17 Қазан, 2017

Петропавлда «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесі ашылды

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің жұмысымен танысты.

Петропавлда «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесі ашылды

«Жобаның басты мақсаты – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру», деді  Құмар Іргебайұлы. Ол ұлттық құндылықтарды жандандыру бағытындағы мақаланың өзектілігін атап көрсетті. Бұл орайда студент-жастардың бойына туған жерге деген  сүйіспеншілікті дарыту аса маңызды іс.

«Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраеваның айтуынша, орталық «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және білім» мен «Рухани қазына» сияқты төрт бағыттан тұрады. Бұл салалар бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілетін болады. Олардың ішінде «дөңгелек үстел»,  конференция,  форум өткізу, зерттеу экспедицияларын, сондай-ақ, флешмобтар мен ауқымды акциялар ұйымдастыру белгіленген. Кеңсенің қызметкерлері әлеуметтік желілерді де кеңінен пайдаланатын болады.

Өңірімізде «Рухани қазына» бағыты бойынша 23 жоба жүзеге асырылуда.  «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» және «Қасиетті Қазақстан» сынды ауқымды бағдарламалар тұрғындар арасында тарих, салт-дәстүр және мәдениетке деген қызығушылықты оятуды діттейді. «Атамекен» жобасы азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, еріктілер, меценаттар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдарды жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешуге ынталандыруды көздейді.

Өңір басшысы «Атамекен» жобасы аясында өңірден шыққан танымал азаматтарды меценат ретінде қайырымдылық шараларына тарту қажеттілігіне назар аударуды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»