жыл­ойдың жарқын жандары (ғұмыр­намалық анықтамалық)» атты туын­дыларымда барынша нақты­лап жазуға талап қылдым.

Сондай-ақ жергілікті мерзім­дік басылымдарда жария­ла­нып келе жатқан «Қасиет қон­ған­ Қызылқоға», «Дауылға дейін­гі Дендер» атты топтама мақалаларымда, «Нағыз ха­лық ұстазы болатын (алғашқы ағар­тушы Х. Муньянов туралы)», «Первые просветители Атырау», «Есболдың Қызыл үйі», «Жауынгер қыз Райхан», «Адми­рал Владимирский қай жерде ту­ған?», «Ратушаға ту тікті (Бер­лин шайқасының қаһарманы Р. Қа­раманов хақында)» тақырыпты мақалаларымда атыраулық атақты адамдардың азаматтық істері мен перзенттік пайымды болмысын жан-жақты және нанымды көрсетуге, оларды жас ұрпаққа үлгі етуге күш салып келемін.

Менің ойымша, Отанымыз Қазақстанның толық және тұғырлы тарихы жекелеген өлкелердің шырайлы шежірелерімен құралуға, байытылуға тиісті. Ендеше, өл­ке­­тану ісі бірнеше томдық та­ғы­лымды тарихқа апаратын өрелі жұмыстардың өзегі болып табы­лады. Туған жер шежіресін көп болып жазалық, ағайын!

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ, 
Атырау мұнай және газ 
университетінің 
құрметті профессоры