Қазақстан • 16 Қазан, 2017

Стратегиялық әріптес елдер ынтымақтастығының келешегіне шолу

804 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен сәрсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырыстарына қатысқаны белгілі. 

Стратегиялық әріптес елдер ынтымақтастығының келешегіне шолу

Сочиде (Ресей) ұйымдастырылған, еліміз үшін маңызы зор бұл басқосуларда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара әріптестігінің негізгі мәселелері, Еуразиялық экономикалық кеңес шеңберіндегі көпжақты байланыстардың жай-күйі талқыланып әрі бірқатар мән-маңызы жоғары құжаттар қабылданғаны газетімізде бұған дейін жазылған болатын. Бүгін біз жоғарыда аталған басқосуларды ой елегінен тағы бір мәрте өткізе отырып, стратегиялық әріптес елдердің ынтымақтастығының келешегіне шолу жасаған едік.  

Қазақстан әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырған, беделі биік көптеген халықа­­ра­лық ұйымдардың мүшесі ре­тінде жаһандық деңгейдегі маңызды шараларға белсене қатысып келеді. Осы орайда БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК және ТМД тәрізді ық­пал­ды ұйым­дардың ең­бегін уақыт талабына сай ұйым­дас­ты­ру­дағы, олар­дың әлемдік, аймақтық қауіп­сіздік және басқа да салалар бойын­ша қыз­метін жетілдірудегі Қазақ­­стан­ның еңбегін ауыз тол­тырып айтуға болады. Әсіресе еліміз­дің ТМД ая­сын­дағы іс-қимыл­дары, ұйым­ды заман сұра­ны­сына сай дамытуға қо­сып отыр­ған үлесі айрықша.

Сочиде бас қосқан ТМД-ға мүше мемлекеттер басшы­ла­ры­ның алқалы жиынында ұйым­ның жұмысын ширата түсуге қатысты Қазақстан Пре­зи­­дентінің ілгері ниеттен туын­­даған ілкімді ойлары бар­лық қатысушылар тарапы­нан қолдау тапты. Мемлекет бас­шысы өз кезегінде мүше мем­ле­кеттер арасында сауда-эко­но­­микалық ынтымақ­тас­тық­­тар дамып келе жатқанын, бұл ба­ғыттағы жұ­мыс­тарды жалғастыра түсудің маңыз­ды­лы­ғын айта келіп, 2007 жылы қабылданған, ұйымның бас­­ты стратегиялық құжаты сана­­л­а­тын ТМД-ны одан әрі дамыту тұ­жы­рымдамасы мен оны іске асы­ру жөніндегі жос­пар­ды уа­қыт талабына сай бейімдеп, же­тіл­діру және ал­дағы кезең­дерде жүзеге асыр­ылуы тиіс ша­ралардың жоспарын түзу қа­жеттігіне баса назар аударды.

Шын мәнінде ТМД-ның саяси, эконо­микалық, гума­ни­тар­лық бағыттардағы қыз­метін үйлестіру, сон­дай-ақ қауіп­сіздік саласындағы серік­тестік мәселелерін қамтитын атал­ған тұжырымдарының ере­же­лерін уақыт сұранысына сай дайындап, қолданысқа ен­гізу ұйым үшін аса маңызды еді. Өйткені өзгермелі өмірде өзара байла­ныстарды жаңа белеске көтеру және ынты­мақ­тастықты дамыту мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарау қажет-ақ. Ол үшін ұйымның стратегиялық құжатын қайта пысықтамай болмайды. 

Алқалы жиын бары­сын­да Қазақ­стан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев мүше мем­­­ле­кеттердің өзара сауда-эко­но­­­мика­лық қатынастарын дамыта түсу үшін жаңа ресурс­тар табу қажеттігіне екпін берді. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметтер басшыларының ке­ңе­сі мен Атқару комитетіне Қыз­мет көрсетудің еркін саудасы ту­ра­лы келісім жобасы бойынша жұ­мысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсын­ды. Президенттің сөзіне қа­ра­­ғанда, ТМД аумағында қыз­мет көрсетудің еркін сауда­сы мү­ше ел­дердің сауда-эко­но­мика­лық кооперациясын жаңа дең­гейге кө­тереді. Расында, қызмет көр­се­ту­дің еркін саудасы берік орны­ғып, өз жүйесін тапса, халық­тың тұр­мыс-тіршілігіне оң ық­па­лын ти­гізбей қоймайды. Бұл өз кезе­гін­де қызмет көр­сету са­ла­сын­да­ғы бәсекелестікті артты­рып, ха­­лық­­тың сапалы әрі қолжетімді қыз­­мет­­тер түрін тұтынуына жол ашады.

Жалпы, ұйымның биылғы төр­ағасы болып табылатын Ресей жағы ұйым­дас­тырған отырыста көптеген мәселе­лер жан-жақты сөз болды. Әсіресе, қауіп­сіздік, ғарышты бейбіт мақсатта зерт­теу, мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастық мәселелеріне жеткілікті түрде көңіл бөлінді.

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшы­ларының бұл отырысында бірқа­тар халықаралық құжаттарға қол қойыл­ғанын да айта кетейік. Олар негізінен экономикалық, саяси, қауіпсіздік және мәдени-гуманитарлық салаларға қатыс­ты құжаттар болып табылады. Нақ­ты­лай айтқанда, олардың ара­сында Қыл­мыстық істер бойын­ша заттай айғақ болып табы­ла­тын есірткі заттарын, пси­хо­т­­ропты заттар мен оларды жасай­­­тын заттарды, атқыш қару, оның негізгі бөлшектерін, оқ-дәрі, жарылғыш зат­тар және жарыл­­ғыш құрылғыларды беру тәрті­­бі, ТМД-ға қатысушы мем­ле­кет­­тердің Парламентаралық Ассамб­­леясының қызметін жетіл­­діру және оны бүгінгі күнге бейім­деу, 2020 жы­лды – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғы­сын­­дағы Жеңістің 75 жыл­дығы жы­лы деп жария­лау, мем­ле­кет­тер басшылары кеңе­сінің, үкі­мет­­­тер басшылары кеңе­сінің, сырт­­­қы істер министр­лері кеңе­сі­нің және ТМД Эконо­мика­лық ке­ңе­сінің ара­сын­дағы өкілет­тік­терді ажырату, қыл­мыс­­тық жол­мен тапқан табыстар­ды заң­дас­тыруға, терроризмді қар­­жылан­­дыру мен жаппай қы­рып-жою қаруын таратуды қар­жы­­лан­дыруға қарсы іс-қимыл са­ла­­сындағы ТМД-ға қатысушы мем­лекеттердің ынтымақтастығы тұ­жы­­­рымдамасы және басқа да мә­­селе­лер қамтылған құжаттар бар.

Айта кетейік, келесі жылы ТМД-ға Тəжікстан Республикасы төрағалық етеді. Қазақстан ұйымға 2015 жылы төраға­лық еткен болатын. Ерекше тоқ­тала кетер тағы бір жайт, ТМД-ға мүше мем­ле­кет­тер басшыларының кеңе­сіне Мол­дова мен Өзбекстан респуб­лика­­ларының президенттері алғаш рет қатысты. Олардың, әсіресе, Өзбекстан басшы­сының Кеңес жұ­мысына қатысуы­нан қандай да бір нақты ой түймесек те, көрші ел басшысының бұл қадамын жақ­сылыққа жорығымыз келеді. Өйткені Қазақстан мен Өз­бекстанның жеке қаты­настары­мен қатар, халықаралық және ай­мақтық ұйымдар шеңберінде үнқатысуы қашанда маңызды.

Сонымен қатар Еуразиялық экономи­калық одақтың (ЕАЭО) бас­қару органы – Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысында да ауқым­ды мәселелер қозғалғаны белгілі. Көпжақ­ты ынтымақтастықтың түрлі аспек­тілері талқыланған жиында негізі­нен ұйымдастыру жəне қаржылық бағы­тын­дағы тақырыптар, Кеңес жанындағы бай­қаушы мемлекеттердің мəртебесі кеңірек қозғалды. 

Отырыста қатысушылар Еу­ра­­зиялық экономикалық одақтың жұмысы оған мүше елдердің дамуына тиімді жағдай жасап отырғанын, сондай-ақ, ин­тег­ра­циялық үде­ріс­терге қар­қын беру қажеттін сөз етті. Шын мәнін­де, интеграциялық үдеріс­тердің өз деңгейінде жүр­гізілуі эко­но­ми­калық қаты­нас­тарды жеңіл­дете түседі. Сол үшін жиын­да күн тәртібіне қо­йыл­ған нақты мәсе­ле­лердің интег­рация­лық үдерістерді да­мы­туға бағыт­талуы құптарлық іс болды. 

Алқалы жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев отырыста қабыл­дан­­ған Еуразиялық эконо­ми­калық одақ­тың цифрлық күн тəртібін іске асыру­дың негізгі бағыттарының маңызды екенін жеткізді. Сол үшін де Қазақстан Президенті 2018 жылы Одаққа мүше елдердің экономикасын цифрлан­дыру жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық ке­ңес­тің арнаулы кездесуін өткі­зуді ұсынды. Елбасы бұл мәсе­ле жөнінде Сочиге жасаған жұ­мыс сапа­рын қорытындылау бойынша өткізі­лген брифингте де тоқталып өтті. Нақты­лай айт­қан­­да, Мемлекет басшы­сы алдағы уа­қытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың жоспары белгілен­генін, цифрландыру мәселесіне қа­тыс­ты перспективалы бағыт­тардың айқындал­ғанын, Қазақ­стан, Ресей және Беларусь ара­сын­да осы салада бірлесе жұмыс жүр­гізу мақсатында уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Осы арада елімізде Прези­дент­тің тапсырмасы негі­зінде бар­лық салаларды цифр­лан­дыру жұмыстары қарқын алып отыр­ғаны еске түседі. Қазақстанда атқа­рылып жатқан бұл бағыттағы ша­ра­лар уақыты келгенде Еура­зиялық эко­номикалық одақтың экономикасын цифр­ландыру ісіне өзіндік мол үлесін қосады деп есептеуге болады.

Өз жұмысын ресми түрде 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастаған Еура­зия­лық экономикалық одақ­тың бүгінгі тыныс-тіршілігі оң өзгерістерге толы. Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен құрылған бұл Одақ бүгінде әлеуетін өз дең­гейінде арттырып келеді. Соңғы деректерге сүйене сөй­лесек, жал­пы халқының саны 182,7 млн адам­ды, белсенді халық саны 92,9 млн адамды құрайтын ұйымның үлкен нарыққа ие екені айтпаса да түсінікті. Инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сала­лар­ындағы табыстары да бар­­шылық. Бүгінде мүше мемле­кет­тердің ішкі жалпы өнімі 2,2 трил­лион АҚШ долларынан асып отыр. Өнер­кәсіп өндірісі 1,3 триллион АҚШ долларын құрайды. Темір жол­дар ұзындығы – 107,0 мың ша­қырым (әлем бо­йынша 2-орында). 

Міне, осындай әлеуетке ие Одақ­тың аз ғана уақыт ішінде ор­тақ нарығы қалыптасып үлгерді. Бұл өз кезегінде өнімдердің, қыз­мет көрсету, капитал жəне жұмыс күші салаларында еркін айналым орныққанын білдіреді.

Жиын соңында мүше мем­лекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың қызметін жандандырудың мүмкіндіктері мол екенін атап көрсетті.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, Елба­сы Сочиге жасаған сапары бары­сын­да германиялық іскер топ өкіл­дері­мен де кездесті. Басқосуда Мем­­лекет басшысы Қа­зақ­стан мен Герма­ния­­ның тығыз байланысы, еліміздегі эконо­микалық оң өзгерістер тұрғы­сында сөз қозғады. Сонымен бірге Елбасы Германия инвесторларын еліміздегі жекешелендіру үде­рі­сінің үшінші кезеңіне атсалысуға, «Астана» халық­аралық қаржы орталығымен ынты­мақтас­тықты дамытуға шақырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың айтуынша, тәуелсіз­дік жылдарында Германия Қазақ­станға 5 миллиард долларға жуық инвестиция құйған. Биылғы 8 ай­да екі ел арасындағы тауар айна­лы­мы 1,5 миллиард долларға өскен. 

Кездесуде Н.Назарбаев елі­міз­де тұ­рып жатқан неміс диаспо­ра­­сына қолдау көрсету жөнін­дегі өзара ынтымақ­тас­тық­қа назар аудара келіп, Қазақ­стан­да неміс капиталының қаты­суы­мен іске асырылып жатқан жоба­ларға, елі­міз басты рөл атқара­тын Еуразиялық көлік дәлізі­нің әлеуетіне байланысты әңгі­ме­леп берді. Бұдан бөлек, Прези­дент елімізде қолайлы инвести­ция­лық және іскерлік ахуалды қалып­тастыру үшін қабылданып жатқан негізгі шараларға, осы бағыттағы басты жетістіктерге екпін берді.

Қорыта айтқанда, Елбасының Сочиде өткен сапары барысында қарастырылған әрбір мәселенің еліміз үшін маңызы зор. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тіке­лей араласуымен құрылған ТМД және Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың белсенді қыз­меті еліміздің дамуына, өсіп-өркен­деуіне өз ықпалын тигізе бере­тіні сөзсіз. Өйткені бұл құры­лым­дардың жұмысында Қазақстанның стратегиялық мүдделері жатыр. Ал ол мүдделердің халқымыздың арман-тілегіне тікелей қатысты екені анық.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»