Бокс • 09 Қазан, 2017

«Спорттық карьерамды қайта бастағым келеді»

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын спорттық мансабын кәсіпқой бокста жалғастыру үшін АҚШ-қа аттанған Дәурен Елеусінов бір жарым жылдан бері шаршы алаңға шықпапты. Бұған промоутерлік компаниялардың уәделерінде тұрмағаны себеп болған екен...

 

«Спорттық карьерамды қайта бастағым келеді»

Бүгінге дейін бес жекпе-жегінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтаған боксшы мұхиттың ар жағындағы өмірі, алдағы жоспарлары туралы ой бөлісіп және інісі – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа қайта оралуына қатысты сұрақтарымызға жауап берді. 

– Дәурен, сұхбатымызды Ген­на­дий Головкин мен Сауль Аль­варес арасындағы жекпе-жек қоры­тын­дысына қатысты пікіріңізден баста­сақ. Сіздің ойыңызша, бұл шешім қан­шалықты әділетті?

– Меніңше, бұл – бокс әлеміндегі екі алыптың есімін әлі де пайдалану мақсатында шығарылған шешім. Ұйым­дас­тырушыларға екеуіне қарымта жекпе-жек беру арқылы тағы да ақша жасау керек болып тұр. Өзім сол салада аздап жүргендіктен жоғары жақтағылардың көздеп отырған мақсатын түсінемін. 

Бұл айқаста Геннадий белсенді болды. Ашық шабуылға шығып, көбірек соқ­қы жұмсауға тырысты. Ал «Канело» қор­ғанысқа көңіл бөлгенімен, дәл соқ­қылар жағынан басым түскендей көрінді. 

– Әңгіме ауанын өзіңізге бұрсақ. Жақында Астанада өткен бокс кешінде сізді көріп қалдық. Елордаға қашан келіп едіңіз? 

– Шамамен бір айға жуықтады. Ата-анамызды көріп кетейік деп келдік, әрі визаны создыратын да уақыт жақын­дап қалды. Одан бөлек біржарым жыл жек­пе-жексіз жүрдім. Промоутерлік компаниялармен келісімшартты үзгенмін, енді осы жұмысты ретке келтіру керек. Алғаш барғанда, тәжірибесіздіктің кесірі ғой, бірінші кездескен промоушн­мен келісіп қол қоя салғанмын. Не құжат тексермегенмін, не жаттығу жағдайының жақсы болатынына әбден көз жеткізіп алмағанмын. Бұлай дейтінім, кездесулер­ге қиын жағдайда дайындалу­ға тура келді. Белгіленген жекпе-жектер өтпей қала­тын. Құрғақ сөзге алданып жүргенімді түсінгендіктен, келісімшартты бұзамын деп шештім. Бірақ оның өзіне біржарым жыл уақыт кетті. Енді мұндай жұмыстарға жауапты қарау керектігіне көзім жет­кендіктен, спорттық карьерамды қателіксіз қайта бас­тағым келеді. Біреуге құл болып жұмыс істегім келмейді. 

– Жылдың басында басқа компаниямен келісімшартқа қол қойды деп естіп едік...

– Жоқ, одан да бас тарттым. Мұхиттың ар жағында ТМД елдерінен келген бокс­шыларға спорт гастарбайтерлері ретінде қарап, пайдаланып қалғысы келеді. Ешқандай жағдай жасалмайды. Ал екінші компанияның талабы бойынша інім Данияр да сол қатарға қосылуы керек еді. Бірақ ол бас тартқандықтан, менің келісімшартым да жарамсыз болды. Дегенмен арада келіспеушілік болған жоқ.

– Америкаға арман қуып баратын боксшылар көп. Бәрі де өз жолын тап­қы­сы келеді. Ал бәсекеге төтеп беру үшін не істеу керек?

– Ең алдымен сауатты заңгер­лік­пен «қаруланған» жөн. Себебі келісімшарт жасар алдында арнайы маман­ның көмегі қажет болады. Боксшы қандай қағазға қол қойып жатқанын бүге-шегесіне дейін оқып шығуы керек. Өз басым маған хабарласып кеңес сұраған жерлестерімнің барлығына соны айтамын. Қазір кәсіпқой боксқа ауысып жатқан жастардың көбісі маған хабарласады. Келісіміңді бермес бұрын басқа боксшылармен сөйлесіп, сол промоушн жайлы зерттеп алған жөн. 

Қайталап айтамын, кәсіпқойлар ара­­сында өнер көрсеткісі келетін был­ғары қолғап шебері алдымен құжат­тарға баса мән бергені жөн. Себебі келісім­шарты­ңыз­дың бір бұрышында көрінер-көрінбес әріп­термен қағазда жазылғанның бәрін жоққа шығаратын пункттер болуы әбден мүмкін. Яғни, жылдап тегін жұмыс істе­геннен гөрі аудармашыға немесе заңгерге ақша төлеп, барлық мәселенің басын бірден ашып алған жөн.

– Әуесқой бокста Азия чемпионатында топ жардыңыз, халықаралық турнирлерде үздік атанып жүрдіңіз. Чемпиондық жолды жалғастыруға не кедергі болды?

– Әуесқой бокста азды-көпті бағымды сынап көрдім. Дегенмен, кәсіпқой боксқа ауысатын уақыт жеткенін түсіндім. 

Шыны керек, бала күнімнен маған әуесқой бокс ұнамайтын. Бірақ біздің елде кәсіпқой боксқа ауысып кетуге бұрын мүмкіндік аз еді. Сондықтан әуесқойлар арасында өзіме біраз тәжірибе жинап алуым керек деп қана жүретінмін. Әуесқой боксты өз басым кәсіпқой боксқа дейінгі саты деп қарастырдым. Бокста өзін дамытқысы келетін жастарға да біртіндеп осы спортқа бет бұруға кеңес беремін. Бірақ бұл шетелдік промоутерлерге құлдыққа бар дегенім емес. Меніңше, әлеуеті мол боксшыларға кәсіпқой боксқа жол салу керек. Әйтпесе құрамаға іліге алмаған қаншама дарынды жігіттер күзетші қызметінен әрі аса алмай жүр.

– Данияр жайлы нақтылай кетсек. Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойы­нан бас тартуына не себеп? Ағасы ре­тін­де оның бұл шешімін қолдайсыз ба?

– Негізі бұл сұраққа Даниярдың өзі жауап бергені дұрыс шығар. Ал менің бұған қатысты пікірім екіұдай. Әуесқой бокста біраз белесті бағындырды, енді кәсіпқой бокста шыңдала түссе екен деп едім. Оған Даниярдың мүмкіндігі же­те­ді. Еңбекқор, табиғат берген дарыны да бар. Бірақ бастапқы келісімшарт көңіл­ден шықпаған соң, кәсіпқой боксқа бару райынан бас тартып, әуесқой боксқа оралуды жөн көрді. Ол кішкентай бала емес. Шешімді өзі қабылдайды. Ал мен оны ағасы ретінде қай кезде де қолдаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист