09 Қазан, 2017

Ұйымды ұйыстыруға бағытталған ұсыныстар

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы – ха­лықа­ралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті нығайту, елдер арасындағы ынты­мақтастықты арттыру, климат­тың өзгеруі, тұрақты даму, адам құқы­ғы, қарусыздану, лаңкестік, гумани­тар­лық және төтенше жағдайлар, ген­дерлік теңдік тәрізді өзге де маңыз­ды мәселелер бойынша шешімдер қа­был­дайтын, кең ауқымды өкілеттікке ие халықаралық ұйым.

Ұйымды ұйыстыруға бағытталған ұсыныстар

Дегенмен ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік державалар арасындағы қарама-қайшылықтар, олардың түрлі аймақтардағы ық­пал­дарын арттыруға деген саясаттары, халықаралық кеңістікте жеке шешімдер қабылдап, ұйымның қарарлары мен шешімдеріне құлақ аспауы БҰҰ-ның беделі мен ықпал ету тетіктеріне кері әсерін тигізген болатын. Соңғы 20 жылда кейбір мемлекеттер түрлі желеумен, БҰҰ мінберінде талқыламастан және оның шешімінсіз басқа елдердің территориясына басып кіріп, әскери қимылдар жасап, мемлекеттік билікті құлатуға дейін баруда.

Бұдан Ұйымның ықпал ету мүм­кін­діктері азайып, түрлі елдер алдындағы беделі төмендеуде. Бұл жағдаяттар өз кезегінде Ұйымның қызметін уақыт талабына сай реформалау қажеттігін көрсетеді. Расында, Ұйымның дағдарысқа ұрынғаны соңғы жылдарда анық аңғарылуда. Көптен бері оның басқару және құрылымдық жүйесінде уақыт талабына сай өзгерістердің болмауынан, БҰҰ өзінің саяси рөлін әлсіреткендей. Ахуал осылайша жалғаса беретін болса, Ұйыммен есептесетіндер саны да азая түсетіні сөзсіз. Осы орайда БҰҰ-ны реформалауға қатысты тұшымды ұсыныстар қажет болды. Бұл мәселеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның биік мінберінен өзінің ілгері ниетінен туындаған ілкімді ойларын білдіріп, халықаралық қоғамдастықтың ризашылығына бөленгенін айырықша атап өтуіміз керек.

ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты қызметтері қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған белді халықаралық ұйымдарға табысты төрағалық етіп, олардың қызметін жаңа сатыға көтеріп, ғаламдық және аймақтық деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстар мен іс-қимылдар жасап келе жатқан еліміздің Президенті БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойына арналған саммитінде оның қызметін саяси және экономикалық бағыттарда жетілдіруге қатысты тың бастамалар көтеріп, оны іске асыру тетіктерін жариялаған болатын. Онда негізінен Ұйымның лаңкестік пен экстремизмге қарсы күресін күшейтіп, мемлекеттерді зұлымдыққа қарсы біріктіру, оның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру, Жаһандық стратегиялық бастама - 2045 жоспарын әзірлеу секілді маңызды ұсыныстар айтылған-ды. Сондай-ақ, Елбасы БҰҰ-ның дамуына жаңа қарқын беру мақсатында, жыл сайын әрбір мемлекет өз қорғаныс бюджетінің 1 пайыздық мөлшерін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары үшін құрған арнайы қорына аударып, оның штаб-пәтерін Азия аймағына көшіру сияқты маңызды ойларын да халықаралық қоғамдастықтың назарына ұсынған еді. Бұдан бөлек, БҰҰ-ның жұмысын жетілдіру мәселелері еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жеті негізгі басымдықтарының бірінде атап көрсетілген. 

Таяуда БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сес­сиясында БҰҰ қызметін жетіл­діруге қатысты арнайы іс-шара өтіп, оның қызметін реформалауға қатысты ұсы­ныстар жасалып, арнайы декларация қабылданды. Декларацияда Бас хатшының рөлін күшейту, БҰҰ бүкіл жүйе­сінің есеп беруін және ашықтығын арттыру, ұйымды қаржыландыруда елдердің үлесін теңестіру, менеджмент сапасын көтеру, бюджеттік жоспарлауды же­тілдіру, сияқты т.б. мәселелер қамтыл­ған. Сонымен қатар, құжатта мүше мем­ле­кеттер мен БҰҰ Хатшылығы арасын­дағы әріптестік қатынастар мен сенімді нығайту маңыздылығы айтылған. 

Жалпы, Декларацияны қолдаған Ұйым­ға мүше 128 мемлекеттің қатарында біздің еліміз де бар. БҰҰ-ны реформалау бойынша қабылданған бұл құжатта көзделген мәселелер Қазақстанның осы саладағы негізгі көзқарастарына, Елба­сы­ның ұсыныстарына толық сәйкес келеді. Бұл Декларация Ұйымдағы дағ­да­рыстық жағдайды тоқтатуға, 72 жыл бұрын Сан-Францискода басталған үр­дісті жандандыра түсуге жол ашатыны сөзсіз. Декларация БҰҰ-ға мүше 193 мем­лекеттің басшыларының бәріне «сағат­тарын теңестіруге» және Ұйымның бола­шақтағы маңызды басымдықтарын анықтауға бірегей мүмкіндіктер бермек. 

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше­сі ретінде Ұйым қызметін түрлі бағыт­тары бойынша мүмкіндігінше жетіл­діруге, мемлекеттер арасындағы қара­ма-қайшылықтар мен текетірестерді барынша бейбіт, дипломатиялық жолмен, тәуелсіздік жылдары жинақталған бітімгерлік тәжірибесін барынша қолдана отырып шешуге күш салатын болады.