Қазақстан • 16 Қазан, 2017

«Жайылымдар туралы» Заң­ неліктен орындалмай отыр?

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің көп жылдардан бергі депутаты, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Жексенбай Дүйсебаев «Жайылымдар туралы» Заң­ның негізгі авторларының бірі бол­ғанын біз бұрын бірнеше рет жазған­быз. Алайда қабылданғанына жарты жыл өтсе де осы заң орындалмай жатыр. Осы­­­ған байланысты депутаттың Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таев­­­­тың аты­на жолдаған сауалын беріп отырмыз.

 «Жайылымдар туралы» Заң­ неліктен орындалмай отыр?

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Парла­мент­тің алтыншы шақырылымының үшінші сес­сия­сында Мемлекет басшысы қабылданған заңдардың орындалуын бақылау ісіне айрық­ша назар аударды. Әрине Парламент қабылдап, одан Президент бекітіп қол қойған уақыттан биліктің атқарушы тармағына жеткенше және олардың заңнамалық нормативтік-құқық­тық құжаттар қабылдағанынша әжептәуір уақыт өтетінін жұрттың бәрі де біледі. Алай­да олардың кейбірінің орындалуының шек­тен тыс ұзақ уақытқа созылып кеткеніне алаң­дау­шылық туып отыр. Мәселен, Мәжіліс депутат­тарының бастамасымен әзірленіп, ұзақ уақыт талқыланып, қайнауы жеткен өзекті мәселені заңнамалық тұрғыдан шешуге тырысқан «Жайылымдар туралы» Заңның қабылданғанына жарты жылдан артық уақыт өтсе де оның әлі күнге орындалмай жатқанына не айтуға болады? 

Үкіметтің жұмыс регламентінің талап­тарына қарасақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар заңнамалық нормативтік-құқық­тық актілерді 2017 жылдың сәуір айы­ның аяғына дейін қабылдауы керек еді. Соған қарамай жергілікті билік орын­дары ауылдық округтер мен аудандық бағы­ныс­тағы қалаларға қарайтын жерлердің арасын­дағы жайылымдарды басқарудың жоспарларын жасап, оны мәслихаттардың сессияларында бекітпегенін біліп отырмыз. Мұндай құжаттар жасалмаса, заңның нормалары орындалмайтыны белгілі. Қазір республикамызда 2548 ауылдық округ пен аудандық бағыныстағы қалалар бар, бүгінгі күнге дейін соның 175-іне ғана аталған жоспар жасалған немесе әзірлену үстінде. Бұл 7-ақ пайыз деген сөз. 
«Жайылымдар туралы» Заң ауыл тұрғын­дары арасында жайылым жетпеген­діктен талас тудырып отырған өте өткір мәселені шешіп, мал басының өсуіне жағдай туғызуына, мал шаруашылығы өндірісін арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға бағытталғанына қарамастан, осын­дай күй кешіп отыр. 

Аймақтардағы ауыл тұрғындарымен кез­десу барысында біз олардың «Жайылымдар туралы» заңды, ондағы өздерінің құқықтары мен мүмкіншіліктерін білмейтіндігіне көзімізді жеткіздік. Көптеген БАҚ та заңның орындалмай жатқанын көрсетіп жүр. 

Осы мәселелерді ескере отырып, Бақытжан Әбдірұлы, Сізден «Жайылымдар туралы» заң­ның орындалуы үшін қажетті шаралар жасауы­ңызды сұраймыз». 

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты