Жазғы спорт • 11 Қазан, 2017

«Түркия туры» басталды

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғатымен талайды тамсандырған Түркия – дәл қазір туризммен тыныстап тұр. Қонақтан үзілмей, ордасын құтты қылу үшін түрік ағайындарымыз «Түркия туры» веложарысын жыл сайын ұйымдастырады. Кәрі құрлықта бұл спортқа қызығатын жанкүйер көп, әрі телекөрсетілімін күллі жаһан жұрты тамашалайды. Биылғы жарысқа ат-сайманын сайлап, «Астана» велошабандоздары да ат терлетіп келіп қалды. Жарыстағы басты мақсат – жеңімпаз жейдесін кию.

«Түркия туры» басталды

Түркияда бастау алған 2017 жылғы әлемдік турдың алғашқы кезеңі Алания қаласында басталды. Бұл кезеңде велошабандоздар Кемер қаласына дейінгі 177 шақырым тасжолды жүріп өтті. Алғашқы кезеңде велоспортшылар жарысқа бой үйретіп, бір-бірін әлеуетіне сырттай бақылау жүргізетіні бар. Дегенмен, мәре сызығына 1,5 шақырым қалғанда «Астананың» төрт бірдей шабандозы үлкен күшпен алға ұмтылды. Алайда, қарсыластары да қарап қалмады. «Бора Хэнгсгрох» командасының өкілі Сэм Беннет бірінші турда шашасына шаң жұқтырмай, мәреге бірінші болып келді. Ал «Астана» командасы сапында ең жақсы нәтижені Минали Рикардо көрсетті. Ол мәре сызығын алтыншы болып кесті. Елорданың атымен сынға түсетін ұжымның қалған жігіттері тек алғашқы жиырмалықтың қатарынан көрінді.

«Астана» командасының спорттық директоры Дмитрий Седунның айтуынша, аталған жарыста жас велошабандоздарымыздың аяқ алысын байқап, командалық есепте жеңіске жетуді де көздейтіндерін айтады. «Біз әрқашан да жоғарғы көрсеткіштерге ұмтыламыз. Бес бірдей қазақстандық велошабандозды «Түркия турына» қатыстырып отырмыз. Солардың өнеріне баға береміз. Руслан Тілеубаев, Жандос Бижігітов, Никита Стальнов, Сергей Чернетцкий секілді жігіттер велоспортымыздың болашақтары. Дәл қазір осы аталған шабандоздардың сыналатын сәті. Одан бөлек, командалық есепте жеңіске жетуді де көздейміз. Әрине, күн сайынғы жағдайға байланысты мақсатты да өзгертіп тұрамыз. Мұнда тек мықтылар ғана биіктен көрінетінін естен шығармағанымыз жөн», дейді ол.

Ал «Астана» велошабандозы Дмитрий Груздев, жарыс көрігі екінші кезеңнен бастап қызатынын айтады. Сондай-ақ ол дәстүрлі «Түркия турында» жеңіске жетуді көздейді. «Екінші кезеңде таулы аймақ болады. Сондықтан да, таза спринтерлер жеңеді деп айту қиын. Алға озып шыққан шабандоздардың уақыты тым көп болса, оларды қуып жете алмайды. Демек, екінші кезең ауыр өтеді деген сөз. Дегенмен, биылғы «Түркия турындағы» басты мақсатым – жарыс жеңімпазы атану», дейді Груздев.

«Түркия турына» еліміздің «Астана» велокомандасынан бөлек АҚШ, Германия, БАӘ, Италия, Испания, Ресей, Польша, Бельгия, Бразилия және Түркияның ұлттық құрамасы секілді 13 құрлықаралық және кәсіби командалар бақ сынауда. Алдағы күндері «Түркия турының» тағы төрт кезеңі өтеді. Жарыс жеңімпазы Ыстанбұлда анықталады.

 

Ермұхамед МӘУЛЕН,

Түркиядан