Аймақтар • 12 Қазан, 2017

ОҚО-дағы Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналмақ

674 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ханқорған қалашығы алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айналатын болады, бұл туралы облыстың баспасөз қыметі хабарлады.

ОҚО-дағы Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналмақ

Бұл туралы Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығында Оңтүстіктегі археологиялық тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша өткен алқалы жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Мәжіліске облысымыздағы тиісті басқарма басшылары, мамандар мен бір топ археолог-ғалымдар қатысты. Жиынның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша археологиялық тарихи орындарды дамытуды нақтылап, пысықтап алу.

Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар сәулет және археология ескерткіштерінің үлкен шоғыры орналасқан. Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып, білуде халықтың өткен тарихынан нақты мағлұмат беретін археология ескерткіштерінің алар орны да ерекше.

«Бүгін «Ханқорған» қалашығын аралап көріп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын облысымызда жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз.  Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор 1281 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер 218, археология ескерткіштерінің саны 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең – кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріуіміз қажет», - деді облыс әкімі.

Облысымызда туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең – кезеңімен іске асырылатын болады.  Бірінші кезекте Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріу жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілмек.

Алқалы жиында Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев Ханқорған қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы баяндама жасады.

Мұнан соң сөз алған «Сәулет бюро» КММ-нің директоры Бақытжан Әшірбаев облысымыздағы археологиялық тарихи орындарды қалпына келтіру, абаттандыру туралы сөз қозғады.

Жиында Түркістан қаласындағы археологиялық ескерткіштердің жай-күйі де талқыланды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археология бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев баяндап берді. 

Жиынның соңында облыс әкімі өңірдегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жөнінде сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.