Аймақтар • 17 Қазан, 2017

Оңтүстікте сегіз айда 2382 ана алтын мен күмістен алқа тақты

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында батыр аналар қатары 2382 адамға толықты. Осы жылдың сегіз айында өңірдегі 504 ана «Алтын алқа» тақса, 1878 әйел азаматы «Күміс алқа» иегері атанды.

Оңтүстікте сегіз айда  2382 ана алтын мен күмістен алқа тақты

Көп балалы аналардың саны жылдан-жылға артып келетін  Оңтүстік өңірінде бүгінгі таңда демографияға үлес қосып жүрген аналардың саны 159729-ға жетіп отыр. Оның ішінде 5618 Батыр ана болса, 23920 ана «Алтын алқа», 34806 әйел «Күміс алқа» иегері. Ал, 7928 ана І-ІІ дәрежелі Ана Даңқы орден иегері, 87457 азаматша 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар аналардың қатарын толықтырған.

Көп балалы аналар қатары бойынша көшті бастап тұрған Шымкент қаласының тұрғындары. Облыс орталығындағы аналардың саны – 19278. Шымкенттен кейінгі орында Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары. Сарығаштағы 13306 алтын құрсақты ана болса, Мақтааралда 11282 азаматша көп балалы ретінде тіркелген. Осылайша, көп балалы нәзік жандылар көшін Түркістан, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Шардара, Түлкібас, Арыс, Бәйдібек, Кентау қаласы мен Отырар, Созақ аудандарының ақ желекті, алтын құрсақты аналары жалғайды.

Оңтүстік Қазақстан облысында осы жылдың сегіз айында 50627 сәби туылған. Дүние есігін ашқан нәрестелердің ішінде 514-і егіз болса, 3-уі үшем.

Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру есебінен жаңа медициналық мекемелер салынды.Материалдық-техникалық жабдықтау жақсарды. Заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылар облыс орталығында ғана емес, аудандар мен қалаларда орнатылды. Осының нәтижесінде, өңірде ана мен бала өлімі азайып, туу көрсеткіші артып келеді.