Хоккей • 09 Қазан, 2017

Екі рет етпетінен түсті

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының соңғы екі турында жеңіліс тауып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Әуелі олар Минскіде жергілікті «Динамо» хоккей клубына 2:3 есебімен есе жіберсе, бұрнағы күні Сочи қаласының «Сочи» командасымен күш сынасып, 1:3 есебімен тағы да жеңіліп қалды. 

Екі рет етпетінен түсті

«Динамомен» болған ойын­да елорда командасына сәт­тілік жетіспеді. Алғашқы голды матчтың 13-минутында «Барыс­тың» хок­кейшісі Тал­ғат Жайлауов соққан еді. Бірақ кездесудің 19-шы және 38-минуттарында Александр Китаров пен Куинтон Хауден екі шай­бамен жауап беріп, «Дина­моны» алға шығарған. Ойын­ның аяқталуына санаулы секунд­тар қалғанда Талғат Жайлауов әріптесі Найджел Доусқа дәл пас беріп, өз кезегінде капитан мүмкіндікті мүлт жібермеді. Овертаймда екі ко­ман­да итжығыс түсіп, кездесу тағ­дырын буллит шешті. Бұл сын­да «Динамоның» жолы болып кетті. 

Ал Сочиде өткен кездесуде Евгений Корешковтың шәкірт­тері тым сылбыр ойнады. «Барыс­тың» қақпасын қорғаған Сер­гей Кудрявцевке «Сочи» сапы­нан Михаил Юньков екі (9-шы және 33-минуттар) және Кей­си Уэллмэн бір шайба (36) сал­ды. Үш бірдей гол жіберген Кудрявцев­тің орнына бапкерлер Хенрик Карллсонды шығарған еді. Бірақ бұдан таблодағы есеп өзгере қоймады. Бар болғаны матч­тың 53-минутында Мартен Сен-Пьер әупіріммен гол соғып, «Барыс» тарапынан соғылған жалғыз шайбаның авторы атанды.

Сонымен, 18 ойында 29 ұпай алған «Барыс» Шығыс конференциясы бойынша алтыншы орында келеді. Команда келесі ойынын ертең Омбыда «Авангард» хоккей клубымен өткізеді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар