Білім • 11 Қазан, 2017

Бес күндік оқыту - бала тәрбиесіне мүмкіндік береді

841 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы­ Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық сананы жаңғыртудың нақты жолдары көрсетілді. Елбасы тапсыр­маларының ішіндегі ең бір жауапты үлкен міндет – жас­тарды жеке тұлға, азамат дең­гейінде тәрбиелеу және сапа­лы білім беру. 

Бес күндік оқыту - бала тәрбиесіне мүмкіндік береді

Жастардың бойын­да имандылық, патриот­тық­ қасиеттерді тиімді қалып­тастыруға 12 жылдық білімге кө­шу факторы да қомақ­ты үлес қосуы тиіс. Бұл бағытта бү­гінде республика деңгейінде нақты жұмыстар жүргізілуде.

Осы жоба іске асырылса, онда орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектеп­теріндегі оқыту деңгейіне жет­кізу және мектептердің мате­риалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі түбегейлі шешілер еді. 12 жылдық білімге көшу реформасын және стандарттарын тағы да жақсарта түсуге және қоғамның, ата-ана­лардың мүмкіндігін осы іс-шараларға белсенді қатыстыруға баршамыз мүдделі болуымыз керек. Сондықтан 1-сыныптан 6-сыныпқа, яғни 6-13 жас аралығындағы (баланың тұлға ретінде қалыптаса бастауы кезе­ңіндегі) бала тәрбиесінде ата-ана рөлін және жауапкершілігін күшейту мәселесіне байланыст­ы ұсыныстарымыз бар. 

Біріншіден, ауылдық жә­не қалалық мектептер ара­сын­дағы айырмашылықты жою. Осы ба­ғыттағы шаралар мектепке дейінгі тәрбие мен білімнен бас­­тау алуы керек. Мемлекеттік жалпы орта білім беру стандартына төмендегі толықтыруларды енгізуді қажет деп есептейміз. Яғни мемлекеттік жалпы ор­та білім беру стандартының құ­рылымына тағы бір білім беру деңгейін – мектепке дейінгі білім беру деңгейін қосу және оны Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына ресми енгізу, осы деңгейге сай нақты мемлекеттік білім беру стандартын дайындау, бекіту және оны заңды түрде өмірге енгізу керек. Сонда елімізде орта білім берудің ресми түрде төрт деңгейі анықталған және енгізілген болар еді. Бұлар – мектепке дейінгі тәрбие және білім беру деңгейі; бастауыш білім беру деңгейі; негізгі орта білім беру деңгейі; жалпы орта білім беру деңгейі. Әзірге, «Білім туралы» заңда жалпы орта білім берудің үш деңгейі ғана көрсетілген.

Мектепке дейінгі білім бе­ру деңгейін (стандартын) рәсімдеген және заңдастырған жағдайда ғана барлық мектепке дейінгі білім мекемелеріне бірдей талап қоя алатын боламыз. Мұндай талап бүгін­гі нарық экономикасы жағда­йында керек-ақ. Сонда ғана бар­лық бала бас­тауыш мек­тепке негізінен бірдей тәр­бие және білім деңгейімен келетін болады, мектептегі бастапқы білім деңгейлері негізінен бірдей болады, ал бұл өз кезегінде психологиялық тұрғыда бала­ның қатарлары арасында өзін емін-еркін сезінуіне мүмкіндік береді және білім беруде, оқытуда балабақшадан бастап орта мектеп бітіргенге дейінгі деңгейлерде бірізділік, мазмұнды сабақтастық сақта­лады.

Екіншіден, 12 жылдық оқы­тудың Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартына мына мазмұндағы пункттерді қосу керек деп есеп­тейміз. Биыл республика мек­­тептері бес күндік оқыту рег­ламентіне көше бастауы­на байланысты сенбі және жексенбі күндерін тәрбиелік бағытта ұтым­­ды пайдалану іс-шараларын енгізуі тиіс. Мы­салы, сенбі күнін міндетті түр­­де мектеп қабыр­ғасында са­ламатты өмір салты дәс­түр­лерін қалыптастыруға арнау. Ол күнді «Жақсы дәстүр күні» (басқаша да атауға болар) деп белгілеген абзал.

Бұл күні бас­тауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында өз таң­дауымен (арнаулы спорт секцияларына барып жүргендерден басқалары) жүзумен, спорттық ойын түрле­рінің бірімен, клас­сикалық және ұлттық музыка тыңдаумен, клас­сикалық және ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға үйренумен, аэробика немесе балетпен, туризм элементтерінің бірімен, басқа да (мектеп мүмкіндігіне сай) денсаулық сақтау және шынығу, мәдени сауат деңгейін жақсартатын іс-шараларымен міндетті түрде айналысуы тиіс. Арасында қазіргі компьютерлік және IT-технологиялар заманында жас жеткіншектерді кітап (бірінші кезекте классикалық және қазіргі заманғы әдеби, та­ри­хи-әдеби және ғылыми-фан­тастикалық, поэзиялық кітаптарды) оқуға бет бұрғызу іс-шаралары да қамтылса құба-құп. Сонда жас жеткіншектердің интернеттегі уақытын азайтуға нақты қадам жасалған болар еді. Бұл шараларды ғылы­ми-практикалық тұрғыда үйлес­тіруді және тоғыстыруды негіз­деуге педагогика және психология саласы, бастауыш мектеп мамандары тартылуы тиіс. Ал жексенбі күнін «Мерейлі отбасы күні» деп белгілеуге болады. Бұл күннің ең басты мақсаты – баланың ата-анамен, ата-ананың баламен мүмкіндігінше бірге уақыт өткізуін қамтамасыз ету, ата-аналарды 6-13 жас ара­лығындағы баларымен бірге демалуға және пайдалы іспен айналысуға міндеттеу. Яғни баламен бірге үй шаруасымен айналысу, бірге кітапхана, музей, көрме, театр, кино, спорт залдары сияқты мәдени орын­дарға бару сабаққа дайындалу, бизнес элементтерімен та­ныс­тыру, бірге қонақ күту және қонаққа баруға болады. Бастысы, ата-ананың жеткілікті көңіл аударуын қамтамасыз ету. Бұл күні баланың да ұсынысы, сұранысы, тілегі, көңілі еске­рілуі тиіс, яғни ата-ана өз ба­ласының тілін табуға тиісті болады. Бұл жерде қатып қалған нақты рецепт жоқ, басты міндет – әр отбасында балаға мазмұнды ұлттық дәстүр негізіндегі тәр­бие беруді жүйелі жолға қою. Отбасындағы сыйластық, ынты­мақтастық және қамқоршы бо­ла білу міндеті бойынша үлгі көр­сету керек.

Біз үшін ең қымбаты – бала. Қай ата-ана баласының жақсы азамат, тұлға болып өсуін тіле­мейді. Бірақ іс жүзінде осы аса жауапты міндетпен – баланы жүйе­лі түрде ұлттық дәстүр не­гізінде тәрбиелеу мәселесімен барлық ата-ана бірдей айналыс­пайды, қымбат уақытын бөле бермейді. Тіпті бала тәрбиесін өз міндеті деп санамайтын ата-ана да кездеседі.

Міне осындай жағдайда ата-аналардың жауапкершілігін ең болмағанда 6-13 жасқа дейінгі аралықта (балалардың психологиялық тұрғыда қалыптасуының күр­делі кезеңінде) қосымша кү­шей­те түсу мақсатында 1-6 сы­нып аралығында бүкіл оқу жы­лы бойына міндетті түрде апта­ның бір күнін «Мерейлі отбасы күні» ретінде «Білім беру тура­­лы» заңға да, Мемлекеттік жал­пыға міндетті бастауыш­ білім беру стандартының мазмұ­нына да енгізуді ұсынамыз. Бас­ты идея – баланың бойын­да кішкентай кезінен отба­сы­­лық құндылықтарды, жауапкер­шілікті қалыптастыру. Осы күнді қазақстандық брендке (өзіндік ұлттық дәстүрге) айналдыруға да болады.

Аталған мәселеге бастауыш мек­теп мамандары мен психолог­тарды тартсақ, көпшілік болып кеңессек, заман талабына сай­ сапалы тәрбие және білім бе­руде жақсы нәтижелерге жете алатынымызға сенеміз. Бұл биыл­ғы оқу жылында ор­та мек­тептің бес күндік оқу рег­ламентіне көше бастауына байланысты туындаған мәселе.
«Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының маңызды басым­дықтарының бірі – білім бе­ру. Сон­дықтан еліміздегі бі­лім бе­ру реформаларының жал­­пы мақ­саты білім беру жү­йесін жаңа әлеуметтік-эко­номикалық ортаға бейімдеу бо­лып отыр. Міне, соған сәй­кес, мемлекеттік жалпы орта бі­лім беру стандартының маз­мұнына жоғарыдағы ұсын­ған толықтыруларды енгізу өте­ қажет деп есептейміз. Біз Елба­­сының Мәңгілік Ел болуға ша­қыр­ған үндеуіне берік от­ба­сы­лық құн­дылықтарды қалып­тастыру ар­қылы үлес қоса аламыз.

Билібай МҮСІЛІМОВ, 
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті

Жамбыл облысы