Футбол • 11 Қазан, 2017

Мессидің үш голы Аргентинаны әлем чемпионатына алып шықты (видео)

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Аргентина құрамасы сырт алаңда Эквадор командасымен күш сынасты. Тартысты кездесуде «альбиселесте» ұжымы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Мессидің үш голы Аргентинаны әлем чемпионатына алып шықты (видео)

Бұл ойында есеп небәрі 38-секундта ашылды. Роберто Ордонездің пасынан кейін Ромарио Ибарра қақпашы Серхио Ромеромен жеке шығып, алғашқы голды салды. Осылайша Аргентина құрамасының әлем чемпионатына бару мүмкіндігі ақырындап азая берген еді.

Алайда, Лионель Месси бастаған ұжым жеңіске жету үшін аянып қалмады. Нәтижесінде, 12-минутта дәл осы «Барселона» ойыншысы есепті теңестіре білді. Айып алаңында Ди Марияның екі қорғаушы арасынан берген добына Месси бірінші жетіп, тоқтатпастан қақпаға дарыта білді. Тең есеп Аргентинаның әлем чемпионатына шығуы үшін жеткіліксіз болатын. Осыны қаперде ұстаған «альбиселесте» араға сегіз минут салып, Мессидің жойқын соққысымен алға шықты. Алғашқы тайм 1:2 есебімен аяқталды.

Кездесудің екінші бөлігінде Аргентина қарқынын тоқтатпады. 62-минутта есеп тағы да ұлғайды. Бұл жолы да Месси. Максимо Бангераның қақпадан тым ұзақ шығып кеткенін ұтымды пайдаланып, бойынан асыра салды.

Өз тобында 28 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасқан Аргентина құрамасы осылайша келер жылы Ресейде өтетін әлем біріншілігіне тікелей жолдама алды.