Футбол • 17 Қазан, 2017

Нидерланд әлем чемпионатына қатыса алмайды

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Келер жылы Ресей федерациясында футболдан XXI әлем чемпионаты өтеді. Өткен аптада әлемдік футбол тойының финалдық кезеңіне қатысатын құрамалардың дені анықталып үлгерді. Дәл қазіргі уақытқа дейін әлем біріншілігіне жолдама алған 32 құраманың 23-і белгілі. Қалған тоғыз квотаның иелері қараша айының соңына дейін анықталады. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында құрамында талантымен әлемді таң қалдырған футболшылары бар командалар жолдамадан шет қалып жатса, енді бірі сенсация жасап, әлемдік додаға тұңғыш рет қатыспақшы. 

Нидерланд әлем чемпионатына қатыса алмайды

Мәселен, былтыр Францияда өткен футболдан Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, ширек финалға дейін шыққан Исландия құрамасы биыл өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Іріктеу кезеңі аясында Хорватия, Украина және Түркия секілді құрамалармен «І» тобында сынға түскен Исландия футболшылары алғашқы турда Украинамен тең ойнаса, төртінші және жетінші турда сырт алаңда Хорватия мен Финляндия құрамаларынан жеңілген. Ал қалған жеті кездесуде қарсыластарынан басым түскен. Сөйтіп өз тобында 22 ұпай жинаған аралдықтар бірінші орынмен әлем чемпионатына тікелей жолдама алды. Ал топта екінші орын алып қалған Хорватия футболшылары әлем чемпионатына қатысу үшін қосымша кездесу өткізуге мәжбүр болды.

Сондай-ақ іріктеу кезеңінде КОНКАКАФ (Солтүстік пен Орта­лық Аме­рика және Кариб теңізі мемле­кет­терінің фут­бол конфедерациясы) аймағында ойна­ған Панама футболшылары да тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл құра­­маның Ресейге баратынына әлі футбол сарапшылары мен әлем жанкүйерлері таң қалуда. КОНКАКАФ аймағындағы бесінші іріктеуде Панама құрамасы Мексика, Коста-Рика, Гондурас, АҚШ және Тринидад және Тобагомен жолдаманы сарапқа салған. Соңғы тур алдында Мексика мен Коста-Риканың әлем біріншілігіне қатысатыны белгілі болып қойған еді. Ал АҚШ футболшылары соңғы турда Три­нидад және Тобаго құрамасынан жеңіліп, үшінші жолдамадан қағылды. Ал Панама футболшылары әлем чемпионатына баратыны нақтыланып қойған Коста-Рика құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, тарихта бірінші рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында сенсация жасаған Сирия құрамасын да ерекше айтып өткен жөн болар. Елдерінде соғыс жүріп жатса да, жергілікті футболшы­лар әлем чемпионатына қатысуға бір табан жақын қалды. Азия аймағының топтық кезеңінде үшінші орын алып, қосымша жолдама үшін Австралия құрамасымен екі рет кездесу өткізді. Бірінші ойын екі құрамаға да бейтарап  Малайзия жерінде өтіп, матч 1:1 есебімен ақталды. Ал Австралияда өткен екінші кездесу драмаға толы болды десек, артық айтқандығымыз емес шығар. 90 минут бойы 1:1 есебімен тең өткен ойынның жеңімпазы қосымша таймда анықталды. Экстра таймның екінші 15 минутында сириялық футболшы Махмуд әл-Мавас екінші сары қағазбен жазаланып, құрамасын өте қиын жағдайда қалдырып кетті. Бір адам артық ойнаған Австралия футболшылары ойынның 109 минутында есепте алға шықты. Голдың авторы – Тим Кэхилл. Осы голдан кейін футбол жанкүйерлері сириялықтардың жігеріне құм құйылып, салы суға кетеді деп ойлаған болатын. Бірақ, жағдай мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Алаңда 10 футболшы болып қалса да, сириялықтар матч соңына дейін шабуылдап, Австралия футболшыларын біраз әбігерге салды. Бір соққыны қақпашы қайтарса, екінші соққы қақпа бағанына тиіп кері қайтып жатты. «Жасыл құрлықтың» футболшылары енді бұл кездесуді ұзақ уақыт естерінен шығармайтын шығар.

Осы орайда 2018 жылғы әлем чемпионатынан шет қалған құрамаларды да айта кетсек. Келесі жылы Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатына қатыса алмайды. Бұл дегеніңіз, Арьен Роббен, Гарет Бейл, Клинт Демпси, Алексис Санчес, Андрей Ярмоленко секілді футболшылардың өнерін алдағы әлем чемпио­натында көре алмаймыз деген сөз. 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатының үшінші орнын иеленген Нидерланд құрамасы бұл іріктеу сынының шешуші ойынында Швецияны 7:0 етіп жеңген жағдайда ғана қосымша кезеңге жолдама алатын еді. Ал екі құрама арасындағы кездесу 2:0 есебімен аяқталып, Нидерланд футболшылары әлем чемпионатының финалдық кезеңіне іліге алмады. Сонымен қатар 1986 жылдан бері АҚШ құрамасы бірінші рет футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен өте алмады. Америкалықтар осыған дейін 1954 және 1986 жылдары да іріктеу кезеңде топтан шыға алмаған-ды.

Сонымен әлем чемпионатына іріктеуден өткен құрамаларды рет-ретімен атап өтсек. Ресей құрамасы әлем чемпиона­тын өткізуші ел ретінде аталған турнир­ге іріктеусіз қатысады. Кәрі құрлыққа бе­рілген 13 жолдаманың тоғызын іріктеу ке­зеңінде тоғыз топта үздік шыққан құрамалар ие­ленді. Олар: Германия (қазіргі әлем чемпионы), Франция, Португалия, Сербия, Польша, Англия, Испания, Бельгия және Исландия. Ал өз топтарында екінші орын иеленген сегіз құрама (Италия, Дания, Хорватия, Солтүстік Ирландия, Ирландия, Швейцария, Греция және Швеция) Еуропа құрлығындағы қалған төрт квотаға иелік ету үшін қосымша кездесу өткізеді. Словакия құрамасы өз тобында екінші орын алса да, өзге құрамаларға қарағанда аз ұпай жи­наған. Бүгін Цюрихте қосымша кездесу өткізетін сегіз құраманың жеребе тарту рәсімі өтеді. Бірінші кездесу 9-11 қарашаға, жауапты кездесу – 12-14 қарашаға жоспарланған.

Азия аймағынан Ресейдегі дүниежүзілік доп додасына Жапония, Иран, Оңтүстік Корея және Сауд Ара­биясы барады. Ал бұл құрлықтан әлем чемпионатына бе­сінші болып кім баратыны Австралия мен Гондурас құрама­ларының қосымша кездесуінен кейін анық­талады. Африка құрлығына берілген бес жолдаманың екеуін Мысыр және Нигерия құрамалары иеленді. Қалған үш жолдаманың тағдыры 10-14 қараша аралығында өтетін соңғы турда шешіледі. Қазірше бұл жолдамадан Кот-д’Ивуар, Марокко, Тунис және Сенегал құрамалары үмітті.

Солтүстік пен Орталық Америка және Кариб аралы мемлекеттерінің футбол конфедерациясынан Мексика, Коста-Рика және Панама құрамалары әлем чемпионатына жолдама алған. Ал Оңтүстік Америкадан іріктеу кезеңдегі алғашқы төрт орынды иеленген Бразилия, Уругвай, Аргентина және Колумбия футболшылары келер жылы Ресейдегі футбол тойына баратын болды. Бұл аймақта бесінші орын алған Перу футболшылары Жаңа Зеландия құрамасымен қосымша кездесу өткізіп, әлем чемпионатына берілетін соңғы жолдаманы сарапқа салады. Матч 6 және 14 қараша күндері өтеді.

Келер жылғы футболдан XXI әлем чемпио­наты 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»