Үкімет • 17 Қазан, 2017

Биыл мемлекеттік меншіктегі 300-ге жуық нысан жекешелендірілді — Б. Сұлтанов

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысы аясында ағымдағы жылғы мемлекеттік меншіктегі нысандарды жекешелендіруді жүргізудің барысы қаралды.

Биыл мемлекеттік меншіктегі 300-ге жуық нысан жекешелендірілді — Б. Сұлтанов

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына барлығы 877 нысан енгізілгенін баяндады. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 нысан сатылымға қойылса, оның 291 нысаны 112,7 млрд теңге сомаға сатылды.  

Сатылған нысандардың: сату бағасы 8,3 млрд теңге болатын республикалық меншіктегі 23 нысан, сату бағасы 33,1 млрд теңгені құраған коммуналдық меншіктегі 162 нысан және сату бағасы 71,3 млрд теңге болатын квазимемлекеттік сектордың 106 нысаны. Бұдан өзге, 211 нысан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде.

Осылайша, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды есепке алғанда Кешенді жоспарды орындау ағымдағы мерзімге 74,3% құрайды.

Жалпы 2017 жылға 473 нысанды өткізу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 251 нысан сатылымға қойылды, 55,6 млрд теңге сомаға 112 нысаны сатылды. 115 нысан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша, жыл соңына дейін 107 нысанды өткізу қажет.

Нысандарды сатудың нәтижелілігін талдау нәтижелері жалпы теңгерімдік құны 96 млрд теңге кезінде 291 нысанды өткізу сомасы 112,7 млрд теңгені құрады.

Ең үздік нысандарды өткізу мәселесі бойынша 2017 жылға 24 нысанды өткізу жоспарланған, оның ішінде 20 нысан ұлттық холдингтер мен төрт нысан республикалық меншікке тиесілі. Олардың қазіргі уақытта 6-уы сатылды және 11-і сатылымға қойылды — бұл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сегіз нысаны мен «Бәйтерек» ҰБХ үш активі.

Республикалық меншіктегі ең үздік төрт нысан бойынша келесі жұмыс жүргізілуде:

«Астана қонақ үйі» АҚ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ және «Қазмедтех» АҚ нысандары бойынша — бағалау жүргізуге тәуелсіз консультанттар тартылды және қазіргі уақытта бағалау бойынша іс-шаралар аяқталып қалды;

«Астана Халықаралық әуежайы» АҚ бойынша — «Көкшетау авиакомпаниясы» АҚ қосу арқылы қайта ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде, жекешелендіру түрі бойынша ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов «Самұрық-Қазына» қорының активтерін бәсекелі ортаға беру үдерісінің тиімділігін қамтамасыз ету және оны жеделдету мақсатында «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға түзетулер енгізілді.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Бюджет кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға республикалық меншікті жекешелендіруден түскен қаражатты Ұлттық қорға беруді, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың активтерін бәсекелі ортаға беруді қарастыратын түзетулер енгізілгенін баяндады.  

Мемлекеттік органдардың ведомствоға қарасты ұйымдарды түгендеу нәтижелері бойынша мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік секторда қалатын, сондай-ақ таратылуы тиіс нысандар тізілімі жасалды. Мемлекеттік меншікте сақталатын ұйымдар тізімі 6523 ұйымнан тұрады, олардың 85%-ын әлеуметтік сала ұйымдары құрайды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар Мемлекеттік мүлік тізілімінде әрбір ұйымға «мемлекеттік меншікте тұрақты/уақытша сақтау», «тарату», «қайта ұйымдастыру», «жекешелендіру» мәртебелерін береді. Алдағы уақытта мемлекеттік меншікте сақталатын ұйымдар тізімі МЖӘ мен бәсекелі ортаны дамытуға қатысты қайта қаралады.

Осылайша, қолға алынған шаралар квазимемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіру үдерісін заңнамалық түрде жеделдетуге мүмкіндік берді, сондай-ақ МЖӘ аясында үлгілік келісімшарттар жасауға көмектесті.  

Сондай-ақ, ҚР Үкіметі отырысы барысында «ҚазАгро» ҰБХ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов, «Бәйтерек» ҰБХ төраға орынбасары Айдар Арифханов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов баяндама жасады.