Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Сочиде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес өтті

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзара уағдаластықтар одақ елдері арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсетін болады

Сочиде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес өтті

Кеңеске, сонымен қатар Армения Республикасының Президенті С.Сарг­­сян, Беларусь Республикасының Пре­зи­денті А.Лукашенко, Молдова Республикасының Президенті И.До­дон, Ресей Федерациясының Прези­денті В.Путин, сондай-ақ Қырғыз Рес­публикасының Премьер-Министрі С.Исақов пен Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия алқасының төр­ағасы Т.Саркисян да қатысты.

Кеңес  барысында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы көпжақты ынты­мақ­тастықтың түрлі аспектілерін талқылады. Ұйым қызметіне қатысты ағым­дағы мәселелер, соның ішінде ұйым­дас­тыру және қаржылық сипаттағы мәселелер қарастырылды. 
Күн тәртібіндегі маңызды мәсе­ле­лердің бірі Еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы байқаушы мем­ле­кеттердің мәртебесі туралы болды. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында цифрлық күн тәртібін жүзеге асырудың негізгі бағыттарын, бірқатар экономикалық салаларды, басқару мен ықпалдастыру үдерістерін цифрлық трансформациялауға ба­ғыт­талған бастамаларды талқылады. 
Кеңесте  айтылғандай, соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ ауқымды нарық қалыптасты, соның аясында тауар­дың, қызмет көрсетудің, капи­талдың және жұмыс күшінің еркін айналы­мы қамтамасыз етілді. Бизнес Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде ха­лық­аралық сауданың ережелері бойын­ша іс жүргізуге мүмкіндік алды. Бүгін­де дүниежүзілік экономикадағы тұрақ­сыздықтарға қарамастан, одаққа қатысушы елдерде  экономикалық өсім байқалып отыр.

Отырыста мемлекеттер басшылары, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылдың және экономикалық одақты одан әрі дамытудың бірқатар өзекті мә­селелерін талқылап, Еуразиялық эко­­номикалық комиссияның есебін тың­дады.
Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі мүше елдердің экономикасына оң әсер етіп отырғаны және интеграциялық үдеріс­терді күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев жиында қа­былданған Еуразиялық эконо­микалық одақ­тың цифрлық күн тәртібін іске асы­рудың негізгі бағыттарының маңыз­ды екенін айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­денті 2018 жылы одаққа мүше ел­дер­дің экономикасын цифрландыру жөнінде Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің арнаулы кездесуін өткізуді ұсынды.

Соңында тараптар қол жет­кі­зіл­ген уағдаластықтарды жүзеге асы­ру Еуразиялық эконо­ми­калық одақ елдері арасындағы ынты­мақ­тастықты бұдан да жоғары дең­гейге көтеруге мүмкіндік бере­тініне сенім білдірді.

Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің отырысы кезінде ұлттық парламенттерде Кеден ко­дексі туралы келісімшартты ра­ти­­фи­кациялауды сәйкестендіру және осы бойынша мемлекет ішін­де­гі про­цедураларды аяқтау ба­ры­сы сөз болды. Аталған Кеден ко­дек­­сі 2018 жылдың 1 қаң­тарында кү­­­ші­не енеді деп жоспарланып отыр. 

Алқалы жиын қорытындысы бойынша, Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ сотының жаңа бас­шы­лық құрамы бекітілді. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ сотының төрағасы болып 3 жыл мерзімге Қазақстанның өкі­лі Жолымбет Нұрахметұлы Бәйі­шев сайланды. Ол бұған дейін Еу­ра­зиялық экономикалық одақ соты басшысының орынбасары қыз­метін атқарып келген болатын. Ж.Бәйі­шев келесі жылдың басынан бастап үш жыл мерзім осы қыз­метті атқаратын болады.

Жалпы, Еуразиялық ық­пал­дастық туралы идеяның жүзеге асы­ры­луының алғашқы кезең­дерін­де Кеден одағы, содан кейін Еу­ра­зиялық экономикалық кеңіс­тік құрылды. Ал 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық эко­номикалық одақтың жұмысы бас­тау алды. Ұйым органдарын­да алғашқы жылы Беларусь Респуб­ликасы, 2016 жылы – Қазақстан, ал 2017 жылы Қырғызстан төрағалық еткенін айта кетейік. 

Бүгінгі таңда халықаралық білікті сарапшылар Еуразиялық эко­­номикалық одақтың эконо­микалық әлеуетін өте жоға­ры ба­ға­лайды. Оған мүше мем­ле­кеттер­дің жалпы экономикасының көле­мі 2,2 триллион АҚШ доллары­нан асып түседі. Қатысушы мем­ле­кеттердегі жалпы халық саны 182 миллион адамды құрайды. 

Жалпы, Қазақстан үшін эко­­­но­­микалық өсім мен оны әр­­­та­­­рап­тандырудың басты аспек­­­тілерінің бірі тасымал шығындарын азайту болып табылады. Осы орайда, Еу­разиялық экономикалық одақ аясында әріптес мемлекеттер бір-бірінің инфрақұрылымын қолжетімді ету және мем­ле­ке­т­ішілік тарифті сақтау туралы уағ­да­ластыққа қол жеткізген, соның ар­қасында Қазақстан тасымал шы­ғын­дарын азайтуға мүмкіндік алды. Сәйкесінше, қазақстандық та­уа­р­лардың сыртқы нарықтағы бәсе­­кеге қабілеттілігі де айтар­лық­тай артты. 

Қазақстанның 2016 жылы ұйым­ға төрағалық еткенін жоға­­­­ры­да айттық. Президент Н.Назарбаев­тың бастамасымен осы ке­зеңде Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одаққа басқа елдермен және шешуші ық­палдастық бір­лестік­термен ара­дағы эконо­мика­лық байланыстарын тереңдетуге баса назар ауда­рылған-ды. Ұйым қыз­метінде ха­лық­аралық байланыс­тарды күшейту жолға қойылды. Елба­сы­ның осы бас­та­масының арқа­сында бүгінгі таң­да Чили, Син­га­пур, Перу, Кам­боджа және ба­сқа да мемлекеттер­мен арада ын­ты­мақ­­тастық пен өзара іс-қи­мыл жөнін­дегі 25 мемо­ран­думға қол қо­йылған. 
Халықаралық шара соңында қатысушылар күн тәртібі маз­мұн­­ды болғанын, тақырыптар ба­­рынша жан-жақты әрі терең тал­қы­ланғанын, тиімді жұмыс атқа­рыл­ғанын атап өтті. 

Осылайша, бір күн аясында өт­кен маңызды отырыстар мәреге жетті. Сочиде қарастырылған мәсе­лелер, қабылданған шешімдер мен рәсімделген құжаттардың Қа­зақ­стан үшін де, жиынға қатысқан өзге мемлекеттер үшін де зор мәні бар екені анық.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан» – 
Сочиден (Ресей) 

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды