Әдебиет • 17 Қазан, 2017

Ән ардағы – Әсет

1621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың майталман айтыс ақыны әрі аты әйгілі әнші-композиторы Әсет Найманбайұлы 1867 жылы Қар­қа­ралы уезінің Темір болысына қарасты се­гізінші ауыл­да, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 

Ән ардағы – Әсет

Әсеттің әкесі күнкөріс қамын ойлап, оның жас шағында Семей қаласына көшіп келеді де, Әсетті Әбіш, Тәкіш деген ағайынды бай саудагерлерге қолбалалыққа жалға береді. Әсет кейін Көктұмаға (Мақаншы ауданы, Бақты ауылы) солармен ілесіп ба­рады. Әсет медреседе оқып, арабша жақсы хат таныған. Әсеттің Рысжан қызбен айтысындағы діни сұрақтарға берген жауабынан бұл анық көрінеді. «Ағаш ат», «Шеризат», «Барат қыз», «Салиха-Сәлмен», «Шаһи Ғаббас», «Жамсан» тәрізді қисса-дастандардың сюжетін шығыс әдебиеті үлгілерінен алуы да оның мұсылманша оқуды терең білгендігін дәлелдейді. Әсеттің ел арасына кең тараған «Інжу-маржан» әнінің:

Сейфіл-Мәлік-Жамалдай, бейнетіңе көнсем-ай,

Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада өлсем-ай,

– деген өлең жолдарына қарағанда, оның халқымыздың бай қазынасы ауыз әдебие­ті мен шығыс әдебиеті үлгілерін жақсы білетіндігі байқалады. Әсеттің «Фран­цуз» поэ­масын жазып, Пушкиннің атақты «Евгений Онегин» поэмасын ауда­руы­нан оның орыс, батыс классиктері шығар­маларынан да хабардар болғанын аңғарамыз.

 Ақынның халық дәстүрін сақтай отырып шығарған «Беташар» өлеңінде жаңа түскен келінге әлпештеп өсірген еліңнің, ата-анаңның сағын сындырма, шаруаға епті, ұстамды, елгезек, еңбексүйгіш бол, өсек-өтірік айтпа, ата-енеңді, ауылдың үлкен-кішісін сыйлай біл, тұнық судай таза бол, жарыңа адал, балаңа мейірімді бол деген сияқты өсиеттер айтылады. Сондай-ақ ақын өзінің «Өсиет» атты термесінде отбасы мүшелерінің бір-біріне қарым-қатынасын, өмірде тигізер пайдасын ақыл нақыл түрінде сипаттай келеді де, отбасында үлкенді кішінің, әкені баланың, ағаны інінің сыйлап өтуі ежелгі ел дәстүрі, осы жақсы дәстүрді жалғастыру бала мен келінге парыз деген ой-пікір айтады. Қартайған атаңды, ақ сүтін берген анаңды күт, оны күтсең кем, қор болмайсың, өзіңе дейінгіні сыйласаң, өзіңнен кейінгі де сені сыйлайтын болады деген өсиет уағыздалады.

 Халық дәстүрінде ғасырлар бойы дәріптеліп келген салт-сананың бірі – өлген адамды бұл дүниеден құрметтеп шығарып салу салты. Әсет ақын да­ ел дәстүрі негізінде өзінің досы, атақ­ты шешен, би Шынар өлгенде оның қазасына жоқтау жазып берген. Ол жоқтауда Шынардың ел билігін ұстау­дағы әділдігі, ағайын мен ел-жұртқа қамқоршы болуы, кедей-кепшік, жетім-жесірдің мұң-мұқтажын қорғаудағы адамгершілік қасиеттері дәріптелген.Жоқтауда тірліктегі өкпесін өлімге кешпей жаназаға келмеген Тасболат болыс пен Қанағат, Жаманкөз сияқты ағайындардың тасбауырлығы, қаты­гездігі сөз болады. «Ағайынның азары болса да безері болмас», «өкпеге қи­са да өлімге қиюға болмайды», кең дү­ние­ге сыймай айтысу, тартысу елді аздыратын, ағайынның береке-бірлігін кетіретін жаман әдет, жат мінез, одан айығайық деп, ел бірлігін уағыздайды.

 Әсет ескіше оқып хат таныған. Ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген. Оның Рысжан, Әріп, Бақтыбай, Кемпірбай, Қали, Сәмбет сияқты ақындармен айтысы көпке мәлім. Сондай-ақ Әсеттің «Салиқа-Сәлмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз» сияқты Шығыс ертегілерінің мазмұнында жазған қисса-дастандары бар. Әсет ақын Батыс классиктерінің шығармаларын да жатқа білгенге ұқсайды. Оған ақынның А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын қазақ тіліне аударуы дәлел бола алады. Әсеттің күй өнерінен де құралақан емес екендігі байқалады. Оның «Кертолғау» және «Ән шақыру» деген екі күйі бүгінгі күнге жеткен.

 Әсет шығармашылығын тереңірек зерттеу, анықтай түсу – бүгінгі ұрпақ­тың парызы. Мысалы, Біржанның «Жал­ғыз аршасы» Қытайда Әсеттің «Жай­машуағы» деп айтылып жүр.

Әсетті 1916 жылы Қараағаштағы «Ма­­мания» мектебінің 20 жылдық ашылу ­мерекесіне шақырған. Әсет ауруы себепті бара алмайтын болғандықтан:

Мерекең құтты болсын ей халайық,

Қараңғы сахарада жағылған шамға

ылайық

Мамания мектебін бүкіл қазақ

мақтан­ тұтар

Осындай мектеп-медресенің көп бо­луын патша ағзамнан сұрайық,– деп өлеңмен құттықтау хат жібереді.

Ақынның ерекше пәлсапалық ой түйіні өлер шағында өмірмен, жан жол­дасы өлеңімен, ел-жұртымен қош­тасуға арналған «Ақырғы сөз» деген өле­ңінде айтылған. «Өлеңім-өнерім» деп қастерлеп келген Әсет  ел ішінде ән шырқап жүріп, алмасты мүсәтір деп сатып алып уланып өлуін өкініш етеді. (Әсет 1922 жылы шілде айының 26-сы күні Афари деген кісінің үйінде ән салып отырып қапыда алмастан уланып өлген). «Өлмейтін адам жоқ, өлімді надандықпен ақшаға сатып алдым. Артымда өнерімді жалғастырар ұрпақ жоқ. Абайдай арттағыға сөз қалдырмай, өлеңімді, өнерімді өзіммен бірге ала кеттім», деп өкінеді.

 Ақынның арманы бұл күнде іске асып отыр. Әсет әндері көгілдір экрандар мен концерт залдарында шырқалып, тұңғыш өлеңдер жинағы 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бір айта кетерлігі, Әсет Найманбаевтың артында қалған мол мұрасын қазақ еліне жеткізуші саңлақ әнші Дәмеш Рақышев марқұм еді. Д.Рақышев Әсет бабамыздың 15-тей әнін 1959 жылы Қытай елінен Қазақстанға әкеп, пластинкаға түсірген.

 Алайда ақын мұрасын есте қал­ды­руда әлі де көп іс тындыру керек. Атап айтсақ, ақынның өлеңдер жинағы мен ­өмірбаяны туралы деректерді қайта толықтыра зерттеп, басып шығарса, әнші-сазгердің музыкалық мұраларын күйтабақтан антологиялық фонохрестоматия етіп шығарса, сондай-ақ Әсет шығармашылығына арналған конференция өткізіп, сол конференциядағы баяндамалар негізінде ғылыми-зерттеу еңбектерін жеке кітап етіп бастырса демекпіз. Әсеттің туған ауылында оған арнап ескерткіш орнату, Шығыс Қазақстан облысындағы бір музыка мектебіне ақын атын беру, Семей қаласы мен Мақаншы ауылында бір көшені оның есімімен атау, т.б. игілікті істер атқарылса, өзінің мәдени мұрасымен бір жарым ғасырдан астам уақыт ұр­пақты тамсандыра тәрбиелеп келген, халқымыздың сүйікті перзенті әнші-композитор, ақын Әсетке жасаған лайықты құрмет болар еді.

Серғазы ҚАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Білім академиясының құрметті академигі, педагогика ғылымдарының докторы,
Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық университетінің профессоры