Үкімет • 10 Қазан, 2017

Педиатриялық учаскелерге деген қажеттілік қашан толық қамтамасыз етілетіні мәлім болды

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. 

Педиатриялық учаскелерге деген қажеттілік қашан толық қамтамасыз етілетіні мәлім болды

Жиында бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Осы ретте министр Педиатриялық учаскелерге деген қажеттілік қашан 100 пайыз қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде алты жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету мақсатында педиатриялық учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл республика бойынша 23 педиатриялық учаске ашылды, жыл соңына дейін тағы 84 осындай учаске ашу жоспарланып отыр. 2018 жылы оқуды бітіретін интерн педиатрларды есепке алғанда, тағы 230 педиатриялық учаске ашу, 2019 жылдан бастап 2024 жыл аралығында жыл сайын 500-ден астам педиатриялық учаске ашу көзделген. Осылайша, 2024 жылға қарай педиатриялық учаскелерге деген қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр», деді министр.

Министрдің айтуынша, бұдан өзге, созылмалы аурулары бар пациенттерді белсенді түрде қадағалап-қарауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Биыл жоба барлық 16 өңірде іске асырылды, жобаға қатысатын науқастардың саны екі есеге ұлғайған.

Жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру және ЖМК қызметінің жұмысындағы проблемаларды шешу мақсатында жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге сараланған тәсілді көздейді. Жеделдік санатына байланысты көмектер оңтайландырылған және симптомдары бойынша топтастырылған. Сондай-ақ, ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру аясында бүгінде 53 ұзақмерзімді шарт жасалғанын, оның ішінде 24-іне биыл қол қойылғанын атап өтті. Бірыңғай дистрибьютордың жалпы сатып алуында отандық өндірушілердің үлесі заттай мәнде 75 пайызды, ақшалай мәнде 30 пайызды құраған.

Сонымен қатар министрлік өңірлермен бірлесіп Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде екен, онда желіні трансформациялау қажеттілігі, инфрақұрылымды жаңарту және ресурстарды тиімді пайдалануды ескерумен медициналық кадрларды дайындау қарастырылады. Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қабылдау және іске асыру 2017-2025 жылдар аралығында 11,2 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжанған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі денсаулық сақтау саласын цифрлы жаңғырту және қағазсыз жұмыс форматына көшу мақсатында медициналық ақпараттық жүйелер енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»