Аймақтар • 12 Қазан, 2017

Атырауда «Алтын домбыра» күй байқауы өтті

786 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда Әзидолла Есқалиев атындағы дәстүрлі республикалық «Алтын домбыра» күй байқауы өтті. Домбыраны жандарына серік еткен жас өнерпаздар екі күн бойы көрерменге күй құдіретін танытты.

Атырауда «Алтын домбыра» күй байқауы өтті

ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, бүкілодақтық орындаушылар байқауының жүлдегері, профессор Әзидолла Есқалиев өкінішке қарай жақында дүниеден озған еді. Бірақ «Жақсының аты өлмейтінінің» айғағындай дүлдүл домбырашының ізін жалғайтын ұрпақтың барын осы байқау аңғартты.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған шараға жиырмаға жуық домбырашы қатысты. Ал олардың өнерлерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасы бағалады.

Күй додасының жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Соңғы кездері домбыраның мәртебесі төмендеп кетті» дейтіндерге бүгінгі күй байқауы жауап болады. Қазақ барда домбыра бар, домбыра барда қазақ бар. Әзидолла Есқалиев өнерге бір адамдай қызмет етті. Бәріне өз еңбегімен жетті, атақ пен ақша сұрамады. Ең бастысы, халқының ыстық ықыласы, ел үшін еткен еңбегінің өтеуіндей  абыройы бар»,- деп атап өтті.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының сананы жаңғыртып, азаматтарымыздың бойындағы рухты ояту, мәдениетке, дәстүрге деген құлшынысты арттыруда мәні зор. Осы бағыттағы істер облыста жарасымды жалғасын тауып келе жатыр», - деген аймақ басшысы байқаудың бас жүлдегері атанған Д.Нүрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің оқытушысы Жәнібек Жәмиевті марапаттап, бір миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Бірінші орынды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Асылбек Дәулетияров иеленсе, екінші орын осы консерваторияның студенті Ақбөкен Темір мен Д.Нүрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Ринат Ғимырановқа берілді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Әліби Нышан, Әнуар Зинеденов, Әйгерім Неталиевалар үшінші жүлдені бөлісті. Байқаудың басқа қатысушылары да елеусіз қалмады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.