Аймақтар • 17 Қазан, 2017

Маңғыстауда өткен жиында газ мәселесі талқыланды

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Б. Жүсіпов журналистермен кездесу өткізді. Онда ауыл шаруашылығы саласы мен жанар-жағар май тақырыптары сөз болды. 

Маңғыстауда өткен жиында газ мәселесі талқыланды

«Соңғы  кездегі  орын  алған жанар-жағар майдың біздің облысымызға да өз әсерін тигізді. Бензиннің кейбір маркаларының жетіспеушілігі жанармай сату бекеттерінде орын алды. Әрине ол автомобильге жағатын газға деген сұранысты күрт көбейтіп жіберді. Себебі, бензин мен газды қатар пайдаланатын автокөліктер тек газды ғана пайдалана бастады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайгаз өнімдері» мекемесі көгілдір отынның бағасын 5 теңгеге арзан сатуы аталған майқұю бекеттерінде кезекке тұрған көліктердің көбеюіне әкелді.  Қазіргі күні мәселе туындамас үшін барлық шаралар қолға алынып, бақылау күшейтілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл жұмысшы тобы құрылып, қажетті мөлшерде газ жеткізілді. Газ нарығын қатаң бақылауда ұстап, болашақта газ тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті орындарға тапсырмалар берілген. Сонымен бірге, барлық газ сату станцияларындағы бағаның бірдей болуы келісілді. Бүгінде облыс бойынша барлығы 211 газ құю станциясы бар. Оның 15-і ҚазМұнайГаз өнімдері. Станциялардың 47-Ақтау, 47-Жаңаөзен, 60-Мұнайлы ауданы, 14-Түпқараған ауданы, 10-Қарақия ауданы, 27-Маңғыстау ауданы, 6-Бейнеу ауданында. Соңғы мәліметтер бойынша облыста  86 464 автокөлік (70%) газбен жүреді», – деді Б.Жүсіпов.

Сонымен қатар, Бекмұрат Жүсіпов ауыл шаруашылығы саласына да кеңінен тоқталды. 2017 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8924,2 млн. теңге, оның ішінде егін шаруашылығында 1866,1 млн. теңге, мал шаруашылығында  7040,9  млн. теңге болды. Ағымдағы жылдың 1 жарты жылдығында 6406,6 тонна - ет, 5193,3 тонна - сүт, 3462,5 мың дана - жұмыртқа, 10500 тонна - ұн өндірілді деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.   

Мал шаруашылығы бойынша өсім байқалған. Мәселен, ірі қара мал – 17671 (17,6 %), қой-ешкі – 394253 (10,4 %-ға), жылқы – 6838 (13,5%), түйе – 56667 (12,3%) артқан. Құс – 28949 бас, (2,1%) өскен.      

Маңғыстау облысында егін алқабы  2017 жылы 1100 га. болды. Оның ішінде: жылыжайлар кешендеріндегі егіс алқабы - 20,0 га., ашық топырақтағы егіс алқабы - 1080 га. 2016 жылы 10942,8 тонна көкөніс және бақшалық өнімдер өндірілді. Биылғы жылы 11500 тонна межеленіп отыр.

Жайылымды суландыру бойынша 30 құдық қазу жоспарланған. Бүгінгі таңда 25 қазылды. Оған 126 млн. теңге субсидия бөлінді. Жалпы, мал өнімділігін арттыру бойынша субсидия 80 млн. теңге, инвестициялық субсидия 260 млн. теңге қарастырылған. Облыс бойынша ауыл шаруашылық малдарын өсіру және өнімін өткізу бойынша 13 кооператив құрылған. Ауыл шаруашылық бағытында 12 жоба іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 8 млрд. 358 – жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы