Театр • 10 Қазан, 2017

Астанада махаббат мюзиклі сахналанды

639 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейбітшілік және Келісім сарайында «Астана – менің махаббатым» атты мюзиклдің тұсаукесері өтті. Музыкалық қойылымды аз уақытта көңілді спектакльдерімен есте қалған «Астана мюзикл» театры ұсынып отыр.

Астанада махаббат мюзиклі сахналанды

Қойылымның қоюшы-режиссері – «Астана Мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қойылым авторлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков және Артур Оренбургский. Мюзикл барысында Абай Құнанбаевтың, сондай-ақ Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова, Қайрат Баекенов және Хамит Шаңғалиевтың туындылары орындалды.

Аталған мюзикл адамзатқа ортақ ұлы – сезім махаббат тақырыбында өрбиді. Қазақстанда өтетін ән байқауына қатысуға келген шетел қазағы Жанар мен Нұржанның махаббатына, енді бірде көп жылдар бұрын туған жерден қол үзуге мәжбүр болған Жанардың атасы Хамит ақсақалдың елге, жерге деген сағынышына айналып сахна төрінен үн қатады. Қойылым режиссері Асхат Маемировтың айтуынша, мюзиклдің «Астана – менің махаббатым» деп аталуында да үлкен мән бар.

«Себебі тағдырдың бұралаң жолы жырақтатып жіберген сан тағдырлар әсем қала Астанада тоғысады. Астана – орындалар асыл армандардың, жарқын болашақтың қаласы. Астана – біздің тәуелсіздігіміздің символы. Осы ретте Париж сияқты махаббаттың, адамзатқа ортақ барша асыл сезімдердің ордасына айналдыруымыз керек», дейді ол.

Шыны керек, қойылымның тақырыбына қарап, көркем шығармадан гөрі саяси науқан лебі басым көрінген. Алайда дауыс пен қимыл-қозғалыс драматургиясы, мағыналы сценография мен костюмдер қойылымды көңілді ете түскен мюзиклдің мазмұны әлдеқайда ауқымды екенін байқадық. Сонымен бірге вокал мен пластиканың өзара үйлесімі, бір сәт те тоқтамайтын тартыс пен жастық энергетикасы зал ішін кернеді. Қазақстандағы мюзикл жанрының қалыптасуы мен дамуы үшін тер төгіп жүрген талантты ұжым өздерін жаңа қырынан көрсетуге барын салып келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"