Аймақтар • 17 Қазан, 2017

ШҚО түлектеріне облыс әкімінің 400 білім гранты бөлінеді

591 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Шетелге ағылған жастар қатарын азайту мақсатында келер жылы ШҚО әкімінің 400 гранты бөлінеді. Бұл туралы Зырян ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

ШҚО түлектеріне облыс әкімінің 400 білім гранты бөлінеді

Облыс әкімі аудан орталығы мен Бородино ауылындағы орта мектептерді аралап, оқушылармен кездесті. Білім шаңырақтарында болашақ ұрпақ қамы үшін жасалған жағдаймен танысып, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындыларын тілге тиек етті. Кездесу барысында Даниал Ахметов неге бірқатар мектеп түлектерінің таңдауы ҰБТ емес, көрші мемлекеттердің жоғары оқу орындарына түсетінін ашық айтты.

-Кейбір мектеп директорларының біліктілік деңгейлері төмен. Оны жасыру үшін балалар ҰБТ тапсырғылары келмейтіндіктерін айтады. Кейбір жылы нәтиже жоғары болмайтын шығар. Бірақ, көрсеткіштер төмен түсіп кетеді деп қорықпау керек. Ол үшін мектеп директорларын ешкім жұмыстан шығармайды, тек болашаққа үлкен сабақ болады, - деді Даниал Ахметов. – Облыс бойынша ҰБТ орташа балы 83. Өскеменнің 47 мектебінің тек бесеуі ғана жүзден жоғары балл алды. Ал Көкпекті ауданының 17 мектебінің алтауы жоғары балл жинаған.

Облыс әкімі сонымен қатар, Шығыс Қазақстанда сапалы білім беретін жоғары оқу орындары барын алға тартты. Сондықтан келесі жылы 400 білім гранты бөлінеді. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы