16 Қазан, 2017

Бұқаралық спорттың көсегесі қайтсе көгереді?

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз айтқалы отырған мәселенің бүге-шігесін жақсы білетін мамандар ұсынған кейбір деректерге сүйенер болсақ, бүгінгі таңда еліміздегі жастардың тек 7-9 пайызы ғана дене шынықтырумен және спортпен айналысады екен.

Бұқаралық спорттың көсегесі қайтсе көгереді?

 Бұл дегеніңіз, экономикасы дамыған елдердегі жағдаймен салыстырар болсақ, әлбетте дабыл қағарлықтай-ақ жағдай. Неге десеңіз, әлгі болып-толып отырған елдерде жастардың 60-70 пайызы спортпен тұрақты шұғылданып, саламатты өмір салтын қатаң ұстанады екен.

Жасыратыны жоқ, кейінгі он жыл мұғдарында тұрғындардың, әсіресе студент жастардың дене шынықтыру даярлығы мен денсаулығы әжептәуір төмендеп кеткен. Жоғары оқу орын­дарының күндізгі бөлімінде оқитын тепсе темір үзеді-ау деген жастардың 12-15 пайызы денсаулығына байланыс­ты арнайы топқа жатқызылыпты. Яғни шетінен әлжуаз деген сөз бұл. Өкініштісі сол, бұл студенттердің көбі президенттік сынаманы айтпағанның өзінде, ұлттық даярлық деңгейіндегі қара­пайым нормативтерді тапсыра алмайды екен.

Елімізде бұқаралық спортты дамыту жөнінде бірқатар жоба жұмыс істейді. Бірақ түптеп келгенде, осы­лардың тиімділігі сын көтермейтін жағдайда. Мәселен қазіргі уақытта біздің елімізде «Street workout» деген спорт түрі кеңінен насихатталып жүр. Тіпті таяуда Ұлттық Олимпиада комитеті басшысының тікелей бастамасымен Көкшетау, Қарағанды және Орал қалаларында осы спорт түрінің алаңқайлары ашылып, сыйға тартылды. 

Негізі, street workout – әлем жаста­рының сүйікті спорты. Оның үстіне, салыс­тырмалы түрде айтқанда, өте ар­занға түсетін спорт түрі. Ашық аспан астындағы алаңқайға дененің бұл­шық еттерін шынықтыруға арнал­ған төрт-бес қарапайым спорттық қондырғыны орнатса болды, жетіп-ақ жатыр. Қолың қалт еткенде кел де, белтемірге тартыл, швед қабырғасына өрмеле, гимнастикалық қоссырықта қолтығыңды сөгіп, қолыңды бүгіп жаз өте ыңғайлы және қолжетімді.

Бірақ арзан дүниенің артында әйтеуір бір мәселенің тұратыны бар ғой. Мәселен алты ай қысымен аты шыққан өңірлерде күн суытқанда әлгі воркаут алаңқайларына адамдардың аттап аяқ баспайтыны айдан анық. Сақылдаған сары аязда мұздай темірді ұс­тауға кім құлшына қояр дейсіз. Яғни street workout дегеніңіз жаз айла­рында болмаса, ақ қар, көк мұзда бұ­қаралық спорттың бойына қан жүгірте қоймайды.

Тығырықтан шығар бір жол бар, ол – дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін (ДШСК) салу. Бұл жоба осыдан үш-төрт жыл бұрын жақсы қарқын алып, еліміз бойынша етек жайып келе жатқан еді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта екпіні бәсеңдеп қалды. 

Жалпы, дене шынықтыру-сауық­тыру кешендерінсіз бұқаралық спортты дамытуды көз алдыңа елестету өте қиын. Денемді шынықтырамын, спортпен айналысамын деген халық арнайы спорттық кешен болмаса, айдалаға барып жүгіріп немесе секіре бермейді ғой. Спорт залдары арнайы жаттығу құрылғы-қондырғылармен жабдықталса, бір сөзбен айтқанда, қарапайым да болса қажетті жағдай жасалса, өзінің денсаулығын ойлаған саналы адам ол жерді айналып өтпес еді-ау ғой. Мұндай ДШСК-лердің шағындау үлгілері, әсіресе алыстағы ауылда, шалғайдағы ауданда көптеп салынса, саламатты өмір сүргісі келетін ағайын үшін айтып жеткізгісіз қуаныш болар еді.

Әрине, кез келген күрделі мәселенің түйінін шешетін құдырет – қаржы. Бірақ осы қаржы дегеніңіз спорт саласына аз бөлініп жатқан жоқ. Жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаржы жағынан біздің ел кез келген спорттық державамен терезе теңестіре алады. Мәселе – осы қаржының тиімді һәм әділетті түрде жұмсалуында ғой. Спорт саласындағы сыбайлас жем­қорлықтың жалаң қағып тұрғаны соншалықты, күн өткен сайын небір заң бұзушылықтар мен қылмыстық сипаты бар іс-әрекеттер әшкере болып жатыр. Мәселен, жуырда ел спортының қаржылық қара қазаны – Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясының басшысы пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Бүгінде екі ай мерзімге қамалған экс-директордың бір ғана жаттықтырушыдан алған парасының көлемі адамның жағасын ұстатады – еуро, долларын қосып есептегенде 15 миллион теңге!

Мұндай араны ашылған жемқор­лардың спорт саласының басында, облыстық басқармаларда, қала, аудандардағы бөлімдер мен мектептерде алақанын ысқылап, бұғып отыруы әбден мүмкін. Міне, осындай былықтың тамырына балта шаппайынша, бұқаралық спортты былай қойғанда, бүтіндей спорттың көсегесі көгермейді.