11 Қазан, 2017

Рухани бостандық

4425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі жастар легінің мінез қа­лыбы қатары сетіней бастаған аға ұрпақ өкілінен көп өзгешелеу. Ар­маншыл алып-ұшқан жаратылыстан гөрі ұстамды кейіптерінде өмірдің өтпелілігіне әлден-ақ бойлап үлгеріп, дүниенің мәнін терең түсінген сабырлы қариядай.

Рухани бостандық

Аға ұлттың алдында именшектеп, айбынынан жас­қанатын жағдайларды бастарынан көп өткерген сол уақыттың  ұл­дары мен қыздары жат орталардың қысылтаяң ахуалдарына сыр бермей төтеп бергенін кейде ойласаң – ерлікке барабар ерекшелік пе дейсің. 

Қазақтың қалың ортасынан шығып, орта мектепті ана тілінде бітірген бойда орысша оқуға тап келіп, мамандық атаулыны сол тілде игерудің машақаты өз алдына, тәкаппар да үстем назарға ілігіп, мойындатудың өзі бір драмалық шығармаға жүк болатындай тағдыр емес пе, қарасаң. Жазушы Қалмұқан Иса­баевтың өзіне ғана тән сарында асықпай баппен айтатын әңгімесі осындайда ойыңа еріксіз оралатыны қызық. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің атақ-абыройлары қалай өрге домалады, қазақ жауынгерлерімен өзгелер солай санаса бастаған еді дейді. «Жазғаныңыздың суы көптеу екен» деген әріптесіне «су туралы жазып отырған соң көптеу болмағанда қайтеді» деп қолма-қол жауап берген жарықтықтың  тап осы әңгімесі көз көрген көнеліктің бұлтартпас шындығы.

Дүниедегі аса қат мамандықтарды толық игеріп кетпесе де, қазақ баласының тағдыры кадет корпусына алғаш барғандағы Шоқан Уәлихановтың өмір жолын үл­кенді-кішілі жағдайда қайталаған сияқ­танады. Үлкен халық өкілдері қол­ астындағы жұртқа шекесімен қа­рағаннан бөлек – бүкіл тұтқаны қолына ұстаған олар сәл емеурін білдіру арқылы мейірім ишарасын танытатын жайсаң кейіпке енетіндей көрінеді.

«Қайтсе жеңіл болады жұрт билемекті» жете меңгерудің арқасында көбі сахнада ойын көрсетіп жүрген алуан-ал­уан амплуалы актерлардан аумайтын. Орысшаға тұтастай бетбұрудың ақыр түбі қазақты ұлттық ділінен айырып қана тынған жоқ, Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстанымдағы» Шәмілдің кепілдікке берілген ұлына ұқсап дәстүр, салт-сана, ұлт жаны ұғымынан мақрұм перзенттер толқыны «желкілдеп шыққан көкорай шалғынның» күннен күнге қанатын жая толығып, басымдық ала бастағанының тірі куәгеріміз. Табиғат ананың мезгіларалық көктем, жаз, күз, қыс секілді құбылысынан айнымай қайталанатын адам ғұмырының балалық шағынан егделік еңсерген қарттығына дейінгі жолы көзді ашып жұмғанша өте шығып, «кіруге ғана қалды көрге ендінің» ауыр ақиқаттарымен табыс­тыратынын кеш түсінуден өткен жаман нәрсе жоқ екен қарасаң. Қазақтың тұтас бір ұрпағы ұлттық дәстүрді жатырқаудың асқынған шағында дүние есігін ашып, «көрпесін қырда қымтанудың» зауал шағын толық қамтып әкететін дәуір аралығын есептеп көрсеңіз ең кемі жетпіс жыл.  Өзге ғұрыптар санамызға еркінше сіңіп, ділімізді торлап алғалы көшпенділік мәдениеттің өзгеше бітімін зерттеудің орнына жетекші идеологияның тепкіні мен екпіні арқылы  өзімізді өзіміз күлкі қылғанымызға не жорық.

Біздің солтүстік көршіміздің ғалымдары орыс менталитетінен айрылудың салдары деген мәселені ұрандата жөнелгенін көргенде түсіне алмай абдырағанымыз рас. Билік тұтқасын мығым ұстағанына орай Еуразияның алып кеңістігі жаппай орыс тілінде сөйлеп, ындын біткенді тұтастай өздеріне аударса да, ұлттық менталитетті әлсіретіп алғандарына дабыл қаққандары қолын мезгілінен кеш сермегеннің кері ме, әлде кесірі ме? Бо­йына сенем деп жүріп жыл атауынан құр қалудың жайын еске салатындай болса да, үлкен халықтың өкінішінің астары тереңде. Кішкентай ұлттарға шарапатын тигізем деп жүріп, өздерінің жағдайын ойламай құрбандыққа барғандарын тілге тиек етуден әсте жалыққан емес.

Ата салттан түпкілікті қол үзу тұ­йық­қа тіреп қана қоймай, ұлт жаны қой­масының көзін бітейтін қасіретке барабар құбылыс. Еліктеудің тап қазіргі  тоқтаусыз беталысы көшірмелік пиғылды өршітумен қатар біреудің ойы мен сөзін сыйлау мәдениетін жоғалтатын басты тетікке айналып барады. Сөйтсе де дүниені алаңсыз қамсыздық ахуалы кернеп, жаны ауырып қоймайтын пірсіздік үстемдік құратынын өмірлік тәжірибе талай мәрте көз жеткізу үс­тінде. Он сегізінші ғасырдың өзінде Ба­тыс көркем сөз өкілдері мұндай әлеу­меттік құбылысты  терең барлап, жеке отбасынан әулетке дейінгі үрім бұтақ жалғасындағы ақауларды көркем талдаған. Адамзаттың ақыл-санасы толысқаннан былай тұрақты тақырыптардың бірі саналатын осынау арна мың-сан ағымдар қозғалысының ілуде біреуі ғана уақыт сынына төтеп берсе де, қарапайым бақылаушы пендеге қисапсыз көп көрінетіні несі екен. Алыстағы мысалға жүгінбей-ақ тап қазіргі қалпымыздан аңғарылатын басты нәрсе – ұлттық мұраға деген нәзік көзқарастың жалпы көпшілікке жетімі әлсіздеу. 

Тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастасақ та, рухани толық бостандыққа жетудің жолы қиын екен-ау.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»