Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Ақтөбеде V халықаралық инвестициялық форум өтті

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні еліміздің әр қиырын­да халықаралық деңгейдегі ин­вес­тициялық форумдар өткізу үрдісі орныға бастады. Мұндағы басты мақсат – белгілі бір өңір­дің инвестициялық мүмкіндік­терін саралау мен осы тұрғыдағы тар­тымдылығын тереңдете түсу. 

Ақтөбеде V халықаралық инвестициялық форум өтті

Отандық және шетелдік қара­жаттар ел экономикасын дамытуға неғұрлым көбірек тартылса, тұтастай мемлекетіміз де солғұрлым қуатты, тұғырлы бола түспек. Қазіргі кезде Мем­лекет басшысы тарапынан жергілікті атқарушы орган­дар жетекшілеріне қойылып отыр­ған басты талаптар мен тапсырмалардың бірі де осы арнадан бастау алады. 

Бұл жөнінде ел өңірлері ара­сында Ақтөбе облысының бәсі биік тұр. Бәрінен бұрын мұн­да бизнесті дамытуға жан-жақ­ты әрі қолайлы мүмкіндіктер жасал­ғаны инвестициялық тартым­дылықтың тереңдей түсуіне оң әсерін тигізген. Өзге өңір­лер­мен салыстыра қарағанд­а облыс­та инвесторларға көрсеті­летін мемлекеттік және аймақ­тық қолдау түрлерінің көптігі де қосымша қаражаттар тарту­ға жол ашқан. Аталған фактор жа­ңа инвестициялық жобалар­дың тұсауы кесілуіне және жаңа эко­номикалық дамуды қалып­тастыруға негіз қалауда. 

Жоғарыда айтылғандай, өлке­де инвесторларды қолдаудың басты бір тетігі – «Ақтөбе» ин­дус­трия­лық аймағы. Қазір 200 гектар аумақ қажетті инженер­лік-коммуникациялық инфра­құрылымдармен жабдықталған. Оның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасқаны, оңтайлы темір жол қатынасының бойында орын тепкені тағы бір артықшылығы. Қазіргі күні индустриялық аймақтың 49 пайызы жаңа өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындар үшін пайдалануға берілген. 

Ақтөбе тек кен өндірісімен шектеліп қалған аймақтар қата­рына кірмейді. Сонымен бірге мұнда мұнай-газ шикізатын өнді­ру мен қайта өңдеу өнеркәсібі­нің үлесі жоғары. Осыған орай ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамы­ту­дың жаңа көкжиектері ашылған.

Ақтөбенің экономикалық және жағрафиялық жағынан ұтым­ды орналасуы – шетелдік және отандық инвесторларды еріксіз жетелейтін бағдаршам іспеттес. Соңғы жылдары өңірдің негізгі капиталға салынған инвес­тициялардың өсуі бойынша облыстар арасында бірінші орында келе жатуының сырын да осыдан іздеген жөн. Сонымен бірге негізгі капиталға салынған сырт­қы инветициялар көлемі бойынша да жақсы нәтиже бар. Бұған дейінгі тәжірибелер стратегия­лық шикізат өндірілетін өңірлер­де оның көлемі төмендесе, бұл жағдай тұтастай өңір экономикасына теріс әсерін тигізетінін көрсетеді. Ақтөбеде де биылғы жылдың өткен 8 айында мұнай өндіру ісі біршама төмендеген. Соған қарамастан өнеркәсіптегі өңдеу қарқыны көш басында тұр. Нәтиже 104,9 пайызға жетіп, көрсетілген межеден асып түсіпті. Ал осы мерзім ішіндегі тартылған инвестиция көлемі 130 пайызға өскен. Мұның бәрі Ақтөбенің инвестициялық тар­тымдылығы мол өңір екенінің айқын айғағы. Ақтөбеде өткізіліп жатқан «AKTOBE Invest-2017» халықаралық форумы жоғарыда айтылып өткендей, инвес­ти­ция­лық тартымдылықты терең­дете түсуге қызмет етеді. Оған қатысушылардың қата­рында Италия, Армения, Поль­ша және Тәжікстанның төтен­ше және өкілетті елшілері, сон­дай-ақ Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмір­­ліктері, АҚШ, Польша, Сло­ва­­кия және Ауғанстан секілді елдер­дің өкілдері болуы – басқосу­дың мәртебесін биіктете түседі. 

Келісті келі­сімдер арқа­сында облыста өнер­кәсіп және агроөнеркәсіптік сала­ларына қатысты біршама жобалар жүзе­ге асады деп күтілуде.
Өңірдегі ет өндірісіне қатысты осындай түйін жасаудың жөні бар. Осы орайда Иран және Біріккен Араб Әмірліктерінің өнімді сатып алуға айрықша ықылас танытуы форумның тағы бір олжасы болмақ. Форум кезінде ай­­мақтың «жасыл экономика» жо­ба­ларын түбегейлі орнықтыру мә­се­лелеріне қатысты шешімдер қабылданды. Ол ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылған жаңа технологияларды қолдану үрдістері­мен тығыз үйлесім тауып отыр. Өңірде өндірілген сапалы тауарларды шетел нарығына шығару әрі осы арқылы шетелдік қаржы салымдарын көбейту форумнан кейін атқарылатын сан-алуан істердің еншісінде. 

Форумға қа­тысу­шылар «ЭКСПО-2017: өңір­лер­дің даму серпіні» тақыры­бында өткізілген пленарлық отырысқа да қатысты. Әрі облыстағы инвестиция­лық жобалар көрмесін тамаша­­ла­ды. Сонымен бірге олар «Мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігі: тәжірибе және даму перспективалары» атты панельдік сессиядан өздеріне қажетті ой түйгендерін, тұтастай форум жұмысы толыққандылығымен ерекшеленгенін айтып берді. «AKTOBE Invest-2017» V халық­аралық форумында Үкімет мүше­лері, облыс әкімдіктерінің, қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкіл­дері, отандық және шетелдік кәсіпкерлер шоғыры бас қосты. 

Түйіп айтқанда, Ақтөбеде ин­вес­тициялық әлеуетті одан әрі көтерудің жаңа моделі барлық бітім-болмысымен көрініс тапты. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ