Медицина • 10 Қазан, 2017

Астанада жазасын өтеушілердің шығармашылық көрмесі өтті

797 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10 қазан – әлемде өлім жазасына қарсылық күні ретінде аталып келеді. Атаулы күнге орай Астанада халықаралық түрме реформасы (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі мен Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Бостандықтан тыс өнер» атты көрме өтті.

Астанада жазасын өтеушілердің шығармашылық көрмесі өтті

Фото: Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараның басты мақсаты – өлім жазасына балама мүмкіндіктерді қарастыру мен адам құқықтарын құрметтеу, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасының тиімділігін арттыру, ерекше санаттағы сотталғандармен қарым-қатынас әдістерін арттыру, сондай-ақ түрме қызметкерлерінің ауыр жұмысының маңыздылығы туралы халықты хабардар ету.

Көрмеде қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеушілердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды. Олардың арасында өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар да бар. Жазасын өтеушілер түрлі мазмұндағы суреттерді сала отырып, өздерінің жан-дүниесіндегі шынайы толқынысын жеткізген. Ілінген картиналар мен жүрекжарды шумақтар көбіне ана, отбасы, балаға сағыныш тақырыптарына арналған.

Түрмедегі шығармашылықтың бір мысалы ретінде Нобель сыйлығының иегері Александр Солженицыннің Кеңес Одағы тұсында лагерде қамауда отырғанда жазылған «Архипелаг ГУЛАГ» атты тарихи көркем шығармасын айтуға болады. Ал XX ғасырдағы танымал құқыққорғаушы кіші Мартин Лютер Бирмингем түрмесінде отырып хат жолдады. Америкалық рэппер Gucci Mane 2010 жылы өзінің Burrprint 2 альбомындағы кей шумақтарды түрмеде отырып, телефон арқылы жаздырған. Мұндай мысалдардың қатарына, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш қайраткерлерін де атауға болады.

2003 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өлім жазасына қатысты мораторий жариялаған болатын. Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынғанға дейін 536 өлім жазасы қолданылған. Сондай-ақ, 2014 жылы Қазақстанда өлім жазасынан толықтай бас тарту жайлы мәселелер де көтерілді. Сарапшылар сол кезде өлім жазасының криминогендік жағдайды тоқтатпайтынын айтқан еді. Сонымен қатар, олар өлім жазасына ұқсас жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолдануға болатынын айтты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда барлығы 141 жазасын өтеуші өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Елімізде Жітіқарадағы «Қара бүркіт» аталып кеткен УК-161/3 ерекше режимдегі түзету мекемесінде өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейді. Сотталушыларға қатысты зерттеу жұмысын жүргізген кезде оларға «өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығын шектеудің қайсысын таңдайсыз?» деген сауал қойылғанда, көпшілік өмір сүргісі келетінін айтқан.

Халықаралық түрме реформасы (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің өңірлік директоры Азамат Шәмбіловтің айтуынша, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар суицид жасауы, я өзіне залал келтіруі мүмкін болғандықтан психологиялық есепте тұрады. Оларға психологиялық көмек көрсетуде жаңа тәсілдер енгізу керек әрі түрме қызметкерлері, оның ішінде психолог пен психиатр қызметінің жетіспеушілігі күннің өзекті мәселесі ретінде қалып отыр.  Аталған колонияның аға инспектор-психологы, әділет майоры Светлана Щербакова қызметкерлерге әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетудің маңызы жоғары екенін жеткізді.

Қазақстан республикасындағы Еуропалық одақ өкілдігі бірнеше жылдан бері адам құқықтары мен еркіндіктері жөнінде дәстүрлі акция өткізіп келеді. Қазақстандағы Еуропалық Еуропалық одақ өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеа «қандай қылмыс жасаған адам болса да оған өлім жазасы кесілмеу керек», деген ой айтады.

«Баршаңызбен осындай маңызды шарада жүздесіп тұрғаным үшін ризашылығымды білдіремін. Еуропалық одақ өкілдігі адам құқықтарын дамыту, бас бостандығынан айыру орындарында қатаң қарым-қатынасқа тосқауыл қою бағытында жұмыс істеп келеді. Өлім жазасына кесу – адамшылыққа жатпайды әрі ақылға қонымсыз жаза», дейді ол.  

Елімізде өлім жазасы әйелдерге, кәмелет жасына толмаған балаларға және жасы 63-тен асқан адамдарға қолданылмайды. Қазіргі уақытта  75 колония мен 18 тергеу изоляторы, 178 уақытша ұстау изоляторы және әкімшілік қамау жазасына кесілген адамдар үшін 28 арнайы қабылдау мекемесі бар. 36 мыңға жуық бас бостандығынан айырылғандардың 90 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін, оның ішінде 27 пайызы адам өлтіргендері үшін, 24 пайызы ұрлық-қарлығы үшін, 10 пайызы дене жарақатын салғандары үшін, 18 пайызы есірткі таратқандары үшін, 8 пайызы адам зорлағандары үшін, 7 пайызы коррупциялық қылмыстары үшін және 6 пайызы басқа да түрлі қылмыстары үшін сотталған.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»